Астаналық ұстаз Ләззәт Атыбайдың бастамасымен оқушылар қой жүнінен 28 шаршы метрлік Қазақстан картасын жасады. Кейін жобаға еліміздің әр өңіріндегі ұстаздар мен оқушылар қосылып, нәтижесінде алып карта мен 500 картина халықаралық рекордтар кітабына енді. Ләззәт Атыбай El.kz тілшісіне жобаның жүзеге асу жолы мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Шағын бастама үлкен жобаға қалай айналды?
Ләззәт Әбділдақызы – Астана қаласындағы С.Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Ол педагог-модератор, Ұлттық дизайн академиясының академигі әрі Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі.
Ұстаздың айтуынша, оның негізгі мақсаты – оқушыларды ұлттық қолөнерге баулып қана қоймай, шығармашылық арқылы халқымыздың мәдени мұрасын таныту.
«Өнермен өрілген Қазақстан» жобасының тарихы мектеп оқушыларымен бірге табиғи қой жүнінен еліміздің үлкен картасын жасау идеясынан басталған. Алайда жұмыс барысында Ләззәт Атыбай бұл бастаманың мүмкіндігі әлдеқайда кең екенін түсінген.
Алғашында өз шәкірттеріммен бірге табиғи жүннен Қазақстанның үлкен картасын жасауға кірістім. Бірақ жұмыс барысында бұл істің тек көркемдік туынды жасаумен шектелмеуі керектігін түсіндім. Қазақстан картасы балаларға елімізді танытатын үлкен білім алаңына айналуы тиіс болды, – дейді ұстаз.
Осылайша ол жобаны республикалық деңгейге көтеріп, еліміздің әр өңіріндегі көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен оқушыларын ортақ іске жұмылдыруға шешім қабылдаған. Бастама нәтижесінде «Өнермен өрілген Қазақстан» және «Жүнмен жазылған тарих» атты екі ұлттық жоба дүниеге келді.
Оған қатысқан ұстаздар мен шәкірттер өз өңірлерінің тарихын, табиғатын және мәдени ерекшеліктерін зерттеп, жинаған мәліметтерін жүннен жасалған картиналар арқылы бейнелеген.
Өңірлерде дайындалған туындылар кейін Астанаға жеткізіліп, біртұтас композицияға біріктірілген. Оның ортасына қой жүнінен жасалған Қазақстан картасы орналастырылып, айналасына еліміздің әр аймағын танытатын картиналар мен дәстүрлі текеметтер қойылған.
Осылайша әр өңірдің өзіндік ерекшелігін көрсететін жүздеген жұмыс Қазақстанның табиғи және мәдени байлығын бейнелейтін ортақ туындыға айналған.
7 метрлік картаны жасауға бес ай уақыт кеткен
Алып картаны дайындау оңай болмаған. Ұстаз бен оқушыларға табиғи жүнді өңдеп, оны қажетті түстерге сәйкестендіру, еліміздің географиялық пішінін дәл келтіру және әр бөлшегін көркемдеп шығу үшін бірнеше ай еңбектенуге тура келген.
Жұмыс барысында жүнді арнайы инемен басу әдісі қолданылған.
Картаның ұзындығы – 7 метр, ені – 4 метр. Жалпы ауданы 28 шаршы метрді құрайды. Оны жасауға шамамен 10 келі табиғи қой жүні жұмсалған. Ал дайын туындының жалпы салмағы 25-30 келіге жетеді.
Жобаға жұмсалған уақыт – бес ай. Ләззәт Атыбайдың сөзінше, қой жүнін таңдау кездейсоқ шешім емес. Бұл материал қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен және ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнер дәстүрімен тығыз байланысты.
Ертеде халқымыз жүннен киіз басып, текемет, сырмақ, киім-кешек пен түрлі тұрмыстық бұйымдар жасаған. Ұстаз осы дәстүрлі материалдың қазіргі бейнелеу өнерінде де кеңінен қолдануға болатынын көрсеткісі келген.
Біз осы көне материалды заманауи өнерде пайдаланып, оның жаңа қырын ашқымыз келді. Қой жүнін тек тұрмыстық бұйым жасауға арналған шикізат емес, үлкен көркем туынды жасауға болатын құнды материал ретінде көрсеттік, – дейді ол.
Оқушылар картадан ата-әжелерінің туған жерін іздеген
Жобаның басты ерекшелігінің бірі – оқушылардың тек қолөнермен айналыспай, зерттеу жұмыстарына да қатысуы.
Картиналарды дайындамас бұрын балалар Қазақстанның географиялық картасын зерттеп, әр облыстың орналасуын, жер бедерін, өзен-көлдерін, тарихи орындары мен табиғи байлықтарын қарастырған.
Кейбір балалар картадан өз ата-әжелерінің туған жерін тауып, «Апай, менің ата-әжемнің жері қандай үлкен еді!» деп таңданыстарын білдіріп жатты. Осындай сәттер мені ерекше қуантты. Себебі бала картадан жай ғана облыстың шекарасын көрген жоқ, өзінің отбасылық тарихын, ата-бабасының кіндік қаны тамған жерін таныды, – дейді Ләззәт Атыбай.
Екі жоба халықаралық рекордтар кітабына енді
Ұстаздар мен оқушылардың бірнеше айлық еңбегі халықаралық деңгейде мойындалған. 2026 жылғы 29 қазанда Астанада өткен салтанатты іс-шарада екі ұлттық жобаға халықаралық рекорд сертификаттары табысталды.
Ләззәт Атыбайдың айтуынша, туындылар GBR – Global Best of Records ұйымының Азия мен Африкаға арналған әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде енгізілген.
Бірінші рекорд «The World's Largest Map of a Country Made from Sheep's Wool (Handmade)» атауымен тіркелген. Яғни бұл – қой жүнінен қолмен жасалған әлемдегі ең үлкен ел картасы.
Ал екінші рекорд «The World's Largest Collection of Pictures Made from Sheep's Wool (500 Pieces)» деп аталады. Ол қой жүнінен жасалған 500 картинадан тұратын әлемдегі ең үлкен топтама ретінде танылған.
Екі сертификат та «Этномәдениет және ұлттық дәстүрлер» санаты бойынша берілген.
Ұстаздың мәліметінше, сертификаттар GBR сарапшылар кеңесінің шешімімен Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында бекітілген. Құжаттарда оның есімі ATYBAY LYAZZAT деп көрсетіліп, жобалардың иесі ретінде тіркелген.
Бұл – мен үшін жеке жетістік қана емес, қазақ халқының дәстүрлі қолөнеріне, ұстаздар мен оқушылардың бірлескен еңбегіне берілген халықаралық баға, – дейді ол.
Алып карта қазір қайда сақтаулы?
Қой жүнінен жасалған 7×4 метрлік Қазақстан картасы бүгінде Астана қаласындағы №78 мектеп-гимназиясының көркем еңбек кабинетінде сақтаулы.
Оқушылар оны күнделікті көріп, өздері зерттеген өңірлердің ерекшеліктерін еске түсіре алады.
Ұстаздың айтуынша, карта қазір мектептегі көрнекі оқу құралы ғана емес, балаларды жаңа шығармашылық жұмыстарға ынталандыратын ерекше туындыға айналған.
Алдағы уақытта Ләззәт Атыбай картаны мектеп қабырғасынан тыс жерлерде де таныстыруды жоспарлап отыр. Ол үшін еліміздің түрлі көрмелері мен мәдени іс-шараларына қатысып, ұлттық қолөнерді кеңінен насихаттағысы келеді.
Екі халықаралық рекордқа қол жеткізген ұстаз мұнымен тоқтап қалмақ емес. Оның айтуынша, жоба қатысушылары 2027 жылғы 26-27 қаңтарда Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін рекордтар кітабының ашылу салтанатына арнайы шақырту алған.
Ләззәт Атыбай бұл мүмкіндікті қазақтың дәстүрлі қолөнерін халықаралық деңгейде таныстырудың маңызды қадамы деп есептейді.
Біздің міндетіміз – сол құндылықты балаларға құр сөзбен емес, тәжірибе арқылы үйрету. Оқушы жүнді қолына алып, оны өңдеп, өз қолымен бұйым немесе картина жасағанда ғана оның қасиетін, ерекшелігін және оған жұмсалатын еңбекті түсінеді, – дейді мұғалім.
Бір мектепте басталған шағын бастама осылайша жүздеген оқушы мен мұғалімнің еңбегін біріктіріп, халықаралық деңгейде мойындалған жобаға айналды. Ал қой жүнінен жасалған Қазақстан картасы дәстүрлі қолөнердің бүгінгі білім беру ісінде де маңызды орын алатынын көрсетті.