Жаңалықтар

Біржан Бәзілжанов: «Жамбыл шығармашылығын насихаттауда аянып қалмаймыз»

Дәстүрлі әншімен сұхбат
Біржан Бәзілжанов: «Жамбыл шығармашылығын насихаттауда аянып қалмаймыз»
Фото: © El.kz 03.03.2021 16:49 5545

 

Біржан Бәзілжанов: «Жамбыл шығармашылығын насихаттауда аянып қалмаймыз»

28 ақпанда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толды. Елімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ақынның мерейтойын ресми түрде мерекелеу басталды. 22 ақпан күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы алғашқылардың бірі болып ақын шығармашылығына арналған концерт берді. Осы орайда филармония солисі, дәстүрлі әнші Біржан Бәзілжановпен сұхбаттасқан едік.

06905a39-02ec-4915-b35a-185ac6f3500a.jpg

 

Біржан Сәрсенқожаұлы – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Ол 1991 жылы 12 маусымда Алматы облысы Кеген ауданы Тасашы ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. 2013 жылдан бері 85 жылдық тарихы бар филармонияда жеке орындаушы болып қызмет атқарады.

 

- Биыл еліміз үшін айтулы жыл болмақ. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, сонымен қоса XX ғасырдың Гомері атанған Жамбыл атамыздың 175 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жұмыс істегендіктен міндетті түрде барлық шараның басы-қасында жүретініміз анық. Айта кетсем, 22 ақпан күні Алматы қаласында ҚР Мәдениет қайраткері Ержан Әлімбетов екеуіміз концерт бердік. Бірақ бұл мерейтойдың шымылдығы ғана. Филармония сонымен қатар наурыз айында өтетін Жамбыл шығармашылығына арналған үлкен концертке дайындалып жатыр. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Жамбыл ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау, бет-бейнелі, аса зор алып құбылыс. Оның бірі – өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп баға берген. Осынау сан қырлы тұлғаның әндерін нақышына келтіріп шырқау да оңай емес. Өйткені ән арқылы Жамбыл болып сөйлейсің, Жамбыл болып күйінесің, Жамбыл болып арқаланасың. Осы өткен концертте жыр алыбының «Угәй-ай», «Алғадай», «Ақындарға арнау» атты әндері мен замандастарының, шәкірттерінің, атап айтқанда Кенен Әзірбаевтың туындыларын орындадым. Ал әріптесім Ержан Әлімбетов көрерменге «Ұлы Отанға», «Керзаман», «Өтті-ау дәурен» және тағы өзге күйлерін тартып берді. Концертке Гүлниза Жұмажанова, Асылай Апенова сияқты халықаралық конкурстардың лауреаттары қатысты. Кешке арнайы шақыртумен келген қонақтарымыз – Жамбыл күйлерін жеткізуші Дүйсенбай Шаштайұлы, шығармашылығын зерттеуші Айнұр Қазтуғанова, белгілі актриса Жұлдызай Дүйсенбиевалар оң бағасын беріп, алғысын жаудырып кетті. Сондай-ақ концертке жиналған халық та ризашылығын білдіріп, қошеметтеріне бөлеп, көңілімізге жылу сыйлады. Жамбыл бабамыздың 175 жылдық мерейтойы бізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Ендігі мақсат – алдағы концертімізді жоғары деңгейде өткізу. Жамбыл шығармашылығын насихаттауда филармония әртістері аянып қалмайды дегім келеді, - дейді дәстүрлі әнші.

 

Әңгімеміздің ауанын кейіпкеріміздің балалық шағына, өскен ортасына қарай бұрдық. Әке тегімен, ана сүтімен дарыған өнердің қадіріне жете білген әнші, өзіне қойылған «Біржан» есімін аманат деп есептейді.

