«Бір адам қайтыс болды»: тағы бір лайнер карантинге жабылды

 AFP via Getty Images
Фото: AFP via Getty Images

Франция жағалауындағы лайнерде норовирусқа байланысты 1700-ден астам адам оқшауланды. Франция билігі бұл жағдайдың хантавируспен еш байланысы жоқ екенін мәлімдеді.

50 адамда нотовирус белгілері бар

Францияның Бордо портында тұрған Ambition круиздік лайнерінде 1700-ден астам адам карантинге жабылды. BBC-дің хабарлауынша, круиз кезінде бортта норовирус белгілері байқалған 90 жастағы жолаушы қайтыс болды. Бұл инфекция кезінде құсу мен диарея болады. 

Лайнерде 1200-ден астам жолаушы және 500-ден аса экипаж мүшесі болған. Ambassador Cruise Line компаниясының мәліметінше, сот-медициналық сараптама әзірге өлімнің нақты себебін анықтаған жоқ. Францияның Денсаулық сақтау министрлігі борттағы тағы 50 адамда норовирус белгілері бар екенін хабарлады.

Бордо билігінің айтуынша, үш жолаушы өз каюталарында оқшауланған, ал қалғандарына жағаға шығуға тыйым салынған. Қазір кемеде күшейтілген дезинфекция жұмысы жүріп жатыр. 

Круиз 6 мамырда Шетланд аралдарынан басталып, Белфаст пен Ливерпульде тоқтағаннан кейін Бордоға жеткен. Норовирус белгілері лайнер Ливерпульге барған соң байқала бастаған, ал аурудың шарықтау шегі 11 мамырға сәйкес келген.

Норовирус дегеніміз не?

Норовирус –  кең таралған, жұқпалы вирус. Асқазан мен ішекті зақымдап, жедел гастроэнтерит тудырады. Кейде халық арасында «ішек тұмауы» деп аталады. Норовирус тез тарайды. Кез келген жастағы адам жұқтыруы мүмкін. Әсіресе, жабық ортада (мектеп, аурухана, круиздік лайнер) жиі таралады. 
 
Норовирус бірнеше жолмен таралады. Ауру адаммен тікелей байланыс кезінде, су арқылы, лас затты ұстап, кейін ауызға салғанда да жұғуы мүмкін. Вирус қоршаған ортада ұзақ сақталып, оңай жұғады. 
 
Белгілері қандай?
 
Ауру белгілері әдетте 12-48 сағат ішінде пайда болады. Жүрек айну, құсу, іштің сұйылып өтуі, іштің ауыруы, дене қызуы, әлсіздік, бас ауруы білінеді. Көп жағдайда ауру 1-3 күн ішінде өтеді. Норовирус көбіне жеңіл өтеді, бірақ балалар мен қарттар үшін қауіпті. Дене сусызданса, асқынуы мүмкін. Сирек жағдайда өлім қаупі бар. Арнайы вирусқа қарсы дәрі жоқ. Негізгі ем – көп сұйықтық ішу. 
 

Круиздегі хантавирус: лайнерде қазір не болып жатыр?

Естеріңізде болса, тағы бір круиздік лайнердегі қауіпті жағдай әлем назарын аударды. Бұл жолы сөз норовирус емес, әлдеқайда сирек әрі қауіпті – хантавирус туралы. MV Hondius лайнерінде хантавирус жұқтыру жағдайлары тіркеліп,  3 адам қайтыс болды, тағы бірнеше адам ауырып жатыр. ДДСҰ дерегінше, барлығы 9–11 жағдай анықталған. Вирус түрі – Andes штаммы, бұл – хантавирустар арасында адамнан адамға жұғуы мүмкін жалғыз түрі.  
Фото: Ubay Rodríguez/Europa Press/dpa/picture alliance
 
Қазір барлық жолаушы эвакуацияланды. Кеме Канар аралдарындағы Тенерифеге жеткен соң барлық жолаушы түсіп, өз еліне жіберілді. Олар қазір әртүрлі елде карантинде отыр. 
Қазір кемеде тек экипаж және медициналық қызметкерлер қалған. Лайнер Нидерландқа қарай бағыт алған. Жеткен соң экипаж да карантинге жіберіледі. 
 
АҚШ-та 18 адам карантинде. Ұлыбритания, Франция, Австралия және басқа елдер де бақылауды күшейткен. Кейбір елдерде 40-45 күнге дейін оқшаулап жатыр. Ескерер тұсы, кейбір жолаушыларда симптомдар кейін пайда болуы мүмкін. Инкубациялықкезең 6 аптаға дейін созылады. Сондықтан бақылау кемінде 21 маусымға дейін жалғасады. Кейбір эвакуацияланған адамдар ауруханадан шығарылып, үйде карантинде отыр. Көпшілігінде вирус анықталмаған. Сарапшылар жалпы халық үшін қауіп төмен екенін айтады. 

Оқи отырыңыз