Жаңалықтар

Бірқатар зертханалар мен сертификаттау органдары аккредиттеу құқығынан айырылды

Бұл туралы Техникалық реттеу және метрология комитеті мәлім етті
Бірқатар зертханалар мен сертификаттау органдары аккредиттеу құқығынан айырылды
Фото: ortcom.kz 03.11.2022 14:49 1454

ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аумақтық департаменттердің биылғы жылдың 10 айындағы мемлекеттік бақылауының негізгі қорытындылары туралы айтты, деп хабарлайды El.kz

Төрағаның айтуынша, жыл басынан бері аумақтық департаменттермен мемлекеттік бақылауға алынған іс-шаралардың саны мыңнан астам тексеруді құрады. Оның ішінде 865 жағдайда бұзушылықтар анықталған.

 «122 ұйғарым берілді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша 155 қаулы шығарылды. Әкімшілік айыппұлдар сомасы 140,6 млн. теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 77% - ға жоғары», - деді Қуаныш Елікбаев.

Сондай-ақ 70 аккредиттеу субъектісі тексерілді, оның ішінде 39 субъектіде бұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде 6 айға бірнеше зертханалар мен сертификаттау органдарында төрт аккредиттеу аттестатының қолданылуы тоқтатылды. Сондай-ақ оларға 2,4 млн.теңгеге айыппұл салынды. Айта кетейік, олардың бір бөлігі заңды құқығын пайдаланып, шешімді сотта даулап жатыр.

Департаменттер 570 зергерлік бұйым сатушыларға қатысты бармай профилактикалық бақылау жүргізді. Оның ішінде 458 жағдайда бұзушылықтар анықталды, бұл 80 пайызды құрайды.

«Яғни бұл сатушылар сынақтан, талдаудан және таңбалаудан өтпеген тауарларды сатқан. Сонымен қатар Қазақстан таңбасы жоқ, Қазақстанда сынамасы расталмаған зергерлік бұйымдарды сатты", - деп атап өтті төраға.

Биыл Көлік прокуратурасының ұсынысы бойынша департамент басшыларының Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша ҚР аумағында көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктердің қолданылуын жою туралы шешімімен 413-і жойылды және берілген көлік құралы үлгісіндегі мақұлдаулар мен куәліктердің бірыңғай тізілімінен шығарылды.

«Бұзушылық қозғалтқыштардың шығарылған жылдары мен көлемінің сәйкес келмеуі болды. Материалдар автомобильдерге қатысты шаралар қабылдау үшін ҚР ІІМ Автокөлік полициясы комитетіне және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне кедендік баждар айырмасын есептеу үшін берілді», - деді Қуаныш Елікбаев.

Сонымен қатар Комитеттің ұйғарымымен заңсыз ресімделген 57 сәйкестік декларациясының және 63 сәйкестік сертификатының Қазақстан Республикасының аумағындағы әрекетінің күші жойылды. Мысалы, Қырғызстандық әріптестермен жұмыс нәтижесінде осы елдің сертификаттау органы тұрмыстық техникаға берген 12 сертификат күшін жойды.

Брифинг барысында Қуаныш Елікбаев мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жұмыстары нарықта айналымдағы өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соның ішінде сұр сертификаттармен күрес те күшейгенін мәлімдеді.

Комитет төрағасы журналистерді қызықтырған барлық сұрақтарға да жауап берді. Айта кетейік брифингке 15-тен астам БАҚ өкілі қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға