Жаңалықтар

Билікөл көлінің арнасына салынған заңсыз бөгет бұзылады - Бас прокурор

Билікөл көлінің арнасына салынған заңсыз бөгет бұзылады - Бас прокурор
Фото: gov.kz 26.07.2023 22:30 1277

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Билікөл көлінен Ақкөл көліне су шығатын арнаға заңсыз бөгет салу фактісі бойынша шара қабылдау туралы депутаттық сауалын Бас Прокурор Берік Асыловқа жолдады, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Депутат мүдделі органдар өкілдерінің қатысуымен Билікөл көлінен Ақкөл көліне су шығатын арнаға өз бетімен салынған бетон бөгеттің заңдылығын анықтау үшін тексеріс жүргізілуін, тексеріс нәтижесі бойынша заңсыздық фактілері дәлелденген жағдайда рұқсатсыз салынған бетон бөгеттің бұзылуы қадағалануын сұрады.

Берік Асылов жазбаша жауабында аталған факті бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін хабарлады.

Тексеріс нәтижесінде аталған бөгеттің құрылысын «Жуалы и К» ЖШС  Су кодексінің 125-бабының 7-тармағын бұза отырып, белгіленген тəртіппен келісілген жобасыз жəне Инспекцияның келісімінсіз жүргізгені анықталды. 25.05.2023 жылғы соттың қаулысымен серіктестікке бөгетті мəжбүрлі түрде бұзу жүктеліп, айыппұл түріндегі əкімшілік жаза тағайындалды. Сонымен қатар сот қаулысының бөгетті мəжбүрлеп бұзу туралы бөлігін орындау мақсатында Инспекция 19.06.2023 жылы Жамбыл аудандық сотына сот актісін сот орындаушыға жолдау туралы жолданымын жіберді, – деп жауап берді Бас Прокурор.

Сондай-ақ Берік Асылов серіктестіктің бөгетті заңсыз салуына қолдау көрсеткен лауазымды адамдарды анықтау жəне шаралар қабылдау мəселесі бойынша Жамбыл облысының прокуратурасы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне тиісті тексеру іс-шараларын ұйымдастыру туралы хат жолдағанын хабарлады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға