Жаңалықтар

Билікті сынаған дұрыс, сыбаған қате – Абылайхан Қалназаров

Бірте-бірте қоғам мен билік қатынасы Батыс ізімен аяңдап болса да келе жатыр
Билікті сынаған дұрыс, сыбаған қате – Абылайхан Қалназаров
08.02.2023 14:00 2839

Мәдениеттанушы-философ Абылайхан Қалназаровтың жуырда ғана жарық көрген «Шымкенттің жұмсақ күші» атты кітабы қазір көпшілік арасында талқыланып жүр. Бұл кітап ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында да «Брендті басқарудың тиімді стретегиясы» тақырыбы аясында талқыға алынды.

Осы орайда біз де кітап авторымен жүздесіп, қоғам мен билік үшін барынша көкейкесті болып бара жатқан сын тақырыбында сұхбаттасып қайтқан едік.

Абылайхан Мамырайханұлы,  жаңа кітабыңызды ел «Саяси технология туралы тұңғыш қазақша кітабы» деп бағалап жатыр. Бұл қаншалықты рас? Мысалы, мен бұл тұңғыштыққа сыни көзбен қараған болар едім. Сонда шынымен алдыңғы КСРО кезеңіндегі 70 жылды былай қойғанның өзінде, соңғы егемендік алған 30 жылда бұл тақырыпқа ешкімнің түрен салмағаны ма?

– «Жұмсақ күш» атты кітабымда абырой-бедел, политтехнология мен ақпараттық-психологиялық соғыс тақырыптары кеңінен тарқатылған. Ал оның жалпы мазмұны вервальдық образға түзету жасайтын имиджмейкерлікпен БАҚ-тағы оқиғалар бейнесін оңдайтын спиндокторлыққа сапталды. Оқырмандар сол жағын көбірек көріп, лепестеп жатса керек. Бірақ шындығы да сол. Ресми баспасөз хабарламасы да солай жолданды. Қаншама әдебиеттерді ақтардым. Тек Қазақстан топырағының ләмімен, яғни фактажымен әзірленген мұндай бірде-бір еңбекке көз түспеді. Әрине, Ресейдің саяси орталықтары тарапынан дайындалған осы тектес туындылар орыс тілінде көп қой. Бұған дау жоқ. Алайда ел ішінде отандас авторлардың орысша да, қазақша да әзірлеген бұл сияқты басы бүтін саяси технологияларға арналған кітабын кездестірмедім. Егер кездестіріп жатсаңыздар дереу маған жеткізулеріңізді сұраймын. Өйткені менің бұдан кейінгі де зерттеулеріме қажет болар еді.

Жалпы, тұңғыш болу маған құрмет жасамайды. Керісінше бұл еліміздегі көп саланың кенже дамығанын көрсетеді. Бізде қай саламен тақырыпқа кірсеңіз де тұңғыш бола беретін үрдіс бар. Сол жағы сәл біртүрлі.

– Әлеуметтік желідегі бір оқырман бұл кітабыңыз турасында: «Жеке өмір, мансап, бизнес пен саясаттағы «сын» мәселесін жақсы ашқан екен» деген пікір қалдырыпты.  Сынның сан түрі болатынының білсем де біраз ойланып қалдым...

– Бұл кітаптың «Дағдарысқа қарсы коммуникация» деген үлкен бір тарауында «Абырой-репутацияның құндылығы», «Жалған ақпараттың тарауы және оған қарсы реакция», «Жағымсыз шынайы ақпараттың жария болуы және оған қарсы реакция», «Дағдарысқа қарсы іс-қимыл ұсынымдары» деген бөлімдер бар. Солардың бәрінде бұл тақырыпты қозғай келе, ішінде «Жалған ақпараттың тарауы және оған қарсы реакция» бөлімі аясында сын садағының табиғатын өз білім-білігімше тереңірек талдауға тырысқан едім. Айталық, жалған, жағымсыз ақпараттың тарауы – бұл сыбыс, ғайбаттау, фактілердің дұрыс интерпретацияланбауы және басынан-аяғына дейін айыптауға құралған негізсіз сыннан көрінеді.

Оның көзі екеу болады: А – Дерек көзі беделді емес, яғни «сарыжағал баспасөз», шулы басылым, қамтылымы аз әлеуметтік желі, даукес, жаман аты шыққан блогер немесе  Б – дерек көзі беделді, маңызды, ой-пікір көшбасшысы. Бір сөзбен айтқанда, кейбір сыңаржақ БАҚ, журналистер мен блогерлер, ақпараттық киллерлер мен рэкетирлер, қателіктер, арам ниет, қасақаналық.

Ақпараттық соғыс мамандарының айтуынша, жалған ақпараттың, оның ішінде негізсіз сынның пайда болуының төрт себебі болуы ықтимал: саяси, экономикалық, идеологиялық және жеке бас жақтырмаушылық. Мысалы, алдыңғы жылдары әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын «Түркістан облысы әкімі Түркістан қаласының атауын «Нұрлы қала» деп ауыстыру туралы ұсыныс берді» деген ақпараттың тарағаны есте. Сонда ел аумақтық басшыларды іліп ала жөнеліп, аяусыз соққылап, сынап еді ғой.

Бұл ретте басын ашып алатын бір тұс бар. Бұл – шынайы сын мәселесі. Сынды байқамаса жалған ақпаратқа, жала мен жаулыққа жатқызып, заңдық тұрғыда еркін класификациялап жіберуге де болады. Сын керек. Ұсыныс, жанашырлық пен шынайылықтан туындаған сын керек. Бірақ сын біреуді кемсіту, келемеждеу, қателігін көзге шұқып көрсету арқылы қадір-қасиет пен абыройды таптау мақсатындағы қандай да бір жаман мотивсіз – салиқалы болуы керек. Терминдік жағымен келгенде, сын – белгілі бір жұмыстың жақсы, жағымды жағымен қатар жағымсыз, кемістіктерін талдап, баға бере айтылатын да пікір. Мен кітапта бар болғаны осындай нәзік шекараларды белгілеп, соны саралаңқырап айттым.

– Сонда сын қалай айтылу керек?

– Сын айту – тілмен, жазу арқылы, сурет, бейне немесе әрекет арқылы болады. Сөз жүзінде айтылатын сын дегеніміз – қандай да бір адамның, ұйымның, қауымның еңбегі мен іс-әрекетінің, сөзінің дұрыс-бұрыс, жеткілікті-жеткіліксіз, жақсы-жаман жағын көрсету. Сынның ахлақ тұрғысынан жақсы немесе жаман болуы, оның кімге, қайда бағытталғаны, қашан, қай жерде, қандай мөлшерде, қандай мақсатта және қандай ниетте айтылғанына байланысты. Осы жағынан қарағанда сынды екіге бөлуге болады. Бірі орынды сын – түзетуші, пайдалы және теріс сын – қиратушы, зиянды. Сынның әсері немесе нәтижесі жоғарыда айтқанымыздай жағдайға қарай өзгеріп отырады.

Кезінде қоғам қайраткері Мұрат Әбенов модераторлық еткен «Kun.kz» ашық медиа платформасындағы талқы барысында бүгінгі Оқу-ағарту министрі, сол шақтағы «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры Ғани Бейсембаев осы сын мәселесін айрықша тарқатып өткен болатын. Онда «Түймедей өрмекшіден математиканың өркеші өзгерді ме?» тақырыбы аясында мектеп бағдарламасындағы негізгі пәннің бірі – математикаға қатысты айтылып жатқан сындар назарға алынды.

«Оқулық» орталығы да ел ішінде қандай сын-пікір бар, олардың арасындағы ең маңыздысын екшеп, сараптауда. Соларға қарап, қандай да бір олқылықтарға жол бермеуді қарастырып жатырмыз» деген-ді Ғ.Бейсембаев.

«Жас қазақ» газетінің тілшісі де «Оқулық» орталығы басшысына: «Қоғам тарапынан ең көп сын айтылатын саланың бірі, осы – оқулық. Сын көп жерде сапа да болу керек» деген сауал қойғанда, Ғ.Бейсембаев тағы да алдыңғы ойын жалғастырып: «Біз үшін кез келген сындарлы сын пікірдің барлығы құнды. Тек кей кезде сол сын айтушылардың сөзі шын сын ба, әлде алыпқашпа әңгіме ме, соны анықтау қиын. Кейбір жекелеген топтар бұл тақырыптың айналасында хайп іздеп жүргендей көрінеді. Оқулық – сенсация іздейтін тақырып емес. Ол жерге дабыра-дақпырт жүрмейді. Біз әрбір сынға назар саламыз, негізгі жұмысымыздан былай шығып, соның анық-қанығын тексереміз. Көп жағдайда негізсіз болып шығады. Негізі сынды айту үшін де адам маман болуы керек. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген. Сондықтан да сын айтуға да жанашырлық пен жауапкершілік керек. Яки, «сын түзелмей, мін түзелмейді» дегенді еске салғым келеді. Бұл ретте орталығымыз оқу басылымдарына қатысты пікір білдіріп отыратын бастамашыл топтармен мақсатты түрде жұмыс істеуді қолға алмақшы. Сөйтіп оқулық сапасының артуына атсалысатын сарапшылардың қоғамдық ортасын қалыптастыру міндеті жүзеге асырылмақ», деген болатын.

Бұл жерден сынға деген адекватты көзқарасты көріп тұрмыз. Дұрыс реакция. Яғни сынды қабылдау әдебіне куәміз. Алайда Ғани мырза сынның да айтылу әдебі мен шартын алға тартып отыр емес пе? Сынағаны – дұрыс, сыбағаны – қате! Сыншылардың өзінің мектебін қалыптастыру, олардың арасынан сарапшы қауымдастық өкілдерін екшеп шығаруға тырысушылық – қол шапалақтатпай қоймайды. Бұл да болса мемлекет өкілі ретіндегі білгендік пен көрегендік!

– Қазіргі біздің қоғамда сынаушылар да, сыбаушылар да аз емес. Бірақ сол сынды қабылдау жағы кемшін секілді.

– Бұл мәселенің де таяқ секілді екі ұшы бар. Шындығында, сындарлы сын қажет. Өйткені таза қалпындағы оның басты мақсаты – көңіл-күйді бұзып, қосымша жұмыс жүктеу емес. Мысалы, әкімдік жағдайында қызметтің жақсаруына көмектесу. Көмектесу болмаса да осал тұстарды кезекті рет топшылауға себеп беруінің өзі қандай-ды! Тек өзі де дұрыс сын айтуды және сынды лайықты қабылдауды үйрену керек.

Жалпы, ел үкіметі, әкімдіктер мен олардың қаптаған құрылымдық бөлімшелеріне, басшылығына өз ортасында сын қабылдаудың, қателіктерді мойындаудың корпоративтік мәдениетін қалыптастыруды қолға алатын кез келді. Жауапты тұлғалар осыны терең ұғына отырып, қолда бар ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, газет-журнал, телевидение, радио және әлеуметтік желілер арқылы қазақстандық зияткер орталарға сын айту мәдениеті мен әдебіне қатысты ақпараттық жұмыстар жүргізу де аса маңызды. Түйткілдерді көтергендегі конкретика, қызметкерлер мен басшылардың жеке басына ауып кетпеу, хайп қумау, абыройға нұқсан келтірушілік және журналистік-блогерлік этика мен мораль мәселелерін армансыз ілгерілетуге болады. Не десе де, сөз бостандығы – freedom of expression азаматтардың конституциялық құқығы. Заңда белгіленген шеңберде «деуге», «деп» қалуға хақысы бар. Бірақ бұл шектен шығуды білдірмейді. Яғни бұл жерде қазір кең таралған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты кибербулингті айтамын. Енді әлеуметтік желідегі кибербулингтің мың бір түріне де бейім болуы керектігін мемлекеттік қызмет ерекшелігі дейтін болдық.

Өкінішке қарай бүгінгі әлеуметтік желіде танымал болудың 2 нұсқасы байқалады: Алдыңғысы – Танымал тұлғамен, әсіресе, билік өкілдерімен сөзге келіп, желідегі рейтингін көтеріп, жарқ ете қалады. Екіншісі – «Бәрі жаман, мен жақсы» ұстанымы.

Бүгінде «Қоғамдық пікір көшбасшылары» деген атауға ие болғандар жалпылама сипат алып кетті. Олардың көбінің өз шындығына деген сенімі көбіне не даңққұмарлыққа, не қаржылық яки мансаптық мүддені көздеуге бағытталған. Мұны да жұрт біліп отыр.  

– Өзіңіз де біраз жерде басшылық қызметте болғансыз. Өз тәжірибеңізден не айта аласыз? Сынды қалай дұрыс қабылдауға болады?

– Меніңше, бұл түйткілге мынадай 7 тұрғыдан келу керек:

Біріншіден, Адекватты реакция жасай білу. Егер ол моральдық-этикалық, заңдық тұрғыларды сақтап айтылмаған болса да, жағымсыз пікірлерді абыроймен қабылдап, одан көп пайдалы нәрсе алуға тырысу.

Екіншіден, жау емес, одақтас деп қабылдау.

Үшіншіден, өзгенің көзқарасы мен беделін құрметтеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз жаңа саяси мәдениет қалыптастырып жатырмыз. Түрлі қөзқарас, бірақ біртұтас ұлт. Өзгенің пікірін құрметтеп, диалог жүргізу арқылы ғана еліміз ілгері жылжиды» деген еді?!.

Төртіншіден, тыңдай да, ести де білу.

Бесіншіден, алғыс айту. Барлық түзетулер мен түсініктемелер үшін кісіге алғыс білдіруді ұмытпау. Кем дегенде, ол мекеме, басшы жұмысын бағалауға уақыт бөлді. Дәл қазір бұл сынға ешкім қатты қуана қоймаса да, бірақ «Алдын ала рахмет».

Алтыншыдан, тиісті қорытынды жасау. Дәл осы қорытынды жасау тармағына қатысты кезінде күнгей өңірдің басшысы болған, яғни Түркістан мен Шымкент бір кездегі «ОҚО» әкімі Асқар Мырзахметовтың тәжірибесін назарға алмай кетуге болмайды. Ол өзінің баспасөз хатшыларына баспасөз қызметі мен ондағы мониторингшілерге БАҚ, әлеуметтік желілердегі өз құзіреттілігіне кіретін салаларға қатысты бүкіл негатив пен сынды, мәселелерді жинақтап, соларды елеп, екшеп отыруды тапсыратын болған. Олардың ішіндегі аса көкейкесті немесе шын мәнінде негізі барларын бақылауға қойып, өз қолын қойып, тиісті басқарма басшыларының түйінді тарқатуын қатаң қадағалаған. Бүгінде аңыз сияқты көрінгенімен, Шымкентте осындай да оңды істер атқарылған. Бүгінде қарапайым ауыл мен ауданда шешілетін мәселе үшін Президентке ашық хат жазу көбейді. Сонда Президентке дейінгілер түк бітірмей ме?

Жетіншіден, юмормен қабылдау және юмормен жауап беруге тырысу. Әлгі ел ішінде айтылып жүрген «Ақылды әйел күйеуіне айтатын сөздеріне қант қосып сөйлейді және күйеуі айтқан сөздерінің тұзын алып тастап тәтті етіп тыңдайды» дегендейін. Салғыласудан бәрін айыратын көкбет Ұрыс Ли болса да, айқаса кетпей шыдаған ләзім. Бұл мүмкін ғой.

Өз кезегімде ұдайы қаперде болуға тиіс мына сауалдарға назар аудартқым келеді: Сыншы мәселені қаншалықты терең түсінеді? Оның бұл ісінің астарында қандай да бір жасырын мотивтер мен себептер болуы мүмкін бе? Мұндай сын немесе негативті ескертулер бірінші рет орын алып отыр ма? Сын яки негатив нақты қалай айтылды? Қай арнамен айтылды? Әлеуметтік желі ме? Бұған қатысты нақты бірдеңе жасала ма? Неге? Өйткені кей қоғамдық пікір көшбасшыларының «Өзі жек көретін адамды, мекемені, Шымкент мысалында аймақ-өңірді бүкіл халықтың дұшпаны етіп көрсету белең алып бара жатқан тұста – бұл аса маңызды. Тіптен, арман-қиялындағы «асқаралы биік, данышпан-ғұлама, сот-прокурор» образдарына өзге түгілі өзі сеніп қалғандар желіде қаптап отырғаны тағы да рас.

Қазақтың төбе биі – Төле бидің мына үш ақылы ойға оралады: «Адамда үш сұрақ болады. Біріншісі – шын сұрақ, екіншісі – сын сұрақ, үшіншісі – жын сұрақ. Егер адам шын сұрақ қойса, жауап беріп түсіндірген абзал. Ол адам ақылға салып түсінеді. Ал екіншісі сын сұрақ, ол адам сені тексеру үшін әдейі қояды. Үшіншісін айтпай-ақ түсінесіңдер» деген екен.

Маман ретінде кәсіби пікіріңізді де біле кетсек. Әлеуметтік желілердегі сын және негативті пікірлермен қалай жұмыс жасау керек?

Қош, күндердің бір күнінде әлеуметтік желілердегі ресми акаунттардың біріндегі жарияланымға қандай керемет болса да «Атым тарихта болмаса да, комментарийде болсын» деген ұстанымдағы әлдебір қолданушының соқтығуы заңды. Аккаунтқа жауапты мамандардың немесе жеке тұлғалардың осындай жағдайларда жіберетін қателіктерінің бәрі бір-біріне ұқсас – олар эмоционалды түрде әрекет етеді. Яғни не мекемені-өзін ақтайды, не қорғайды немесе комментаторды жағымсыз пікірінен қайтаруға тырысады. Бірақ мұның барлығы, осы саладағы кәнігі мамандардың пікірінше, текке уақытты ысыраптау. Мұндағы ақылға қонымды стратегия – адамның өз санасында «сыртқы бақылаушы» режимін қосуы және осы күйден дәт ала келіп кейінгі барлық тиісті қадамдарды жасау.

 Бірінші кезекте мұны істеу үшін жауапты маманның осы ұйымның аккаунтына, осы мекемеге қалдырылмаған комментарий деп елестетіп көрген ләзім. Мысалы, аккаунтқа жауапты адам сын-түйретпені өзге бір ұйымның парақшасынан көргендей өзін сабырлы қалыпта ұстауы керек. Осылайша абстрактылану аса маңызды. Сөйтіп сыртқы бақылаушы рөлі мінберінен ғана жағдайды салқынқанды бағалай алады және оның құрамдас бөліктеріне бөліп, талдай алады. Мұнан соң адекватты жауаптасу орын алып шиеленіс дереу шешіледі. Ал содан кейінгі қадам – осы жоспарды әрмен қарай берік ұстанып, сауатты әрекет ету. Бұл тәсілдің көптеген артықшылықтары бар.

Мәселен, Стамбұлдағы бір донерхананың инстаграмына бір тұтынушысы «Донерлеріңіздің тұзы, не бұрышы жоқ, иісін де сезбедім, дәмсіз дайындайсыздар» деп жазып кетсе, бет әкімшісі оның астына «Тез ПЦР тест тапсырыңыз» деп жауап жазыпты дейді.

«Сын мәселесі» секілді мұнда да жағымсыз пікірлерді «сындарлы» және «сындарсыз» деп ажырата білу маңызды. Маркетинг өкілдерінің айтуынша, мұндай конструктивсіз пікірлер көбінесе компаниялар мысалында ештеңе сатып алмаған және ешқашан сатып алмайтын адамдардан шығады.

Мекемеге еш негізсіз шабуыл ұйымдастырып, мазақ қылып, мысқылдап, троллинг жасайтындар әдетте ұйымды да, оның қызметкерлерін де, қызметі мен мәртебесін де сыйламайтын адамдар. Оларғы ұнауға тырысудың, көңілін тауып, қайта бетін бері бұруға талпынудың еш қажеті жоқ. Бұл мүмкін емес. Ұйымды құрметтемейтін адам әлдеқашан өз ойына түбегейлі бекіген және не істелсе де қырынан қарап отырады.

Алайда кейде негатив те орынды, бірнәрсе бүлінеді, қолға алынған іс-шара, жобалар, бастамалар сәтсіз болады. Мысалы, әкімдік қызметкері парамен ұсталады және т.т. Сондай кездері бәрінің маңдайына қара таңба басып, қолданушыларды жаппай блогтай беру, банға тығу орынсыз. Шындығында, егер жағымсыз комментарийді мұқият талдаса, ол конструктивті һәм пайдалы болып шығуы әбен мүмкін. Содан кейін онымен жұмыс істеу керек және басшылыққа мән-мазмұнын жеткізіп, жағдайды ретке келтірген жөн. Қалай десе де, мұндай сындар мекеме жұмысына тегін аудит және ахуалды қалай ретке келтіруге болатыны турасындағы оңтайлы шешімдер шоғыры. Бір сөзбен айтқанда, кем-кетікті, жетпей жатқан яки қиғаш кеткен тұстарды көрсетіп, дұрыс шешімнің қабылдануына ықпал етуі ықтимал. Онда да «жегенесі мен бегенесін» айыра білу керек және онлайн әдебі мен нетикеттен таймаған жөн. Ал ең үлкен қателік – бір заманауи философ айтқандай, біз түсіну үшін сын-пікірді тыңдамаймыз, біз ізінше айтыса кетуге, таласа жауап беру үшін тыңдаймыз.

Осы жерде мынаны да баса айту керек, қадағалаушы-бақылаушы қоғам – міне, жаңа өмір шындығы. Бірте-бірте қоғам мен билік қатынасы Батыс ізімен осы межеге аяңдап болса да келе жатыр. Билік және оның маңайындағылардың, жоғарыдағылардың әр қадамы, әрбір іс-қимылы, әралуан қымбат тұратын кәкүр-шүкірі – мысалы, қол сағаты немесе күртеше, астамсып яки менсінбей сөйлеу, өзін тым тәкаппар ұстау – мұның бәрі назарға ілігіп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде талқыланып, суы шыққанша сыналатын болады. Басқаша жол да жоқ. Әйтпесе адам деген үлкен креслоға қонжиғанда өз нәпсісіне еріп, құтыра береді. Басқаша жеке тұлға культін тоқтату да мүмкін емес. Жалпы, бүгінде барлық деңгейдегі басшылар арасында қайраткерлікке негізделген бәсекелестік орта құру мәселесінің күн тәртібіне шығып келе жатқаны бекер емес.

Ендігі философия қалай болуы керек?

– Қоғамда pluralis – пікір алуандығы болуға тиіс. Әртүрлі пікірлер мен ұстанымдардың көптігі қоғамның байлығы және өркениеттік даму көрсеткіші. Алайда қазақтың ұлттық мүддесінде бір пікір, бір ұстанымда болудың маңызы аса зор. Ел егемендігі, тәуелсіздігі сияқты қастерлі мәселелерде бірі ойға, бірі қырға тартып жатса, шын масқара сол. Саяси реформаларға қатысты мәселеде пікір алуандығы, сын-сыбыр деген орынды, ал ел қауіпсіздігі, тіл, діл, дін мәселелерінде бұл бұра тартушылыққа бастамақ.

Сын мен ұсыныс айтылуы керек. Яки жергілікті беделді журналистің бірі айтқандайын, хақын сұрамаған құл болуға лайық. Жуасқа – ноқта, ынжыққа – қамшы, езге – тепкі, құлға – қамыт. Бірақ сынның да сыны бар. «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген сөз адамзатқа дұрыс сынның қажет екендігін білдіреді.

Ең бастысы, бұл жерде Отан мен билікті шатастырмау керек. Билік те халыққа жеңу міндетті қарсылас, я жау ретінде қарамауы керек. Өйткені биліктің қайнары да, оның басты қызметтік мұраты да осы – халық.

Рас, көп басшыға өшпенділік тіліне негізделген риторикалар ұнамауы мүмкін. Бірақ әркім өз биігінен ой айтуға, ойлауға құқылы. «Періште болсаң да қанатыңның сусылын ұнатпай сөйлейтін біреу табылады» депті даналар. Алайда ешкім соттың рөлін ойнамай-ақ қойса, ой-пікірге монополия орнатпаса деген бір үшбу тілек.

Ал философия – EQ мен SQ деген екі терминде жасырулы. EQ-эмоционал білім – эмоцияны басқара алмасақ, қажет кезде қуанып, стресс кезінде өз-өзімізді қолға ала алмасақ, ертеңгі күнің не болатыны беймәлім заманда сынып кету оңай. SQ-рухани білім – өмірге қаласақ та, қаламасақ та философиялық тұрғыдан қарамасақ, бір материалдық құндылықпен ұзаққа бармаймыз.

Сөз соңын қазақ қоғамы үшін тағы бір актуаль тақырып – дағдарыстық PR мәселесімен түйіндесек қалай қарайсыз?

– Дағдарыс жағдайындағы PR шаралардың міндеті – орын алған жағдайдың жағымсыз салдарын азайту. Жекелей алғанда, ахуалды одан әрі шиеленістіретін дүрбелең мен желеу сөздерге жол бермеу – басты мақсат.

 Апатты жағдайларда билік құрылымдарының дағдарыстық іс-әрекет сценарийлерінің болмауы қайғылы салдарларға әкеледі. Бұл олқылықтың орнын дереу толтыру керек. КСРО кезінде тіптен әрбір ірі қаланың атом бомбасы тасталған жағдайда не істеу керектігі жөніндегі нұсқаунама іс-қимыл жоспары болғаны белгілі.

Дамыған елдерде дағдарысты жағдайлар бойынша команда алдын-ала дайындалады. Әрбір басшы осындай жағдайда өзінің іс-әрекеті, басшылыққа алынатын мінез-құлқы жайлы толықтай жазылған нұсқаулыққа ие болуы керек. Мейлі ол ұшақ апаты, мейлі газ құбырының жарылуы, жылу қазандығының істен шығуы немесе инвесторлар акциясының күтпеген жерден сатылуы болсын, алдын ала әзірлік болмай болмайды. Сонымен қатар ең маңыздысы – БАҚ-пен үздіксіз байланыста болу. Сондай-ақ болашақта мұндай жағдайларда өз-өзін қалай ұстау керектігін анықтау үшін бұрынғы кризистерден сәйкесінше қорытындылар жасалуы тиіс. Бұл өте күрделі тақырып және оның талдамасын келер әңгімеге қалдыралық.

Сұхбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға