Жаңалықтар

Білім беру: Президент интернет жылдамдығын жақсартуды тапсырды

Білім беру: Президент интернет жылдамдығын жақсартуды тапсырды
Фото: © Pixabay.com 01.09.2023 13:08 862

«Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет». Президент Қазақстан халқына жолдауында осылай деді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен қатар елдегі интернет жылдамдығы да сөз болды. Мемлекет басшысы бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт деп отыр.

Тоқаев кадр тапшылығына да тоқталды. Бүгінде елімізде техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Президент білім беру мекемелері осы салаларға басымдық беруі керектігін айтты.

Сонымен қатар білім саласындағы жұмыста тұтастықтың жоқтығы да сөз болды.

Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын, - деді Тоқаев.

Президенттің сөзіне қарағанда, бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылады.

Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады, - деді ол.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту тапсырылды. Ол үшін бірыңғай сенім телефоны ұйымдастырылып, зорлық-зомбылыққа және буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірленеді.

Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет, - деді президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға