Жаңалықтар

«Бір шаңырақ астында» Павлодардағы болгар мәдениетінің күні

«Бір шаңырақ астында» Павлодардағы болгар мәдениетінің күні
12.06.2018 02:16 3822

 

Өткен демалыс күні «Бір шаңырақ астында» жазғы фестивалі аясында Павлодарда болгар мәдениеті күні аталып өтті. Облысымызда тұрып жатқан болгарлар әрбір мереке сайын елімізге деген сүйіспеншілігін көрсетеді және Отанымыздың тәуелсіздігін мақтан тұтады.

Фестиваль шеңберінде «Славяне» болгар этномәдени бірлестігінің шығармашылық ұжымдары және Қ. Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары болгар халқының билері мен әндерін орындады. Көрермендер болгар халқының шығармашылығын тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Болгарлардың көптеген мерекелері көбінесе еңбек қызметімен, яғни, егін шаруашылығымен және мал шаруашылықтарымен тығыз байланысты. Сондай-ақ болгарлардың көптеген дәстүрлері табиғатпен байланысты екенін айта кеткен жөн.

Әрдайым 1 қаңтар – Жаңа жыл, көктемнің алғашқы күні – 1 наурыз – Баба марта, 3 наурыз – Осман әмірлігінен босаған күні, Ұлы күн – Пасха, 24 мамыр – Славян жазуы мен мәдениеті күні, 21 мамыр – раушан гүлінің күні, 1 қараша – халық ағартушылар күні, 24 желтоқсан – Рождество Христово меркелерін назардан тыс қалдырмайды.

110 жыл бұрын болгарлар Павлодар облысына өз еркімен қоныстанған болатын. Кейін мұнда Разумовка мен Андриановка екі елді-мекен пайда болды. Осы уақыттан бастап өңірімізде қоныс тепкен болгарлар үшін Қазақстан туған Отанына айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша мерекелік бағдарлама Астананың 20 жылдығы мен Павлодар облысының 80 жылдығына орай өткізілді.

Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сейсембай Жетпісбаев жазғы мерекемен барша жиналған қауымды құттықтай отыра, этномәдени бірлестіктің көптеген жетістіктері туралы айтып өтті. Сондай-ақ бірлестіктің белсенді қатысушылары мен шығармашылық ұжымдарының жетекшілеріне болгар мәдениетін дамытуға және өңірдегі достық пен бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табыс етті.

 

 

Диана Нурсарина

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға