Аичи-Нагояда (Жапония) Азия ойындары өтіп жатыр. Отандастарымыз 29 қыркүйекте спорттың бірнеше түрінен сынға түсті. Нәтижесінде, бір күміс пен екі қола медаль еншіледі.
Жүлде сыңғыры естілген күн
ҰОК-тың хабарлауынша, жеңіл атлет Кристина Овчинникова биіктікке секіруден ақтық сында бақ сынады. Кристина өзінің үздік мүмкіндігінде 187 см биіктікке секіріп, екінші орын алды. Өзбекстандық Барнохон Сайфуллаева алтын медаль жеңіп алды - 190 см. Үндістан өкілі Пуджа үшінші орынға ие болды - 184 см. Тағы бір отандасымыз Надежда Дубовицкая 184 см биіктікті бағындырып, бесінші орынға ие болды.
Кураш спортынан сынға түскен Арайлым Шегенова қола жүлдегер атанды. Ол 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалға жолдама алу үшін өткен белдесуде қазақстандық спортшы Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Ёнмен кездесті. Бұл бәсекеде кореялық спортшы жеңіске жетті. Осылайша, Арайлым Шегенова Азиада-2026-ның қола медалін иеленді.
Қазақстан ерлер құрамасы стенд атудан трап бәсекесінде сынға түсті. Командалық жарыста 348 ұпай жинап, қола медальға ие болды. Кувейт құрамасы 355 ұпаймен топ жарса, Қатар 349 ұпаймен күміс медальді жеңіп алды. Бұл сайыста ел намысын Даниил Почивалов, Әлішер Айсалбаев және Марк Почивалов қорғады.
Бір табан жақын қалды
Ауыр атлет Любовь Ковальчук \ әйелдер арасында 86 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Любовь жұлқа көтеруде 115 келіні, серпе көтеруде 152 келіні еңсерді. Қоссайыс қорытындысы бойынша 267 келіні бағындырды. Осылайша Азия ойындарын төртінші орынмен аяқтады.
Ли Вэньвэнь (Қытай) алтын медаль жеңіп алды - 310 (140+170) келі. Оңтүстік Корея өкілі Пак Хеджон екінші орын алды - 300 (133+167) келі. Ал қатарлық Уисаль Ихлеф қола жүлдегер атанды - 273 (120+153) келі.
Алтын үшін күреседі
Айбек Оралбай жартылай финалда сәтті өнер көрсетті. Ол 90 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғап жатыр. Айбек жартылай финалда үндістандық Нарендермен қолғап түйістірді. Нәтижесінде қазақстандық спортшы төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Айта кетерлігі, бокстан финалдық жекпе-жектер 2 қазанда өтеді.