 

- Кез келген адам үшін естен кетпейтін кезеңі – ол, әрине, балалық шағы. Мен жастайымнан өнерге жақын болып өстім. Бұл өнер маған әкемнің қанымен, анамның ақ сүтімен дарыған шығар деген ойдамын. Әкем Сәрсенқожа өңірімізге жыр-термелерді орындаумен аты шыққан кісі. Ал анам Нұрлыхан мектепте ұстаздық қызмет атқарған. Сахнаға шықпаса да, кішігірім отырыстарда сызылтып әнін шырқап отыратын. Есімді білгелі домбыраға қатты құмартып, өз бойымнан үлкен аспапты қолға алып, дыңғырлатып, «білместің күйі таусылмас» дегендей тартып отыра беретінмін. Мен әкемнен жастайымнан ерте айырылдым, алайда әлі күнге ол кісінің құйқылжыта орындаған жыр-термелері құлағымда сайрап тұрғандай. Үлкен әкем, яғни әкемнің ағасы тебіренте күй шерткенде тыңдарманын бауап алатын. Мен отбасымыздағы бес ұлдың кенжесімін. Бесеуміздің ішінде әкемнің «Біржан» деп есім беруінің өзі, маған артқан үміті, аманаты деп санаймын. Әкемнің ізін жалғастыру мақсатында 7 жасымда әкемнің орындауындағы термені айтып алғаш сахнаға шыққанмын. Міне, содан бері домбырам – менің жан серігім, - дейді өнер иесі.

 

e355189c-4817-473c-ada2-eb51a5f3314d.jpg

 

Біржан Сәрсенқожаұлы өмірлік серігімен де өнер жолында табысыпты. Бүгінде бір ұл, бір қыздың әкесі өскен ортасындағыдай көпбалалы отбасыға айналуды армандайды.

 

- Құдай қосқан өмірлік жарым Асылаймен осы өнер жолында танысып, отау көтердік. Өзінің сүйіп таңдаған жетіген аспабында ойнап, мамандығын жалғастырып, Алматы облысы Жамбыл аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде қызмет атқарып жатыр. Менің ойымша, екі өнер иесінің бас қосуы керісінше керемет байланыс. Себебі өнер адамын өнер адамынан артық ешкім түсіне алмайтын шығар. Кез келген тақырыпта әңгімеміз жарасады. Шығармашылық туралы, алдағы жоспар-мақсаттарымыз жайлы ойымызды ашық айтып, бір-бірімізді қолдап, толықтырып отырамыз. Міне, осылай қол ұстасып, өмір мен өнер айдынында бірге жүзіп келеміз. Қазір екі балапанымыз – ұл мен қызымызды өсіріп отырмыз. Оларды өз отбасымда естіп, түйсініп өскен қағидалармен тәрбиелеп келемін. Әкем мен анамнан бөлек біз әжеміздің тәрбиесін көріп өстік. Әжем балиғат жасына толғаннан бес уақыт намазын қалдырмай, арабша хат таныған жан. Кішкентайымыздан бойымызға имандылықты, ар-ұятты сіңіріп, ешкімнің ала жібін аттамауды құлағымызға құйып отыратын. Ата-анамыз Тәуелсіздік алған жылдардағы тоқырау, қиындыққа мойымай, маңдай терімен еңбек етіп, бесеумізді бағып-қақты. Көпбалалы отбасының балалары көпшіл болады дегендей, біріміздің киімімізді біріміз киіп, бір-бірімізді жетектеп, ер жеттік. Қазір Аллаға шүкір кеңшілік заман, әрқайсымыз үйлі-күйлі болсақ та, күніне бірнеше мәрте телефонмен сөйлесіп, бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Сондай көпшілдік, бауырмалдық балаларымның да бойынан табылса деймін. Әкелік тәрбиемнің жемісін уақыт өз еншісінде көрсете жатар. Алла ұрпағымызды салиқалы, иманды етсін! – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

 

Дәстүрлі әншілер жайлы сөз болғанда, әнші емес, «дәстүрлі ән мектебінің өкілі» деп атағанды естиміз. Өзін Арқа мектебінің өкілі санайтын Біржан Сәрсенқожаұлы ұлттық ән өнерінің бүгінгі жай-күйіне тоқталды.

 

- Дәстүрлі ән өнері өңірлік ерекшеліктеріне қарай Арқа, Сыр, Батыс, Маңғыстау, Жетісу, Алтай-Тарбағатай сияқты бірнеше мектептерге бөлінеді. Солардың ішінде кешегі Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырайлар қалдырған шоқтығы биік кең диапазонды әндерімен өзгешеленетін – Арқа әншілік мектебі. Мен осы Арқа мектебі бойынша ұстаздарымнан білім алып, алдыңғы буын ағаларымның ізін жалғастырып келемін. Өзім жер жәннаты Жетісудың баласы болғандықтан, ес білгелі естіп өскен туған өңірімнің ән-жырлары да репертуарымда жеткілікті. Әрине, дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген әрқайсымызға жүктелген жауапкершілік жеңіл емес. Өйткені бірнеше ғасырдан жеткен әнді өз ғасырымызда бұзбай айтып, келесі ұрпаққа аманатпен жеткізуге тиіспіз. Бір қуантарлығы, бүгінде кәсіби дәстүрлі ән өнері жүйелі жолға қойылған. Қазақстан бойынша барлық музыкалық мектепте, музыкалық колледжде, арнайы жоғары оқу орындарының бакалавр және магистратура бөлімінде қаншама жылдан бері мамандарды дайындап келе жатыр. Аталған оқу орындарынан жыл сайын жүздеген жас дәстүрлі өнерді дәріптеуші мамандар түлеп ұшады. Ендігі толғандыратын мәселе – дәстүрлі өнерді жалғастырушы ұрпақтың болмай қалуы емес, сол дәстүрлі өнерге өмірін арнауға бел буған жас мамандардың қоғамнан өзінің орнын дұрыс таба алуы, - деп атап өтті Біржан Сәрсенқожаұлы.

 

Дәстүрлі әншінің бүгінгі жетістігі үшін ұстаздарына айтар алғысы шексіз. Осы себепті «әр адамның өмірлік таңдауы ұстаздың салған сара жолына байланысты» деген пікірде. Сонымен қатар өзі де бойдағы өнерін өзгелерге үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүр.

 

- Қара да, хан да ұстаз алдынан өтетіні белгілі. Аллаға шүкір, ұстазға кенде емеспін. Сол дәріс алған ұстаздардың әрқайсы мен үшін бір «шың» деп есептеймін. Менің үлгі тұтар тұлғам, алғаш қолыма домбыра ұстатқан – әкем Сәрсенқожа. Ал кәсіби әншілікке бет бұрып, академия студенті атанған шағымда Қанат Құлымжанов, Абзал Қуанышұлы, Ерлан Рысқали, Ардақ Исатаева, Рамазан Стамғазиев сынды тұлғалардан дәріс алып, кәсіби біліктілігімді шыңдап, үлкен өнер әлеміне аяқ бастым. Әрине, ұстаздық жол – ұлы жол. Мен Алматыдағы Мұқағали атындағы №140 гимназияда біраз уақыттан бері ұстаздық қызмет атқарып келемін. Онда музыка пәнінен сабақ беремін. Алдымнан күніне шамамен 150-ге жуық шәкірт өтеді. Көп кісілер «Күніне осынша баламен шаршап мектепте отырғанша, неге толық шығармашылыққа немесе кәсіби білім беретін өнер ордаларына кетпейсің?» деп жатады. Ал енді қараңыз, біз, әсіресе дәстүрлі өнер өкілдері «қазіргі қоғам дәстүрлі музыканы тыңдамайды, қоғамның деңгейі той әндерінен ары аспай қалған» деген пікірді көп айтамыз. Сол мәселені бейнебаян түсіріп, танымалдығымыз арқылы шешеміз деп ойлау қате. Әрбір өнер адамы шығармашылығын дамытып отыруы керек. Алайда ол мәселені түбегейлі шешпейді. Адамның эстетикалық талғамы мектеп кезінен, әсіресе бастауыш сынып кезеңінде жақсы қалыптасады. Арнайы қызығушылығы бар ата-аналар ғана балаларын үйірмелерге, музыка мектептеріне, өнер орталықтарына апарады. Ал жалпыға ортақ бағыт беретін құрал – әлбетте музыка пәні. Өз сабағымда балаларға халық композиторлары мен халықтық ән-күйлердің шығу тарихы, ұлттық өнеріміздің құндылығы туралы ақпараттар беріп, ұлттық аспаптарымыздың түр-түрін ұстап көрсетіп, үнімен таныстырып отыруға тырысамын. Әр баланың ұлттық өнерге деген қызығушылығын, еліне деген сүйіспеншілігін оята алсам, бір мақсатымның орындалғаны. Ал дәстүрлі ән үйренемін деушілер өзіме келіп, жеке сабақ алып тұрады. Осылайша бар білгенімді шама-шарқым жеткенше үйретіп жүрген жайым бар, - дейді кейіпкеріміз.

 

Біржан Сәрсенқожаұлы жеке шығармашылығы туралы да сөз қозғады. Дәстүрлі әнші бес жыл бұрын республика көлемінде есеп беру кешін өткізіп үлгерген. «Мен – қазақпын!» атты концерті Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған.

 

- Шығармашылық кешім белгілі композитор Кентау Назарбектің «Мен – қазақпын!» әнімен аталды. Жеке концерт беру оңай дүние емес, жауапкершілігі де орасан. Сол концертіңе бірі шынайы қолдау білдіріп, жанашырлық танытып, өнеріңді бағалап келсе, енді бірі сынау үшін келеді. Ел алдында есеп беру арқылы шыңдала түстім. Бәрі ойдағыдай өтіп, концерт кейіннен ұлттық арнадан көрсетілді. Қазіргі таңда дүйім жұртқа танымал болып кетпесем де, өзіміздің ұлттық өнерімізді шама-шарқымша дәріптеп, өнерімді бағалайтын өз тыңдармандарымды қалыптастырып келе жатқан жайым бар. Сонымен қатар шығармашылығым да өз деңгейінде, қарқынында жүріп жатыр. Әр жарты жыл сайын филармонияда түрлі тақырыпта есептік концерттер өткізіп тұрамыз. Карантин уақытында да үнемі онлайн-концерттер беріп отырдық, әртүрлі түсірілімдер болды. Пандемия бәрімізге оңай соқпады. Жақындарымыздың, барша қазақтың амандығын тілеп, тәртіпке бағынып үйде отырдық. Сонда да жұмысымыз тоқтамай, онлайн форматта болса да домбырамен ән шырқап, тыңдарманға жақсы көңіл күй сыйладық. Ал қазір көрерменмен қайта қауышып, ерекше құлшыныспен жұмысымызға қайта оралдық, - дейді Біржан Сәрсенқожаұлы.

 

Еліміз Тәуелсіздігін алған жылы дүние есігін ашқан өнер иесі айтулы мерекеге орай көрерменге үлкен сый дайындап жүр екен.

 

- Тәуелсіздік – тәңірдің берген теңдессіз сыйы екені белгілі. Ата-бабамыздың дұға-тілегімен, қаншама боздақтардың ерлігімен келген егемендігімізге ордалы 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздікпен қатар дүние есігін ашу бақыты менің де маңдайыма жазылған екен. Мен үшін бұл зор бақыт. Алла қаласа Тәуелсіздікке тарту ретінде үлкен көлемде жеке концертімді өткізу жоспарда бар. Тек еліміз бұрынғыдай жайма-шуақ кезеңге оралып, концерт залдары барша жұртқа есігін айқара ашып тұрса деймін. Біз Тәуелсіздіктің арқасында бодан болмадық, ешкімнің алдында бас имедік. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! Ұрпағымыз бақытты да, баянды ғұмыр кешіп, ұлттық өнеріміз асқақтай берсін! – деп Біржан Сәрсенқожаұлы ақжарма тілегін айтты.

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға