Жаңалықтар

«Бір әннің тарихы». 1990 жылдары хитке айналған «Үмітім гүлім» әні туралы

«Бір әннің тарихы». 1990 жылдары хитке айналған «Үмітім гүлім» әні туралы
Фото: Коллаж El.kz 20.03.2024 18:00 13492

Үмітім гүлім, гүл гүлім, Иран бақтағы бұлбұлым...дәл осылай басталатын әнді естімеген жан жоқ шығар. Қазір көше әні деп таралып кеткен әннің авторлары кім? Алғаш боп әнші Тоқтар Серіков халыққа таныстырып, одан әрі әзілкеш Нұржан Төлендиев, сонан соң Еркін Нұржан орындаған ерекше әннің тарихын баяндамақпыз.

1990 жылдардағы ҚазҰУ жатақханасы...

Алматыдағы әйгілі ҚазҰУ-дың журналистикасы мен филологиясына оқуға түскен екі достың оқиғасы былай басталған. Журналистика факультетінде бірінші курс оқитын Оразәлі Баймұрат филологияда оқитын Мұхарбек Жәкеймен танысады. Осы таныстықтың соңы достыққа ұласады.

...Бірінші курс оқып жүргенде, Болатбек Қауысов мені филология факультетінің бір студентімен таныстырды. Оқушы кезінде екеуі бірге қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаға қатысқан екен. Әлгінің шашы бұйра, көзі жыпылық-жыпылық етеді. Кәдімгі қазақтың қарадомалақ баласы. Қасында сап-сары біреу тұр. Қарасы Мұхарбек еді. Ал сарысы оның сыныптасы әрі курстасы Асхат болатын. Біз бірден достасып кеттік. Журфак пен филфактың арасын талай «шаңдадып» жүрдік қой. Сөйтіп жүріп, 90-шы жылдардың хитына айналатын ән шығарамыз деп ойламаған екенбіз, - дейді Оразәлі Баймұрат.

Оразәлі Баймұраттың айтуынша, сол кезде студенттер арасындағы беделді әрі өзін мойындатып жүрген ақын – Мұхарбек Жәкей еді. Сезімнің қылын нәзік өлеңдерімен шертіп, алғашқы махаббатына арнап шығарған өлеңін Мұхарбек достарына оқып береді.

Ол кезде ең ұлы ақынымыз Мұхарбек. Басқа ешкімді ақын деп мойындамаймыз. Мұқағали сияқты «Мұха» деп қоямыз оған. Ал ол осыған кәдімгідей масаттанып, гүрілдеп тұрып өлең оқиды. Бір күні өзі ғашық боп жүрген Үмітгүл деген қызға арнаған өлеңін оқыды. Басқаға қайдам, өзіме қатты әсер етті. Сол бір қызға Мұхарбек емес, мен ғашық сияқтымын, - дейді Оразәлі Баймұрат.

Мұхарбектің ғашығына арнаған өлеңі Оразәлінің ойынан кетпей, құдды бір өзі ғашық адамша қайталай береді. Домбыраны қолынан тастамай, өлеңді оқып жүргенде әннің әуені туады.

Ертеңіне жатақхана бөлмесінде өзімнен өзім қалып, домбыраны дыңғырлатып отырғанмын. Мұхарбектің сүйгеніне арнаған өлеңін жаттап алғанмын ғой. Біз кезде сөздер өз-өзінен әуенге айнала бастағандай болды.

 Үмітім-гүлім, гүл гүлім,

 Иран-бақтағы бұлбұлым.

 Жанымның түріп түндігін,

 Құшағыма келіп кір бүгін, - деп бір тоқтадым. Соны екі-үш рет қайталадым.

 Он сегіз жылға татиды

 Өзіңмен өткен бір күнім...

Осы бесінші, алтыншы жолдар ары қарай шарықтап ала жөнелді. Басынан бастап барлық шумағын қосып, бір айтып шықтым. Газетке алғаш мақалам шыққан кездегідей жүрегім тулап, кеудемді бір қуаныш кернеді. Сол бойы орнымнан атып тұрып, Мұхарбекті іздедім-ау деймін. Одан арғысы аса есімде қалмапты..., - дейді Оразәлі Баймұрат.

Өлеңге арқау болған Үмітгүл мен Мұхарбектің таныстығы

Торғайдағы мектепте 11-сынып оқитын Мұхарбек Жәкей 1991 жылы Арқалықта өткен қазақ тілі мен әдебиетінен өткен олимпиадаға қатысады. Бұл байқауда Қарқаралының Қарағайлысынан 10-сынып оқитын Үмітгүл деген өзі сұлу, өзі әдемі оқушы қыз да бақ сынайды.

Мен сол жылы КазҰУ-ға оқуға түстім. Студент кезімізде екі-үш рет кездестік. Хат жазысып тұрдық. Үмітгүлдің дүниеден өткеніне 11 жылдай (2013 жылы 25 қаңтар) уақыт болып қалды. Қарқаралының орталық бейітіне жерлеген екен. Басына баруға мүмкіндік болмай жүр. Оның қайтқанын туған сіңілісі Гүлнафистен естідім. Арамыздағы байланыс үзіліп кеткен. Оның өз отбасы бар. Өлеңнің сөзі 1992 жылы 2 курста оқып жүргенде жазылды. Ол кезде жасым 18-де, - дейді Мұхарбек Жәкей.

Әнін жазған Оразәлі Баймұрат Үмітгүлдің Алматыға келген кезін еске алды.

Бірде Мұхарбек ғашығы Үмітгүлді біздің жатақханаға ертіп келіпті. Көрдік. Әрине, ақынға муза боларлықтай жан деп айта алмайсың. Қазақтың кәдімгі қарадомалақ қызы екен. Мұхарбек маған «әнді айтып берші» деп қолқа салды. Әнді айтып жатқанда Үмітгүлдің жанарына жас үйіріліп тұрды. Бұл Үмітгүлді бірінші және соңғы рет көруім еді..., - дейді Оразәлі Баймұрат.

Осылайша бұл ән алдымен ҚазҰУ қалашығын шарлап, кейін бүкіл Алматыға тарайды. 

Аман деген жоғары курста оқитын ағамыз бар еді. Соның жатақханадағы бөлмесіне бір әнші жігіт келді. «Үмітім-гүлімді» айтып жүр екен. Аман аға мені әннің авторы деп таныстырды. Оны біз де тыңдадық. Керемет орындайды екен. Сонда оның «маған жұрт осы әнді қайта-қайта айтқыза береді» дегені бар. Өкінішке қарай, ол әншіні сол кездесуден кейін мүлдем көрмедім, - дейді Оразәлі Баймұрат.

Әннің түпнұсқасы қалай өзгеріп кетті

Әннің авторларының айтуынша, әнші Тоқтар Серіков әннің сөзіне өзгерту енгізген. Кейіннен Нұржан Төлендиев те сол нұсқаны орындаған.

1990-шы жылдары Тоқтар сөзін бұрмалап айтқанда, оның тұратын пәтерінің телефонын тауып, бір рет сөйлестім. «Жақсы, жолығайық. Дұрыстап айтайық» деген. Одан кейін телефон нөмірін жоғалтып алдым ба, өзім дұрыс құнттамадым ба, білмеймін, осы сөз аяқсыз қалды, - дейді Оразәлі Баймұрат.

Тоқтар Серіковтен кейін әнді бірқатар өнер иелері айтып жүрген. Бірақ, ешқайсысы әннің түпнұсқасы мен авторларын көрсетпеген.

«Сенің әніңді Нұржан Төлендиев орындап жүр» деген соң, ғаламтордан нақтылайын деп іздедім. Тез табылды, әрине. Тыңдасам, сол баяғы Тоқтар Серіков айтқан әннің сөздері екен. Тоқтар ақынжанды жігіт қой, жанынан көп сөздер қосып жіберген болатын. Бақсам, бұл әнді соңғы жылдары Нұржан Төлендиев қана орындамапты. «Үмітім – гүлім» деп тергенімде, ғаламтор бәрін шығарып берді. 2013 – Бауыржан Оспанов, ал Нұржан Төлендиев 2014-те орындапты. 2015 жылы Бақыт Ілияев айтқан. Бұл есімді де бұрын-соңды білмеген екенмін. Бауыржан мен Бақыт та Тоқтардың нұсқасымен орындаған, - дейді Оразәлі Баймұрат.

Ерекше әннің ел ішінде танымал болған кезінде белгілі ақын Жарас Сәрсек қызына "Гүлім" деп ат қойыпты.

Бауыржан Бабажанұлының ақын Жарас Сәрсек туралы эссесінде айтқаны ғана сақталыпты. Жарас ағамыз осы ән дүрілдеп тұрған кезде өмірге келген қызының атын Гүлім деп қойған еді, - дейді әннің авторы.

Алайда, бүгінге дейін әнді шырқап жүрген қаншама әнші түпнұсқасынан бейхабар көрінеді. Бәлкім, осыдан кейін әннің авторларын көрсетіп, түпнұсқасын орындайтын өнерпаздар көбейер.

Әннің түпнұсқасы:

Үмітім – гүлім

Әні: Оразәлі Баймұрат

Сөзі: Мұхарбек Жәкей

Үмітім – гүлім, гүл-гүлім,

Иран-бақтағы бұлбұлым,

Жанымның түріп түндігін,

Құшағыма келіп кір бүгін.

Он сегіз жылға татиды

Өзіңмен өткен бір күнім.

Үмітім – гүлім, қарағым,

От болып жанып барамын.

Үрікпеші менен, маралым.

Толқынға кетіп аралым,

Жағаға шыққан кездерде

Баққаным сенің қабағың.

Үмітім – гүлім, гүл-бағым,

Сезімді, жаным, ұрладың.

Өзгеге мойын бұрмағын,

Өзіңді мәңгі жырладым.

Махаббат атты әлемде

Болайын мен-ақ құрбаның.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға