Жаңалықтар

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 22.06.2023 18:55 1861

Астанада «Жеңісті күндерде жүздескенше!» атты дәстүрлі республикалық бильярд турнирі өтті. Бұл турнир белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылып отырған шараның өтуіне «Ақжол» партиясы ұйытқы болып, өткізіп отыр.

Қазақтың қоңыр дауысты комментаторының атын ұлықтап, есімін ұмытпауға, ізгі істері мен өнегелі өмір тарихын айтпақ үшін зиялы қауым өкілдері «Зодиак» бильярд клубына жиналды. Олардың ішінде ардың ісі әдебиеттің жүгін көтерген қаламгерлер мен ақындар, «жегені жантақ, артқаны алтын» журналистер, елдің сөзін сөйлеген депутаттар мен мәдениет саласына қара терін төгіп жүрген қайраткерлер бар. Бәрі Амангелді Сейітханның көзін көрген, сыйласқан дос, құрмаласқан құрдастары, ізін басқан інілері.

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Турнирде 13 команда бақ сынады. Әр командада алатаяқпен көздегенін қалт жібермейтін 3 сұрмергеннен бар. Іріктеу кезеңінен тартып сайыс қыза түсті. Бильярдтың жілігін шағып, майын ішкен майталман ойыншылар турнирдің қоламтасын көсеп, отын қыздыра түсті.

Дәстүрлі турнирдің өтуіне ұйытқы болып келе жатқан Арман Сқабылұлы Амангелді Сейітханмен бірге өткен қимас сәттерін бөлісіп, қазақтың ғажап комментаторының кісілік келбеті, адамдық болмысы туралы пікірін білдірді.

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Мен Амангелдімен «Хабар» арнасы алғаш құрылған күннен бастап бірге жұмыс істедім. Бізде спорт бағдарламаларын жүргізді. 2000 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткен тұста тұңғыш рет Амангелдіге сенім артып шығардық. Оған дейін ешқашан тікелей эфирде қазақ тілінде репортаж жүргізілмеген. Қазір көптеген жанкүйерлер мен оқырмандар сол кездегі қалай жүргізгенін, ерекшеліктерін айтып жүр. Спорт жарыстарын қазақша қалай жүргізу керек екенін көрсетіп берді. Қазақтың бай да құнарлы тілін керемет пайдаланды. «Хабар» арнасында футбол ойындарын жүргізгеннен кейін әрі қарай да спорт саласына жауап беріп жүрді. Оның өз тілімізде майын тамызып жүргізгенін, қазақша комментаторлықты жоғары деңгейге көтергенін көп басшылар көре алмады. Әлі де болса қазақ тілі өгейлік көріп, қағажуға ұшырайды. Спорттың өзінде сондай жағдайлар болды. Қолмен ұстап, көзбен көрмегеннен кейін аттарын атап айта алмайсың. Бірақ белгісіз күштер спорттың қазақша жүргізілгенін қаламады. Өзім куә болғандай, ең үлкен басшылардың қабылдау бөлмелеріне жан-жақтан телефондар ұйымдастырылып, «ана спорт комментаторын алып тастаңыздар, ол жүргізбесін» деген сияқты бұйрықтар берілді. Ақыры дегендеріне жетті. Бағдарламалар орысша жүргізіле бастады. Бірақ Әбекең сынып қалатын адам емес. Әрі қарай да спорттан басқа бағдарламаларды жүргізді. Олимпиадаларға, әлем чемпионаттарына барып өзінің керемет репортаждарын жасап жүрді. Ол – қазақ спорт комментаторлығына жаңа леп алып келген, қазіргі заманғы спорт жарыстарын қалай жүргізу керек екенін көрсетіп берген біздің спорт журналистикасының басында тұрған тұлға деп есептеймін. Өз басым Әбекеңмен ағалы-інілі болып бір жерде жұмыс істедік. Астанаға келгеннен кейін де жақын арласып жүрдік. Ол кісі тек қана спорт емес, елдік мүдде жолында көп күйінген азамат. Біздің партияның жұмыстарына да белсене араласып, шараларымызға қатысқан. Біздің партияға бөтен емес. Сондықтан басшыларға Әбекеңді еске түсіру туралы ой тастадық. Осы турнирді өткізуге шешім қабылдадық. Құдай қаласа, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз! - дейді Арман Сқабылұлы.

Амангелді Сейітхан журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын ғана емес, соңына дара мектебін қалыптастырып үлгерді. Қазақтың көркем, орамды тілімен репортаж жүргізгені тақыр жерге тау тұрғызғанмен бірдей еді. Қоңыр күмбір дауысымен, сүбелі сөзімен, ұтымды ойымен алғаш эфирге шыққаннан бастап жұрт жүрегінен терең орын алды.

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Амангелді Сейітханның ақ жағалы министрлерден бастап, ауылдағы шопанға дейін ұғынықты, қызықты қылып жүргізетін комментаторлық қырына тоқталды.

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Амангелді Сейітхан ағамызды еске алу турниріне келіп отырмыз. Ол кісі қоғамда, қазақ журналистикасында өзіндік орны бар ерекше тұлға еді. Біз 98 жылдардан бастап араластық. Мен ол кезде ҚазҰУ-де журфакта оқитынмын. Ол кісі «Спорт» газетінде жұмыс істейтін. Мен осы газетке материалдар апарып, практикаға барып жүрдім. Бейсен Құранбек, Амангелді Сейітхан, Сайын ағаларымыз бар, бас редактор Несіп Жүнісбаев бастаған кіл мықты азаматтар сол «Спорт» деген газетті шығарды. Амангелді ағаны елдің бәрі телевизонщик дейді, әуелі газетщик болып бастады. Оның тележурналистикадағы репортаждарындағы сөзінің көркемдігі, қоюлығы сол газеттен қалыптасқан. Содан бастап Амангелді қалай көзге түсті, өмірінің соңына дейін елдің алақанында өтті. Біз аға-іні болып жүрдік. Он жылдай алаңда бірге доп тептік. Амангелді ағамыз құрама жасақтап, мен сол кісінің командасында ойнадым. Біз Қазақстанның журналистер арасындағы шағын футболдан бірнеше дүркін чемпион болдық, күміс жүлдені еншіледік. Өте намысқой кісі еді. Ұлттық мәселеде болсын, журналистикада болсын, айтыс не спортта да болсын, қай салаға да жан жүрегімен кірісіп, кең ұғымда қабылдайтын. Жас кезінде қалыптасқан дағдысы бойынша кез келген мәселеге ұлттық тұрғыдан қарайтын. Спорттың қай саласында да болсын қазақтың қара көз азаматтары болса екен дейтін. Ұлттық журналистикадағы, телевизиядағы кемшін тұстарды ашық, әділетті жазу, жауырды жаба тоқымай таза болуын талап ететін. Оның сыртында әке ретінде де биік өнеге көрсете алды. Ерасыл деген баласын спортқа тәрбиеледі. Қазір үлкен футболшы болып, «Қызылжарда» доп теуіп жүр. Үйдегі жеңгеміз де, менің туыстық жақтан әпкем болып келеді, Аман ағамыздың қас-қабағына қарайтын. Кез келген мәселені эмоциямен қабылдайтын. Аман аға екеуміз 2008 жылы Пекин олимпиадасына бардық. Өз көзіммен куә болдым. Аман аға боз кілемнің шетінде жатып, сол жерде түнеп жүріп 16 күн репортаж таратты. 2000 жылғы Сидней олимпиадасында ең бірінші Бекзат Саттархановты Қазақстанға жүрегі жарылдардай қуанып Алты Алашқа сүйіншілеген. Сондай ақ адал, тап-таза жігіт болатын. Менен 6-7 жас үлкен ағамыз. Ешқашан жолын кескен жоқпыз. Аман аға деп өттік өмір бақи. Бүгін сол Аман көкемізді еске алу турнирі «Ақжол» партиясының ұйытқы болуымен жалғасын тауып жатыр. Ұйымдастырушы – Арман Сқабылұлы ағамыз. Арман аға мен Аман аға екеуі аға-іні болып, тетелес болып телевизияда бірге жұмыс істеді. Амангелді Сейітханді еске алу – оның тарихи тұлғасын қалыптастырудың басталғаны. Осы турниер дәстүрлі түрде өтеді деп есептейміз. Әлі талай үлкен-үлкен шаралар жүзеге асады. Өзімізде қолғабыс жасаймыз. Ағамыздың жатқан жері жарық болсын. Амангелді ағамыз тазалықты, әділдікті жақсы көретін. Сондықтан бүгін шын жүйрік жеңімпаз болады деп ойлаймын, - дейді Жанарбек Әшімжан.

Амангелді Сейітхан спорт журналистикасына жан бітіріп, бейнелеу тілінің құнарын арттырды. Көптеген көрермен оның сөзіне шырмалып, ризашылықпен эфирден алыстай алмай қалатыны да ақиқат еді. Амангелді ағасынан мәйекті сөзді, шебер тапқырлық пен өрелі ойды енші қылып алған шәкірттері аз емес. Соның бірі бүгінгі таңда ағасының орнын өгейсітпей толтырып жүрген спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен де турнир туралы ойымен бөлісті.

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Бұл – екінші рет өткізіліп жатқан турнир. Осыдан бір жыл бұрын басталған турнирді ұйымдастырушы «Ақжол» партиясы және Арман Сқабылұлы деген ағамыздың идеясымен іске асып отыр. Ол кісі болмаса мына турнир басқаша форматта өтетін бе еді?! Негізі Аман ағаның өзі тірі кезінде бильярдты керемет ойнады деп айта алмаймын, бірақ осындай жарыстардан қалмайтын. Бүгін кілең сұрмергендер, бильярдты үнемі жеңіп жүрген мықтылар жиналыпты. Жарысқа келіп жатқан жазушы, ақын кісілер, журналистер Әлімжан Сабыржанұлы, Дәулеткерей Кәпұлы бастап қаншама театр саңлақтары жүр. Бәрі бильярдтың кәдімгі қас шеберлері. Егер бапкер алып жаттықса, кәсіпқой деңгейге өтіп кететін-ақ адамдар ғой біршамасы. Сондықтан бұл турнирдің деңгейі өте жоғары болатынына мен сенімдімін. Біз Алматыда Амангелді Сейітқанұлы атындағы екі рет футбол турнирін өткіздік. Қазір бұл жарыс дәстүрге айналды. Футбол масқара қызық өтеді. Амангелді Сейітқанұлын еске алу турнирі деген кезде Атыраудан, Семей, Өскеменнен, бүкіл Қазақстаннан командалар келіп, жиналып ойнайды. Бұл Қазақстан чемпиондар лигасы сияқты журналистер арасындағы үлкен чемпионатқа айналып кетті, - дейді Ермұхамед Мәулен.  

Кіл жүйріктің ішінен шын жүйріктер суырылып алға шықты. «Жеңісті күндерде жүздескенше!» атты дәстүрлі республикалық бильярд турнирінің сужаңа чемпионы «Қастауыш» командасы болды. «Ұлттық арна» екінші орынды қанжығасына байласа, «Қазақ спорт» газеті үшінші орынды қанағат тұтты.

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Ерін сыйлайтын елі барда Амангелді Сейітханның аты жадымыздан өшпейді. Ол кісі туралы аңызға бергісіз әңгімелерді айтып, соңына мұра етіп қалдырған ұлағатты істерін әрдайым сағына еске аламыз. Домбырадай күмбірлеген қоңыр үні дүйім қазақтың кеудесінде тамылжып тұрады. Жеңісті күндерде жүздескенше, қадірлі Алаш жұрты.

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Бильярд. Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир жеңімпаздары анықталды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға