«Бір жылқының құны»: Қыз Жібектің образымен танылған ару көйлегін қалай таңдағанын айтты

 коллаж El.kz
Фото: коллаж El.kz

Соңғы күндері әлеуметтік желіде бір ғана камзол үлкен талқыға түсті. Продюсер Баян Мақсатқызы иеленген «Қыз Жібек» фильміндегі түпнұсқа камзол көпшіліктің назарын өзіне аударып, ұлттық сәнге деген қызығушылықты қайта оятты. Бір қарағанда қарапайым киім сияқты көрінгенімен, оның артында тұтас бір дәуірдің эстетикасы, тарихы мен өнері жатыр.

Бұл тек сән емес – бұл халықтың тарихи жадымен қайта байланыс орнатуы. Камзолға деген қызығушылық арқылы қоғам өз тамырына, ұлттық кодына қайта үңіліп жатқандай әсер қалдырады.

«Қыз Жібек» – сән ғана емес, мәдени феномен

«Қыз Жібек» фильмі – қазақ киносының алтын қорына енген туынды. Ол тек махаббат хикаясын баяндамайды, сонымен қатар қазақ халқының тұрмысын, дүниетанымын, эстетикасын терең көрсетеді. Фильмнің көркемдік шешімінде ерекше рөл атқарған суретші-костюмер Гүлфайрус Ысмайылова бұл жобаны бірнеше жыл бойы дайындаған. Ол 1500-ден астам эскиз жасап, ұлттық киімдердің, тұрмыстық бұйымдардың, қару-жарақтың дәл әрі көркем бейнесін алғаш рет кино тілімен сөйлетті.

Оның жұмысы арқылы эпостағы поэтика мен романтика экранда тіріліп, «дала Ромео мен Джульеттасының» сезімі ұлттық бояумен жеткізілді. Сондықтан бұл фильмдегі әрбір киім – жай костюм емес, өнер туындысы.

Ұзату тойындағы Жібек: тренд пе, әлде саналы таңдау ма?

Бұл үрдістің нақты көрінісі – 9 сәуір күні Астанада өткен ұзату тойы. Гүлназ есімді ару 1970-жылдардағы Жібек образын дәл қайталап, бір күнде әлеуметтік желінің басты тақырыбына айналды. Оның образы көпшіліктің қызығушылығын тудырып қана қоймай, қоғамда екіұдай пікір қалыптастырды. Бірі мұны ұлттық құндылыққа деген құрмет деп бағаласа, енді бірі «сәтті пайдаланылған хайп» деп қабылдады. Алайда Гүлназдың өзі бұл таңдаудың кездейсоқ емес екенін айтады.

Бұл идея маған фильмді көрген кезде келді, кинодағы қазақы киім қатты ұнады. Болашақ жарымды кездестірмей тұрып-ақ, түрлі идеяларды және шеберлердің жұмыстарын сақтап жүргенмін. Дегенмен біздің тойымыз бұл оқиғаға дейін болды,– дейді ол.

Гүлназдың образы – дүкендегі дайын нұсқа емес, бірнеше ай бойы тігілген күрделі жұмыстың нәтижесі.

Дүкендегі қарапайым көйлектерді таңдағым келмеді. Олар ұлттық нақышты толық жеткізбейтіндей көрінді. Көйлек 3-4 ай бойы тігілді. Шеберлерді әр бағыт бойынша жеке-жеке таңдадым: бас киімнің өз шебері, кәжекейдің өз шебері, көйлектің өз шебері, әшекейлердің өз шеберлері болды, – дейді ол.

Дәл осы детальдар образдың сыртқы әдемілікке ғана сүйенбей, шынайы ізденіс пен еңбектің негізінде жасалғанын аңғартса керек. 

Гүлназдың желідегі парақшасынан

Көйлекке сұраныс: 100 адам жазған образ

Бұл образ тек талқыға түсіп қана қоймай, көпшіліктің қызығушылығын тудырған. Гүлназдың айтуынша, көйлегін сатып алғысы келетіндер де, жалға сұрағандар да аз болмаған.

Әзірге образ өзімде, ешкімге берген жоқпын. Бірақ көйлекті сатып алсам деген ниетпен 100 шақты адам жазды, жалға да сұрап жатыр. Бірақ әзірге жалға бере алмаймын, мүмкін болашақта сататын шығармын. Өйткені мұндай әдемі көйлек тек шкаф ішінде тұрмай, өз сәнін көрсетіп, “өмір сүруі керек” деп ойлаймын. Бағасына келсек, шамамен бір жақсы жылқының құнына тең. Себебі тігу барысында өзгеріс көп болды, қайта-қайта түзетіп, қосымша шығындалуыма тура келді, – дейді ол.

Жібек образы: сән әлеміндегі үлкен құбылыс

Жібек образы тек камзолмен шектелмейді. Оның бөркі, сырғасы, белдігі мен алқасы – барлығы үйлесім тапқан біртұтас эстетика. Әрбір әшекейдің өзіндік символикасы бар. Бұл бүгінгі зергерлер мен дизайнерлерге жаңа бағыт беріп отыр. Қазірдің өзінде «Жібек» стиліндегі әшекейлер мен киімдерге сұраныс артқан көрінеді. 

Гүлфайрус Ысмайылова кім?

«Қыз Жібек» образын жасаған Гүлфайрус Ысмайылова – қазақ өнеріндегі ерекше тұлғалардың бірі. Ол тек суретші ғана емес, кино мен театрда да өзіндік қолтаңбасын қалдырған көпқырлы өнер иесі болған. Өнер жолында ол «Қыз Жібек», «Ботагөз» фильмдерінде рөл сомдап, 17 жыл бойы Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында бас суретші қызметін атқарған. Сол жылдары сахнада 28 спектакльдің көркемдік образына жауапты болған.

Гүлфайрус Ысмайылова – әйгілі суретші Абрам Черкасскийдің сүйікті шәкірттерінің бірі. Замандастары оны тек кәсіби шеберлігімен ғана емес, болмысы мен келбеті арқылы да бір дәуірдің символына айналған тұлға ретінде сипаттайды.

Өзі бір сұхбатында есімінің тарихы туралы да айтып өткен:

Менің шын есімім Күлпаш еді. Қыз кезінде құрбыларым мені “Күлтя” деп атайтын, ол маған ұнамайтын. Кейін паспорт алар кезде есімімді “Гүлфайрус” деп өзгертуді өтіндім. Ол кезде бұл оңай болатын. Бұл есім араб тілінен аударғанда “гүл” – гүл, ал “файрузи” – жұлдыз деген мағына береді, – деген еді ол.

Оқи отырыңыз