Жаңалықтар

Бішкектегі «Барселона» аңыздарымен матч. Сарапшылар не дейді?

Бішкектегі «Барселона» аңыздарымен матч. Сарапшылар не дейді?
Фото: 24.kg 31.08.2023 10:00 1001

 Бішкек қаласында «Барселона» мен Азияның аңыз ойыншылары арасында футболдан жолдастық кездесу өтті.  Әлемдік жұлдыздар келген матчқа Астанадан El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі арнайы барды.

Кездесу Бішкектегі Долон Өмірзақов атындағы стадионда өтті. Әу баста бұл кездесуге 2005 жылғы «Алтын доптың» иегері, әлем чемпионы және Чемпиондар лигасының жеңімпазы Рональдиньо келуі тиіс болған. Бірақ дәл матч қарсаңында оны алаяқтық ісі бойынша ұстап, Бразилиядан шығармай қойды. Сөйтіп, Рональдиньоны күткен жанкүйерлердің көңілі түсіп кетті. Дегенмен, басқа жұлдыздар да болды. Атап айтсақ, Хесус Ангой, Жулиано Беллетти, Эдгар Дэвидс, Карлес Пуйоль, Роберто Гайосо, Йон Андони Гойкоэчеа, Хавьер Савиола, Лудовик Жюли, Джовани дос Сантос, Роджер Гарсиа, Ривалдо, Хофре, Сержи Роберто, Альберт Хоркера, Хуан Пабло Сорин, Франческо Коко секілді жұлдыздар болды.

Мысалы, Ривалдо 1999 жылғы «Алтын доптың» иегері,  әлем чемпионы, Чемпиондар лигасының жеңімпазы. Карлес Пуйоль да үш рет Чемпиондар лигасында топ жарған. Әлем және Еуропа чемпионы. Сол секілді Людовик Жюли, , Йон Андони Гойкоэчеа , Жулиано Беллетти де «Барселона» сапында клубтық футболдағы ең үлкен табысқа қол жеткізгендер.

Айтпақшы, осы кездесуде Қазақстаннан 4 футболшы өнер көрсетті. Олардың арасында қақпашы Давид Лория, қорғаушылар – Игорь Авдеев пен Самат Смақов және жартылай қорғаушы Андрей Карпович бар.

Давид Лория бірінші таймда Орталық Азия аңыздарының қақпасын күзетті. Ол өз қақпасына екі гол жіберіп алды.

Егер дайындалсам, кез келген допты қайтарар едім. Спорттық карьерамды аяқтаған соң, қақпаға тұрған емеспін. Тек бірнеше рет осында шоу-ойындарға қатыстым. Қақпа күзеткенде толық күшті салып, іске кірісу керек, - дейді Давид Лория.

Оның айтуынша, Самат Смақовтың жас кездегі кумирі Ривалдо болыпты. Сондықтан оған қарсы бар күшін салып ойнаған екен.

Самат Ривалдоның жеке фанаты. Ойыншы ретінде қатты жақсы көреді. Бүгін өзі Ривалдоға қарсы ойнады. Бразилиялық мүлдем адымын аштыра қоймады. Сондықтан Смақовтың көңілі көтеріңкі деп ойлаймын, - дейді қақпашы.

Бішкектегі «Барселона» аңыздарымен матч. Сарапшылар не дейді?

Ал осы ойынға журналист ретінде барған комментатор, Қазақстан футбол федерациясының президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен матчта мұндай есептің тіркелуі заңдылық деп отыр.

Матчтың қортынды есебі – ол заңдылық. «Барселона» аңыздары бір бас жоғары екендерін дәлелдеді. Бұл ойын осы құраммен 15 жыл бұрын болғанда мүмкін матчтың есебі менің ойымша 7:0 болып, «Барселона» аңыздарының пайдасына шешілетін еді, - деді Ермұхамед Мәулен.

Одан бөлек, спорт сарапшысы Орталық Азия футбол аңыздарының бекітілген құрамына қатысты да өз ойын айтты.

Орталық Азияның ойыншыларының кейбірі бірін-бірі танымайды.  Әрине, Өзбекстан, Қырғыстан, Қазақстан және Тәжікстаннан келген футболшылар бұрыннан аралас-құралас. Ұлттық құрама, клубтық деңгейде талай рет жолыққан. Кейбірі Қазақстанда да доп тепкен Ал Иранның ойыншылары не үшін құрамда болғандығын мен түсінбедім. Олар парсы тілінде сөйлейді. Түсінісу қиын болды. Ойындары да керемет деп айта алмаймын, - дейді комментатор.

Бұл матчта  ирандық Ходадад Азизи және БАӘ өкілі Башир Саид жасыл алаңға шыққан еді.

Бішкектегі «Барселона» аңыздарымен матч. Сарапшылар не дейді?

Матч алдында сөз сөйлеген С.Жапаров қырғызстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Джалал-Абадта ашылған «Барселона» академиясының жаңа жұлдыздарды тәрбиелеп шығаруға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Президент сондай-ақ Бішкекте де осы клуб академиясының іргесі қаланғанын хабарлады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға