Жаңалықтар

Бірлік бар жерде - тірлік бар

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні
Бірлік бар жерде - тірлік бар
27.04.2017 12:16 5339

"Бірлік бар жерде - тірлік бар" дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында елімізге  ата-бабалары қиын-қыстау кезеңдерде жер аударылып, қазақ жерінде тұрақтап қалған ұлттар мен ұлыстардың құттықтауларын ұсынамыз.

Яндиев Гелихан, ұйғыр-шешен бірлестігінің мүшесі:

— Мен Қазақстанда туып-өстім. Ата-анам қазақ жеріне 1944 жылы жер аударылып келген. Сол уақыттан бері біз Қазақстанда тұрып келеміз. Бұл мемлекет біздің Отанымыз. Қазақстандағы бірлік пен татулық біздің ең басты байлығымыз! Қиын-қыстау кезеңде қамқорлық танытқан қазақ еліне, еңсесін түсірмей бізді осы күнге жеткізген ата-анама алғысым шексіз! 1 – мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Бұл күнге жеткен де арманда, жетпеген де арманда! Барлығыңызды келе жатқан мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Зинаида Чумакова, ҚХА мүшесі:

— Тағдырдың жазуымен Қазақстан біздің отанымызға айналды. Ауыр репрессия жылдары бұл мемлекет көптеген ұлттар мен ұлыстарды бауырына басты. Сол уақыттағы биліктің ойынша жер аударылған халықтар тарих бетінен мүлдем жоғалып кетуі тиіс еді. Алайда Қазақстанның керемет саясатының арқасында осы елге келген ұлттар мен ұлыстар өздерінің ұлттық кодтарын жоғалтпай, бүгінгі күнге аман-есен жетіп отыр. Ұлттар арасындағы достық бізді басқа мемлекеттерден ерекшелеп тұрады. Егерде барлық ұлт өкілдері бір-бірін түсініп, бір-біріне деген сыйластық сезімді жоғалпаса — еліміздегі бірлігі мәңгі болмақ! Барлық қазақ жұртына алғыс айтамыз! 1- мамыр Қазақстан халқы бірлігі күні құтты болсын!

Хочиева Людмила, ҚХА мүшесі, ҚР еңбегі сіңген қайраткер:

— Менің ұлтым балғар. 1944 жылы белгілі себептермен балғар жұртын ата қонысынан қуып, жер аударды. Жер аударылған халықтар жол-жөнекей қырғынға ұшырады. Көптеген азаматтар туған-туыстарының қайтыс болғанын айтуға қорыққан сұмдық кезеңдер басымыздан өтті. Осылайша біздің халық Қазақстанға келіп қоныстанған. Бұл шынында өте шұрайлы, берекелі жер. Балғар тілі қазақ тіліне өте ұқсас. Қазақ халқының жүрегі кең, өте қонақжай халық.  Ата-анасынан айырылған қаншама балалар қазақ отбасыларында тәрбиеленді.  Ана болғандықтан, мен үшін елдегі тыныштық, балаларымның бақытты жүздерін көруден асқан бақыт жоқ. Достық жоқ жерде береке болмайды. Сондықтан Елімізде орнап отырған тұрақтылық пен бірлікке, Елбасымызға және барша қазақ жұртына шексіз алғыс айтамыз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға