Жаңалықтар

Білімдіге бес сауал | Дихан Қамзабекұлы

Префессор Дихан Қамзабекұлының жауабы
Білімдіге бес сауал | Дихан Қамзабекұлы
21.04.2017 12:48 8677

Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. Әншейін жұмбақ емес, өз ойымша, адамның екі дүниесіне бірдей керек. Бұл сөздерге дін кітәбінан дәлел көрсет деймін, (демеймін ?  Ж.Ж) тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен. Жауап беруші қазақ болсын, басқа жұрт болсын бәрібір, бірақ жауап қазақ тілімен жазылсын, яки, қазақша тәржіме етілсін. Бірлі-жарым араб, парсы, яки, орысша сөз кірсе, қазақша тәржімесі жазылса екен. Жауап неғұрлым ұғымды, қысқарақ сөзбен жазылса екен һәм не «Айқап» арқылы, не тура өзіме төмендегі адрес бойынша хатпен жіберілсе екен. Екеуінің қайсысына жазылса  да, қол қойылған болып, адресі көрсетілу тиіс, себебі, құдай жеткерсе, бұл туралы жазылған сөздердің бәрін жинап кітап қылып бастырмақ талабым бар. Бұл сұраған сөздерімді халық пайдасы деп ойлаймын. Ол ойымды дұрыс көрсеңіз жауапқа жеті тиын аямассыз деп үміт етемін.

Бес сауал мынау:

Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?

Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

Ең жақсы адам не қылған кісі?

Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не?

Шаһкарим Хұдайберді оғлы

Адрес: Ст. Аркат, Семипалатинская обл. Чингизской волости,

Шахкариму Худайбердину

(«Айқап». 1912.  №5,  96-бет)

Шәкәрім атамыздан аманатқа қалған бұл бес сұрақтың мәні мен маңызы қазіргі заманда да артпаса кеміген жоқ. Сол бес сұрақты біздің заманның білімділері  мен ұлт зиялыларына қоюды жөн көрдік. Әр адамның екі өміріне бірдей керек бұл бес сұраққа жауап берушілердің бірі ─  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы.

─ Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

─  Ең әуелі аңдатпа ретінде айта кетейін, жаңылыспасам 1991 жылы «Айқап» журналы тігінділерін парақтап отырып, осы сауалдарға көзім түскен еді. Кейін бұл имани сұрақтарға жауап берген бірнеше замандас азаматтардың ой-пайымын оқыдым. Ізденгіш журналистер осы «бес сауалды» қайта-қайта жаңғыртып тұрғаны да бізді қуантады.

Сол жылдары танымал «Қазақ» газетінен де қоғамдық тақырыптағы Шәкәрім ақсақалдың жалпы ғылыми қауымға белгісіз бірнеше мақаласын оқыған едім. Содан «бұл данамыз айналадағы бар нәрсеге бейжай қарамаған екен ғой» деп ой түйгенмін... 20-жылдардың басында Ә.Бөкейханның ақыл-кеңесімен Германиядан Макс Кучинский есімді бір ғалым Қазақстанға келеді. Мақсаты – қазақ тіршілігін зерттеу. Қ.Кемеңгерұлы сол ғалымды Шәкәрімге апарады. 1925 жылы «Дала және оның халқы» («Steppe und mensch») атты кітап Лейпцигте жарық көреді. Міне, осылай қазақ ойшылының пікірі неміс жұртына да жетеді...

Шәкәрім сауалы – ұлт өзегі мен өрісін, танымы мен талабын аңдататын сұрақтар. Сондықтан оларға берілетін жауап әрқилы болса да, маңызы ерекше деп білеміз.

Енді сұраққа оралайық, «Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?» дейді. Менің ойымша, бәрін білуші, бәрін көруші, адамзатқа дейін де болған, дүние төңкерілсе де болатын Алла Тағала адамды яки ақылды жан иесін әлемге жақсылық тарату үшін, үйлесімділік һәм сабақтастық дәнекері ретінде ұрпақ өрбітуі үшін жаратты.

Адам – Алланың жаратқандағы мақсатын білсе адам, білмесе – надан. Адамзатқа, айналасына зиян келтірсе, қиянат жасаса – хайуан. Зияны мен қиянатына кешу сұрамаса – шайтан.

Он сегіз мың ғаламның ішіндегі ең ақылды жандық («жәндік»-тің адамға қатысты қолданған баламасы) – адам Аллаға шексіз риза болып, ғұмырында тәубамен өмір сүріп, әлемдік үйлесімнің ең басты тетігі – ішкі иман мен шынайы мәдениетпен жүруге міндетті.

Алла үшін әрбір адам – тәжірибе яки сынақ алаңы. Әр адам тіршіліктегі амал дәптерін «өзі жазады» және соған сәйкес жауап береді.

Адамды да, адамзатты да жаратқан Алла пендесіне аса мол рақымшылықпен ақыл-ой, еңбек пен нәсіп беріп, ақыретте соның есебін алады. Екі дүниенің абыройы осыдан құралады.

─ Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Адам үшін тіршілік  өмір сүрудің амал-тәсілі, жолы. Тіршіліктегі ең керек нәрсе – адал еңбек пен иман. Пендені қараңғылықтан алып шыққан не? Ақылы мен парасаты. Бүгінгіше айтсақ, өз дәуіріне сай қарапайым да болса білік-білімі. Жабайы дәуірдің білімі – тәжірибе. Қараңғылықтан арылу дәуірінің білімі – дін әліппесі. Дін әліппесін оқыған адам дүниені таниды, ғаламдағы өз орнын бағамдайды.

Тіршілікті адалдық пен тазалыққа сай құрған адам мен қоғам адаспайды. Жамандыққа бармайды. Бәрінде өлшем мен өнеге болады. Ынсап, қанағат, обал-сауап, қайырымдылық артады. Береке көбейеді.

─ Адамға өлген соң, мейлі не жөнімен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?

Алла аманаты – Құран-кәрім бұл сұраққа «бар!» деп жауап береді. Біз де оған иман келтіреміз.

Адам жаны – мәңгі. Ендеше тіршілігінде жасаған еңбегінің нәтижесін артындағылар ғана емес, жаны да сезінеді. Оның сауабы да, азабы да бар. Құран мен Хадисте адамның амал дәптері жабылған соң, оған нендей сауап тиіп жататыны айтылған.

Бұлай айту немесе жеткізу кімге керек болды? Әрине, жердегі пендеге. Бұл да Алланың керемет бір адамға жасаған мүмкіндігі. Берген сабағы, көрсеткен жолы. «Ажал сағаты жақындағанын сезсең де, бір түп ағаш отырғыз. Ертең саясында демалған адам саған рахметін айтады» дейді имани құндылықтарымызда.

Біреу көз майын тауысып кітап жазады, біреу белі иіліп кетпенмен жер өңдейді. Бұл – ат шығару мен отбасын бағудың ғана қамы емес, адамзаттың ертеңі үшін еңбек етудің қамы.

Біреу ғалым еңбегін ұрлап-жырлайды, біреу жер емген диқаншының еңбегін жеп, арзан пұлдап, олжалағанын делдалдықпен қымбатқа сатады. Бұл – бес күндік тіршіліктің лас жолы. Пендешілігі ақылын тұмандатып адасады. Сол үшін де Алла алдында жауап береді. Азаптың соқпағы осы болса керек.

Елдесін, елін алдайтындар, қорлайтындар, сорлататындар бар. Бұлар өз-өзіне үкім шығарғандар.

─ Ең жақсы адам не қылған кісі?

Ең жақсы жан – екі дүниенің обал-сауабын ойлаған адам. ХХ ғасыр басында «не қылған?» - «қандай?» деген мағынаны берген. Бір жағынан, «не істеген?» деген де айқын балама мағынасы көрініп тұр. Осы тұрғыдан келсек, ата-анасын, ұрпағын, қауымын, ұлтын, елін ойлаған, солар үшін аярлықпен емес, еңбекпен мал тапқан, нәпақасын лайықты (қайырымдылыққа, білімге, ағайынның бірлігіне, ауыл-аймақтың дамуына) жұмсаған адам – жақсы адам.

Бүгінгі заман айнасына қарасақ, біреулер өтірік, суқит есебін, әрекетін былайғы жұрт білмейді деп, жалған абырой жинаумен әлек болып жүр. Олар өзін ойланбастан «жақсы адамға» жатқызады және жұрттың осылай деуін талап етуге (ұйымдастыруға) уақытын да, басқасын да аямайды. «Мұның дұрыс емес!» деп пікір айтқандарды жау көріп, олармен күресуге пейілді.

90-жылдары алаяқтық пен рия кепиет қоғамды обырдай матап алса, сол жұқпауы тиіс кесел жұқпалыға ауысты. Бұл – Жаратқанның сыны десек те, жамандыққа қарсы тұрар иммунитетіміздің әлсірегені анық. Сондықтан халық жақсы мен жаманды айырудан қалып барады. Бірақ түптің-түбі түзелуі тиіс. Әйтпесе бәрі құрдымға кетпек.

─ Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма?

Бізге бұзылып бара жатқандай көрінеді. Алайда тарихқа қарасақ, әр дәуір бүгінгі біздің сезімімізді бастан кешкен. Дегенмен жарты ғасырлық ғұмырымызда ХХ ғасырдың 70-80 жылдары мен ХХІ ғасырдың басын салыстырудың мүмкіндігі туғанына тәуба дейміз. Мысалы, осыдан 30-40 жыл бұрын ғылымға негізінен даярлығы бар мамандар келетін. Қазір мүлдем олай емес. Атқарушы билікке сатылап өсетін, тәжірибе жинап барып ұмтылатын. Бүгінде жоғары оқу орын бітірген соң 4-5 жылда лауазымды қызмет атқаратындар (дұрысы, сондай орынға тағайындалатындар) шықты. Адамшылық та, білім де, ғылым да құнсызданды. Үлкен ғылыми мекемелерді жөні түзу докторлық диссертация қорғай алмаған пысықайлар басқарған мысалдар бар. Бұқаралық ақпарат саласының жауапты құрылымдарына журналистикада бірде-бір күн істемегендер жетекшілік ететін болды. Мәртебелі орындар мұның бәрін «менеджерлік» деп бүркемелейді. Бірақ олардың тәжірибесіздігі сәт сайын көрінеді.

«Түйенің танығаны – жантақ» дегендей, ұлттың рухани әлемінен мақұрым басшылар өзіне «әліпті таяқ» деп үйреткен адамдарды қазақ классиктерінен жоғары қоятын болды...

Адамшылықтың ұясы – мектеп. Орта білім жүйесі қай жағынан да әлсіреп кетті. Мұғалім қауымы бәсекесізденді. Айлығы мардымсыз жерден біліктілер қашты. Ең сорақысы, осының бәрі жас ұрпақтың көз алдында өтіп жатыр.

Ғылымның негізі – оқулық болса, соны сапаландырудың тетігін әлі таба алмай келеміз. Миллиардтар босқа шашылады да, өрелі оқулық даярлау ісіне жарымаған қаржы бөлінеді. Кітап мәселесіне келсек, біраз ақын-жазушы таптаурын шығармаларын тықпалап, дарындардың алдын орап жүр.

Кеңес дәуірінің өзінде халық дін мен діндарды ең таза нысан деп қабылдайтын. Тәуелсіз заманның «діндарлары» есеп-қисапқа, интригаға шебер болып шықты. БАҚ-тан қазіргі діни саладағы түрлі «текетірестерді», «есеп айырысуларды» естігенде, төбе шашың тік тұрады...

Бұл – көлеңкелі, тұманды жағымыз...

«Тәуба!» дейтін де жағымыз бар. Халық осы жамандықтың көбін алақандағыдай көріп, баға беріп отыр. Жастар «үлкендеріміз неге екі жүзді?» деп намыстанатын болды. Әр жерде әр деңгейде қайырымдылық шаралары өтіп жүр. Білімін, білігін тұмауратып тұрған елін емдеуге жұмсағысы келетін азаматтарды байқаймыз. Жауабымды осы арадан түйіндеп, сөзімді қортындылайын.

Алаш арыстары заманға сұрақ қойған дананы әркез «Шәкәрім ақсақал» деп жазады. Алаш автономиясы жарияланғанда, ол кісі Абайдың жасында-ақ екен. Яғни 59 жаста. Сірә, ақсақалдық мінезбен, сарабдал оймен келсе керек.

Сауалының аяғында Шәкірім ақсақал: «Қай түрлі жауап берсеңіз да, дәлеліңіз не?» дейді.

Жоғарыдағы жауабымды айтқандағы дәлелім – көрген көзім, түйген санам, жиған тәжірибем болды. Әрине, оның бәрі өз қалыбымнан шыққанына яки субъективті екеніне дауласпаймын. Соның өзінде бұл көп замандасымның ойымен үндесетінін білемін.

Атамыздан қалған аманат сұрақтарға жауап бергеніңізге алғыс айтамыз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға