Жаңалықтар

Білім беру саласында сыбайлас жемқорлық фактілері жиі тіркелетін өңірлер аталды

Білім беру саласында сыбайлас жемқорлық фактілері жиі тіркелетін өңірлер аталды
Фото: t.me/antikornews 25.04.2023 16:11 893

Тек соңғы 3 жылда осы салада 300-ден астам жемқорлық құқық бұзушылық тіркеліп, оларды жасауда 200-ге жуық адам әшкереленді.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мәлімдеді.

Жұмағалидің айтуынша, мұндай қылмыстар республиканың барлық өңіріне тән болғанымен, олардың ең көп саны Шымкент қаласына, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі.

Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Талдықорған қаласының білім беру саласының қызметкерлеріне қатысты соңғы резонанстық істер елеулі жемқорлық схемаларының бар екендігін растайды. Алдын ала зерттеу барысында қаражатты ұрлау бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру сатысында жүретіні анықталды, - деді Жұмағали Антикор мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен отырысында.

Антикор төрағасы бұл ретте мектептердің, білім бөлімдерінің жауапты қызметкерлері және басқа да адамдар сөз байласатынын алға тартады. Қаржыландыруды алғаннан кейін қаражат қалалық, аудандық білім бөлімдеріне бөлінеді, ал үнемделген сома еңбекақы төлеу қорына аударылады.

Тергеудің нұсқасы бойынша мұндай тәжірибе Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтеріне «өлі жандарға», үлестес тұлғаларға есептеу арқылы 2 млрд теңгеге жуық ақша ұрлауға мүмкіндік берді. Тінту барысында күдіктіден 1 млрд теңге сомасында ақшалай қаражат табылды және тәркіленді, оның едәуір бөлігі шетел валютасында болды, - деді Асхат Жұмағали.

Төраға бұған бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру тетіктерінің жетілмегендігі, білім беру қызметкерлерін орталықтандырылған есепке алудың болмауы мен осы процестерді цифрландырудың жеткіліксіздігі себеп деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға