Музыкалық жас көрермен театрында Рахымжан Отарбаевтың шығармасы негізінде сахналанған «Ақ мұнар» спектаклінің премьерасы өтті. Қатал табиғат аясындағы екі достың тағдыры арқылы өрбитін қойылым адамдық болмыс, ар-ождан, адалдық пен табиғат алдындағы жауапкершілік мәселелерін көтереді. «Таза Қазақстан» идеясымен үндескен спектакль табиғат тазалығы мен адам жанының тазалығын бір арнада тоғыстырды.
Мұнда табиғат тек оқиға өтетін орта ретінде емес, адам болмысымен тұтас құбылыс ретінде көрініс табады. Қойылымда ағаштар да жеке образ ретінде көрініп, адам мен қоршаған ортаның ажырамас байланысын аңғартады. Осы арқылы спектакль табиғат тазалығы мен адамның ішкі жан дүниесінің тазалығын қатар қарастырады.
Оқиға Айнан мен Емронның Янракыннат мекеніне қарай сапарынан басталады. Жолда олар ақтүтек боранға тап болып, бағытынан жаңылады. Шананы сүйреген иттердің жетекшісі – ақ ит қатты суық пен ауыр жолға шыдамай өледі. Уақыт өткен сайын адамдар мен тірі қалған иттердің жағдайы қиындай түседі.
Сол сәтте Емрон қалған иттерді аман алып қалу үшін өлген ақ итті азық ретінде пайдалануды ұсынады. Алайда Айнан бұған үзілді-кесілді қарсы шығады. Ол ақ итті жай ғана жануар емес, жол бойы өздеріне серік болған тіршілік иесі ретінде қабылдап, оны құрметпен жерлемей бұл жерден кетуден бас тартады.
Осы оқиға екі кейіпкердің өмір мен өлімге, табиғат пен адамдық болмысқа деген көзқарасының қайшылығын ашады. Тіршілік үшін күрес кезінде адам өзінің мейірімі мен ар-ожданын сақтап қала ала ма? Адам табиғаттың қожайыны ма, әлде оның бір бөлшегі ме? Қойылым көрермен алдына осындай сауалдар қояды.
«Тазалық – табиғатпен ғана шектелмейді»
Музыкалық жас көрермен театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров қойылымның жас режиссерлерге мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстың жалғасы екенін атап өтті.
Өнер сабақтастық пен дәстүр жалғастығы арқылы дамып, өркендейді. Режиссурадағы сабақтастық та жаңа есімдермен, режиссура әлеміне қадам басып келе жатқан жастармен жалғасуы керек. Осыдан бір-екі апта бұрын театрымызда жас режиссерлеріміздің бірі Ералхан Мырзахметов сахналаған Шыңғыс Айтматовтың «Қос бұрым» спектаклінің премьерасы өтті. Мұны театрымыздағы жас режиссерлер лабораториясының бір жемісі деп айтуға болады, – деді Асхат Маемиров.
Оның сөзінше, Рахымжан Отарбаевтың шығармасы көтеретін мәселесі, рухы мен табиғатқа көзқарасы жағынан Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» туындысымен үндеседі.
Эстетикасы мен стилінен де жақындық байқауға болады. Президентіміз айтқан «Таза Қазақстан» ұғымын тек табиғаттың тазалығымен шектемеуіміз керек. Оны адамның жаны мен санасының, ішкі әлемінің экологиясындағы тазалық деп те айтуға болады. Бұл шығармада да адамның жан тазалығы, ар тазалығы мен ой тазалығы ерекше жарасым тапқан, – деді театр директоры.
Асхат Маемиров спектакльдің қоюшы режиссері Нұрлыгүл Ғалымжанқызы өзінің шәкірті екенін айтып, жас режиссер мен қойылым актерлеріне сәттілік тіледі.
Спектакльдің қоюшы режиссері – менің шәкіртім Нұрлыгүл Ғалымжанқызы. Жас режиссерімізге және сахнаға шығатын актерлерімізге сәттілік тілеймін. Бұйырса, осы спектакльмен 13-16 қазан аралығында Атырауда өтетін Рахымжан Отарбаев атындағы халықаралық фестивальге қатысуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Емрон маған ұқсамайды
Спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірі Емронның рөлін актер Мұхамедсаид Бағашаров сомдады. Оның айтуынша, Емрон үшін ең маңыздысы – берілген тапсырманы орындап, діттеген жеріне уақытында жету. Алайда ақ иттің өлімінен кейін оның Айнанмен көзқарасы қайшы келеді.
Мен Емрон есімді жігітті сомдаймын. Оның бар ойы – берілген тапсырманы орындап, діттеген межеге тезірек жету. Жарты жолда ақ ит өлгеннен кейін Айнан екеуінің арасына жік түседі. Емрон өлген итті қалған иттерге азық ретінде беріп, жолды жалғастыруды ұсынады. Бірақ Айнан бұған келіспейді, – деді актер.
Мұхамедсаид Бағашаров үшін кейіпкердің ішкі өзгерісін көрсету маңызды болған. Ал сахнадағы негізгі қиындықтардың бірі эскимостардың қалың киімімен байланысты болыпты.
Кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі өзгерісті жеткізу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Басында Айнан мен Емрон – дос. Бірақ көзқарастары мен ұстанымдары сәйкес келмеген сәттен бастап олардың қарым-қатынасы өзгереді. Тағы бір қиындық – костюмдеріміз өте қалың әрі ыстық болды. Өзіміз сахнада терлеп жүрсек те, көрерменге үсіп, қатты суықта қалған адамдардың күйін жеткізуіміз керек еді. Соған қарамастан эскимостардың жағдайын барынша шынайы көрсетуге тырыстық, – деді ол.
Актердің сөзінше, спектакльдің өзегінде шындық, әділдік пен адалдық жатыр.
Айнанның ақ итке деген адалдығы арқылы спектакльдің негізгі ойы ашылады. Егер Емрон бірден оның сөзіне келісіп, соңынан ерсе, екі кейіпкер арасындағы тартыс та, шығарманың тақырыбы да толық ашылмас еді. Емрон маған ұқсамайды. Жалпы, рөлдерімді өзіме ұқсатпауға тырысамын. Егер сахнада үнемі өзімді ғана ойнайтын болсам, актер ретінде әрі қарай шыңдалуыма кедергі болар еді, – деді Мұхамедсаид Бағашаров.
«Ақ мұнар» табиғат пен адамды бір-бірінен бөліп қарауға болмайтынын аңғартады.