Бір кесе кофенің тарихы: Мелитта Бенцтің дәптерінен басталған өнертабыс

Бір кесе кофенің тарихы: Мелитта Бенцтің дәптерінен басталған өнертабыс
Фото: AI көмегімен жасалды

1 қазан – Халықаралық кофе күні. Осы күнге орай кофенің тарихындағы ерекше оқиғалардың бірін еске түсірсек. Себебі қазіргі фильтр-кофенің дамуына жол ашқан жаңалықты үлкен зертханада жұмыс істеген ғалым емес, Германиядағы қарапайым үй шаруасындағы әйел ойлап тапқан. Оның есімі – Мелитта Бенц.

ХХ ғасырдың басында Германияда кофе танымал сусынға айналып келе жатқан. Дрезденде тұратын Мелитта Бенц те кофені жақсы көретін. Бірақ оның бір мәселесі бар еді: кесенің түбінде қалатын кофе тұнбасы және сусынның ащы дәмі оған ұнамайтын. Ол мәселені шешудің түрлі жолын іздей бастайды.

Ақыры үйдегі қарапайым заттарды пайдаланып тәжірибе жасауға кіріседі. Мелитта жез ыдыстың түбін бірнеше жерден тесіп, оның ішіне ұлының мектеп дәптерінен алынған сорғыш қағазды орналастырады. Үстіне ұнтақталған кофе салып, ыстық су құяды.

Су қағаз арқылы өтіп, кофе тұнбасы сүзгіде қалады. Осылайша кеседе тұнбасы жоқ, дәмі жұмсағырақ кофе пайда болады. Бұл – қазіргі қағаз фильтрдің алғашқы нұсқасы еді. Яғни бүгінгі фильтр-кофенің тарихы зертханада емес, үйдегі қарапайым тәжірибеден басталған.

72 пфеннигпен басталған кәсіп

Мелитта бұл жаңалықты үй жағдайындағы тәжірибе ретінде қалдырмай, оның коммерциялық мүмкіндігін түсінді.

1908 жылғы 20 маусымда Германияның Императорлық патент кеңсесі оның кофеге арналған сүзгісіне пайдалы модель ретінде құқықтық қорғау берді.

Сол жылдың 15 желтоқсанында Мелитта мен күйеуі Хуго Бенц өз кәсіптерін Дрезденде ресми тіркеді. Бастапқы капиталы небәрі 72 рейхсфенниг болды.

Ал олардың алғашқы «кеңсесі» – өздері тұратын бес бөлмелі пәтердің бір бөлмесі. Алғашқы сүзгі корпустары металл зауытында жасалып, сүзгі қағазын басқа өндірушіден алған.

Фото: wikimedia / Бұл суретте Мелитта Бенц пен оның күйеуі Хуго бірге бейнеленген
Фото: wikimedia / Бұл суретте Мелитта Бенц пен оның күйеуі Хуго бірге бейнеленген

Көшеде қоларба сүйреп жүрген екі бала

Кәсіптің алғашқы кезеңінде отбасының барлық мүшесі жұмысқа араласты.

Хуго Бенц дүкендерді аралап, жаңа сүзгінің қалай жұмыс істейтінін көрсетіп, өнімді сатуға тырысты. Кейін дүкендердің витриналарына арнайы демонстрациялар ұйымдастырды.

Ал Мелитта сүзгіні таныстырудың тағы бір әдісін тапты – жеке үйлерде кофе дайындап, адамдарға жаңа тәсілді көрсеткен.

Ал олардың екі ұлы Вилли мен Хорст дайын өнімдерді алғашқы клиенттерге қоларбаға салып, өздері жеткізді. Бүгінде бұл қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ сол кезде адамдарға жаңа өнімді түсіндірудің өзі үлкен жұмыс еді. Сондықтан отбасы тауарды жасап қана қоймай, оны өздері таныстырып, сатып, жеткізді.

1909 жылы олар өнімдерін Лейпциг жәрмеңкесіне алып барды. Нәтижесінде 1200-ден астам сүзгі сатылды. Осыдан кейін шағын отбасылық кәсіпке деген сұраныс арта түсті.

Бірінші дүниежүзілік соғыс бизнесті тоқтатуға шақ қалды

Кәсіп дами бастағанымен, отбасы алдында үлкен қиындықтар тұрды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германияға кофе импорты тоқтады, қағаз тапшы болды. Хуго Бенц пен оның ұлы майданға аттанды. Мелитта кәсіпті іс жүзінде жалғыз өзі ұстап қалуға мәжбүр болды.

Кофе фильтрлеріне сұраныс төмендегендіктен, өндіріс картон өнімдеріне ауысты. Соғыс аяқталғаннан кейін кәсіп қайта жандана бастады.

1923 жылы үлкен ұлы Вилли компанияның ортақ иелерінің бірі болды. Кейін отбасы кәсібі қайтадан қарқын алды.

1929 жылы компания Дрезденнен Майндағы Минден қаласына көшті. Ал 1932 жылы кәсіп «Melitta-Werke AG» атауын алды.

Нью-Йорк кофеханасы. Фото шамамен 1894 жылы түсірілген. Дереккөз: Fortepan / Будапешт қалалық мұрағаты / Дьёрдь Клёштің фотосуреттері.
Нью-Йорк кофеханасы. Фото шамамен 1894 жылы түсірілген. Дереккөз: Fortepan / Будапешт қалалық мұрағаты / Дьёрдь Клёштің фотосуреттері.

«Мелитта» атауы қалай брендке айналды?

Мелитта отбасы өнімді ойлап қана қоймай, оны бренд ретінде қорғауға да ерте кірісті.

1911 жылы «Melitta» атауы кофе фильтрлеріне арналған тауар белгісі ретінде тіркелді. Оның құқықтық қорғалуы бүгінге дейін сақталған.

1925 жылы компания қызыл-жасыл түсті қаптаманы енгізіп, оны да тауар белгісі ретінде қорғады. Бұл бәсекелестердің өнімді көшіруіне қарсы жасалған қадам еді.

Ал 1930-жылдары сүзгінің өзі де жетілдірілді. Компания қағаз сүзгінің жаңа пішіндерін жасап, кейін қазіргі конус тәрізді сүзгіге жақын үлгілерді патенттеді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де жалғасты

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде компания тағы да ауыр кезеңді бастан өткерді. Германияның патент және тауар белгілері жөніндегі ведомствосының дерегіне сәйкес, сол кезеңде Melitta өндірісі соғыс қажетіне бейімделіп, қазан мен таба сияқты өнімдер шығаруға көшкен. Компанияда мәжбүрлі еңбек қолданылғаны да тарихи деректерде көрсетіледі.

Соғыс аяқталғаннан кейін өндіріс қайта жанданды. 1947 жылы Melitta өнім өндірісін қайта бастады.

Осылайша бір кездері Дрездендегі отбасының пәтерінен басталған шағын кәсіп екі дүниежүзілік соғыстың қиындықтарынан өтіп, халықаралық компанияға айналды.

Бір идеядан – үлкен компанияға дейін

Мелитта Бенц 1950 жылы қайтыс болды. Бірақ оның бастаған кәсібі отбасы қолында қала берді.

Кейін компания кофе дайындаудың басқа да бағыттарын дамытты. 1962 жылы Германия нарығында ұнтақталған кофені вакуумдық қаптамада алғашқылардың бірі болып ұсынды. Ал 1965 жылы алғашқы электрлік кофе машиналарының бірін таныстырды.

Бүгінде Melitta – кофе, кофе дайындау құрылғылары және тұрмыстық өнімдер шығаратын халықаралық, отбасылық компания. Оның құрамында бірнеше компания және мыңдаған қызметкер бар. Ал барлығы бір әйелдің кофе тұнбасын ұнатпауынан басталды.

Мелитта Бенцке заманауи кофемашинаның авторы деуден гөрі, қазіргі фильтр арқылы кофе дайындау әдісінің негізін қалаған өнертапқыш деген дұрыс.

Өйткені оның алғашқы «құрылғысы» – жез ыдыс, бірнеше тесік және баласының дәптерінен алынған бір парақ қағаз ғана еді.

Кейде үлкен бизнестің бастауы үлкен инвестициядан емес, күнделікті өмірдегі кішкентай мәселені шешуден басталады.

Оқи отырыңыз