Бірнеше банктен қарызыңыз бар ма? Енді оны бір өтінішпен реттеуге болады

 El.kz
Фото: El.kz

Қазақстанда тұтынушылық кепілсіз кредиттер бойынша берешекті реттеуге арналған Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы жұмысын бастады. Жаңа сервисті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп әзірледі. Платформа 2026 жылғы 1 шілдеден бастап банк және микроқаржы омбудсмандарының қатысуымен медиация тәртібі арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.

Жаңа сервис қандай мүмкіндік береді?

Finkelisim.kz бірнеше банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік алдында кепілсіз тұтынушылық кредиті бойынша берешегі бар азаматтарға арналған. Бұған дейін әрбір кредиторға жеке өтініш беру қажет болса, енді барлық берешекті бір өтініш арқылы реттеуге болады.

Ұжымдық реттеу рәсімі қарыз алушы үшін тегін жүргізіледі. Тек медиатордың қызметі ақылы. Дегенмен 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін бұл шығынды банк және микроқаржы омбудсмандары өтейді.

Платформа қарыз алушының барлық кредитор алдындағы берешегі туралы мәліметтерді автоматты түрде жинайды. Соның негізінде берешекті өтеудің бірыңғай кестесі жасалады. Жалпы азаматтар үшін төлем мерзімі 5 жылға дейін, ал әлеуметтік осал топтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Өтініш беру үшін қандай талаптар бар?

Платформаға жүгіну үшін азаматтың кемінде екі кредитор алдында 90 күннен асқан мерзімі өткен берешегі болуы керек. Сонымен қатар қарыздың жалпы көлемі 150 АЕК пен 1600 АЕК аралығында болуы тиіс. 2026 жылғы есеп бойынша бұл 648 750 теңгеден 6 920 000 теңгеге дейінгі сома.

Сондай-ақ берешек бойынша сот актілері, нотариустың атқарушылық жазбалары немесе мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары болмауы қажет.

Платформаға енгізілмейтін берешектер

Платформа ипотекалық қарыздарға, автокредиттерге, кәсіпкерлік мақсатта алынған банк қарыздары мен микрокредиттерге қолданылмайды. Сонымен қатар алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер, әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтарға төлемі кейінге қалдырылған қарыздар, бұрын медиация арқылы реттелген берешектер және банкроттық рәсіміне енгізілген қарыздар да бұл жүйеге енгізілмейді.

Өтінішті қарау тәртібі

Алдымен азамат платформада тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Кейін берешекті реттеу туралы өтініш береді. Жүйе кредиттік бюроның деректері арқылы өтініш иесінің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.

Егер барлық талап орындалса, жүйе кредиторларға сұраныс жіберіп, берешек көлемін нақтылайды. Осыдан кейін қарыз алушыға омбудсман шешімі, бірыңғай төлем кестесі, медиатормен жасалатын шарт және медиативтік келісімдер ұсынылады.

Бұл құжаттарға 72 сағат ішінде қол қою қажет. Қол қойылғаннан кейін кредиторлар осы рәсімге енгізілген қарыздар бойынша өндіріп алу шараларын уақытша тоқтатады. Ал белгіленген мерзімде қол қойылмаса, азамат рәсімге қатысудан бас тартты деп есептеледі.

Бұдан әрі төлем бірыңғай кесте бойынша жүргізіледі, ал түскен қаражатты платформа кредиторлар арасында өзі бөледі.

Егер төлем 40 күннен астам кешіктірілсе, кредиторлар қарызды заң аясында қайта өндіріп алуға құқылы болады. Мұндай жағдайда азамат бұл рәсімге қайта қатыса алмайды.

Төлем мөлшері қалай есептеледі?

Берешекті өтеу кестесі қарыз көлеміне қарай жасалады. Егер қарыз 1 миллион теңгеге дейін болса, ай сайынғы ең жоғары төлем шамамен 84 мың теңгені құрайды. Ал 5-7 миллион теңге көлеміндегі берешек үшін төлем мерзімі 60 айға дейін ұзартылып, ай сайынғы төлем шамамен 117 мың теңге болады.

Әлеуметтік осал топтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін жеңілдетілген шарттар қарастырылған. Бұл жағдайда төлем мерзімі ұзағырақ болып, ай сайынғы төлем көлемі төмен болады.

Қарызын өтеуге мүлде мүмкіндігі жоқ азаматтар заңда көзделген талаптарға сәйкес соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш бере алады.

Оқи отырыңыз