Жаңалықтар

Білім гранттарының тізбесі жасалатын кезде тапшы мамандықтарға басымдық беріледі

Білім гранттарының тізбесі жасалатын кезде тапшы мамандықтарға басымдық беріледі
Фото: t.me/KZgovernment 17.10.2023 10:41 426

Биыл 1 миллионға жуық адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда 734 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың жартысы – жастар.

Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсеткіштердің бәрі орындалуы тиіс. Әр өңірдің өзінің жұмысқа орналастыру жоспары бар. Онда әрбір өңірдегі еңбек нарығының ерекшеліктері ескерілген. Соған сәйкес мемлекеттік қолдау шаралары қаралған. Әкімдіктер жастарды еңбекке тарту ісіне ерекше назар аударуы керек. Мысалы, бүгінгі күні энергетика, мұнай-газ индустриясы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, IT саласының мамандары қажет. Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері мемлекеттік білім беру гранттарының тізбесін қалыптастыру кезінде осыны ескеруі тиіс, - деді Смайылов.

Сондай-ақ премьер-министр бірқатар мәселеге де назар аударуы қажет екеніне тоқтала кетті.

Бүгінде жұмыспен қамту орталықтары облыстық Еңбек ұтқырлығы орталықтары болып қайта құрылған. Олардың аудандық Мансап орталықтары бар. Аталған орталықтар жұмыстарын біршама жаңғыртып, қайта ұйымдастырды. Енді Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы орталықтар арқылы жұмысқа орналастыру жүйесіне мониторинг жүргізу механизмін жетілдіруі тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар электрондық еңбек шарттарының жасалуына ерекше назар аудару қажет, - деді ол.

Әлихан Смайылов еңбек нарығының кешенді жоспары әзірленгенін алға тартты. Әкімдіктер осы жоспар аясында құрылып жатқан жұмыс орындарының сапасына баса назар аударуы тиіс екенін атап өтті.

Жұмысқа орналастыруды мемлекеттік қолдау аясында ғана емес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвесторлар арқылы да қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ өңір әкімдері бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін жүйелі түрде өткізіп, Астанада іске асырылып жатқан «Жолтап» пилоттық жобасын үлгі ретінде пайдалану қажет, - деді премьер-министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға