Жаңалықтар

«Бірлік жүгірісі»: Астанада марафонға қатысушылар жарыстан кейін қоқыс жинады

«Бірлік жүгірісі»: Астанада марафонға қатысушылар жарыстан кейін қоқыс жинады
Фото: Астана қаласы әкімдігі 29.04.2024 01:02 318

28 сәуір күні жүгіруден Астана қаласының EXPO кешені маңында Қазақстан халқының Бірлігі күніне арналған «Бірлік жүгірісі» атты жарысында 2000-ға жуық әуесқой спортшы «Таза Қазақстан» акциясын қолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Барша қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясы аясында Астана қаласының тазалығына атсалысып, қоқыстарды тазалады.

Айналамдағы достарым жүгіруге әсер етті. Олар жүгірудің еш қиындығы жоқ, арнайы залды қажет етпейді. Кез келген уақытта аяқ-киім киіп, бастай бересің дегеннен кейін, жүгіруге қадам бастым. Сәуір айында ең алғаш қолға алып, 5 шақырымға тіркелдім. Қорқыныш болды. Мәреге жете алмай, ұят бола ма деп ойладым. Құдайға шүкір, 35 минутқа жеткізбей, қашықтықты бағындырдым. Осының өзі жетістік болғанымен, 20-25 минутта жүгіретіндерге қызығып, мен де осылар секілді болсам деген жоспарым бар. Салауатты өмір салтын ұстанумен қатар, «Таза Қазақстан» акциясында» айналадағы қоқыстарды да жинауға өз үлесімді қостым. Ерте тұрғанның нәтижесінде қоғамға да әсерін тигіздім деп ойлаймын, - деп Астана қаласының тұрғыны Өркен өз ойымен бөлісті.

Жүгіруден көктемнің басты сайыстарының бірі саналған «Бірлік жүгірісі» таңғы 7:00-де басталғанымен, қатысушылардың саны 2000-ға жуық адамды құрады. Жүгіру бәсекесіне қатардағы әуесқойлармен қатар, Астана қаласының әкімі орынбасары Есет Байкен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит те арнайы қатысты.

Бұл жүгіру марафонының басты ерекшелігі – бір мезетте еліміздің 15 өңірінен 15 000-ға жуық спортшылар жүгіріп, барлығының басы біріге алатындығын көрсетеді.

Бүгінгі іс-шарамыз арқылы су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созсақ дейміз. Міне, бүгін салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында елордамызда ересектерден 1500, балалардан 300-дей қатысушы жиналды. Былтырғы жарысымызда тек 500 метр, 2,5, 5 шақырымды құрап, 250-дей ғана спортшы жарысқан еді. Енді көріп отырғаныңыздай, 1 жылдың ішінде 10, 21 шақырымды да қосып, қатысушылардың қатары 6-7 есеге артты. Ересектерден бөлек, 6-17 жастағы балалар 1 шақырым жүгіреді. Бұл – жақсы дәстүр. Өйткені жас бала ата-анасының айтқанын емес, көргенін істейді. Тағы бір жақсы жаңалығымыз – бүгінгі трасса халықаралық жеңіл атлетика федерациясы тарапынан мойындалған. Яғни, осы көрсеткішіңізбен сіз өзге де ірі халықаралық марафонда бақ сынай аласыз. Бұнымен тоқтап қалмаймыз. Келер жылы толыққанды 42,1 шақырымды енгізсек дейміз, - деді Астана қаласы триатлон федерациясының президенті Евгений Больгерт.

Қатысушылар бұл бас қаламыздағы басты мереке екенін айтты. Себебі, көктем басталғалы әуесқой желаяқтар 3, 5 шақырымға ғана жүгіріп келсе, бүгін бірінші рет 2024 жылы 10, 21 шақырымға жүгіруге мүмкіндік алды.

Ата-анам жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысады. Әрине, осы орайда менде олардан қалыс қалмаймын. Жарыстарда өз қатарластарыммен сайысқа түскен ұнайды. Мен үшін жеңімпаз болу маңызды емес. Уақытқа да қарамаймын. Бастысы – жүгіруден ләззат аламын», - деп 9 жастағы Маркус атты жас қатысушы өз ойын білдірді.

«Бірлік жүгірісі» жарысына тек Астана қаласы ғана емес,еліміздің өзге өңірлерінен арнайы қатысып, қаламыздың көркі саналатын Ботаникалық саябақ, Abu-Dhabi сауда кешені, Бәйтерек т.б жанынан жүгірді. Іс-шара соңында жеңімпаздар арнайы жүлдемен марапатталды.

Айта кетейік, 3 апта бойы елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы өтіп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізілуде. Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға