«Билеттен бастап баспанаға дейін»: отбасымен саяхаттаудың тиімді жолдары

 Жадыра Аққайырдың жеке мұрағатынан
Фото: Жадыра Аққайырдың жеке мұрағатынан

Балалармен бірге шетелге шығудың өзі стресс гормонының көп бөлінетінін білдіреді. Оған қоса қосымша шығыны тағы бар. Соған қарамастан үнемі отбасымен бірге саяхаттайтын жұп жетерлік. Соның бірі  – астаналық журналист Жадыра Аққайыр мен оның жұбайы Қуаныш Сапарбаев. 

Олардың төрт баласы бар, ең кішкентай жолаушы қыз – 4 айлық.  Қазір саяхатшылар отбасы Оңтүстік Корея елінде жүр. Осыған дейін 13 елге барып, түрлі жағдайды бастан кешкен. Түркияда сөмкесін жоғалтып, Вьетнам сапарында ауырып қалады. Дегенмен қайда барса дағ жұрт балаларға мейіріммен қарап, барымен бөліседі. Саяхатшы жұптың айтуынша, олар билет сататын қосымшаны жіті қадағалап, қай елге арзан билет шықса, сол жаққа тартып кетеді. Үнемі шабаданын жинап, сақадай сай жүреді екен. 2024 жылдан бері бірнеше елге барып, тіпті сонда 1-2 ай тұрып көреді. Соған орай, олардан арзан саяхаттаудың жолын сұрадық.

Оман, 2025 жыл/отбасылық мұрағат

«Біздікі демалыс емес, саяхат»

Жадыра Аққайырдың айтуынша, саяхат пен демалысты шатастыруға болмайды. Демалыс дегеніміз - бес жұлдызды қонақүйді брондап, тамақтан бастап, трансферге дейін алдын ала келісу. Яғни өзіңе де, жүйкеңе де артық салмақ салмайсың. Ал саяхатта күтпеген дүниеге дайын болып, ұнамайтын нәрселерді қабылдап үйрену керек.

Барлық жер сізді туғанындай қарсы алмайтынын естен шығармаңыз. Баламен бірге саяхаттау стресске толы сапар болады. Оған алдын ала дайындалу керек. Бізге бәрі «бала-шағамен қалай қорықпайсыздар?» дейді. Кез келген жаңа елге бара жатқан адамда стресс гормоны өте қатты бөлінеді. Үш жыл бойы тынбай саяхаттап жүрсек те, әуежайда стресске түсеміз. Тіпті балалардың төлқұжатын салып-салмағанымды бірнеше рет тексеремін. Сондықтан көбіне жеңіл қабылдап, тәуекел ету керек. Иә, балалармен саяхаттаудың шығыны көп. Біз бірақ барынша үнемдеуге тырысамыз, – дейді ол. 

«Қалтаға салмақ түсірмей-ақ, саяхаттауға болады»

Сапарбаевтар отбасы қазір Оңтүстік Кореядан Жапонияға бару үшін билет іздеп жүр. Мұнда да қалааралық тарифті салыстырып, тиімді билет тауып алған. 

Мысалы, осы жолы бізге Астана-Сеул бағытында алтауымызға жалпы 880 мың теңгеге билет шықты. Бұл – тек барар билеттің құны. Біз салыстыра келе, Шымкент-Сеул  бағытында 516 мыңға билет сатып алдық. Ал Шымкентке дейін Астанадан пойызбен бардық. Оның бағасы 73 мың теңге болды, бірақ  кешбекпен есептегенде 63 мыңға алдық. Сонда біз шамамен 580 мың теңгеге алдық деген сөз. Астанадан Сеулге тіке рейс жоқ еді. Яғни не Алматы, не Шымкент арқылы ұшасың. Сондықтан бізге барлық жағынан осы тиімді болды. Әйтпесе 880-900 мыңға алуға тура келер еді. Біз бір ғана сервистен алмаймыз, бәрін шолып, уақыты сәйкес келетін, бағасы арзандауын аламыз. Айталық, Оңтүстік Кореядан Жапонияға барарда да қай қаладан ұшқан ыңғайлы деп қарап, соңында Сеул емес, Пусан қаласынан Осакаға билет алған тиімді екенін байқадық. Алтауымызға халықаралық сапар бар болғаны 104 мыңға (бір бағытқа) шықты. Дәл сол билет басқа сервисте 118 мыңнан тұрды. Азғантай болса да үнемдей алдық, – дейді ол. 

Саяхатшы отбасы былтыр шенген визасына қолы жеткеніне қатты қуанады. Сөйтіп, Еуропа сапарында да қалааралық маршрутты шолып, арзан билет тауып алады. Астана әуежайына қарағанда Қарағандыдан ұшқан тиімді болады. Күйіп кеткелі тұрған чартер рейстен орын табады. Ұшуға бір күн қалғанда 2 ересек, 3 балаға бар болғаны 140 мың теңгеге билет сатып алады. Ал Астанадан ұшу жолын таңдаса, бір бағытқа ең арзан дегенде бесеуіне 400 мыңнан 600 мың теңгеге дейін ақы төлеуге тура келеді. Шенген визасының күні жақындағанша Түркияда саяхаттап, артынша Грекияға барған. Грекиядан  –  Италияға, Италиядан  – Мажарстанға, одан Грузияға келген. Грузия арқылы Ақтауға жеткен. Осы маршрутты  алдын ала емес, арзан билеттің ыңғайына қарай сызған. 

Рим, 2025 жыл/отбасылық мұрағат

«Пуш-хабарлама қосып қоямыз»

Жадыра Аққайыр арзан саяхаттаудың тиімді жолын былайша түсіндірді. Олар тиімді билет іздеу үшін бірнеше қолданбаны қатар қолданады.

  • Aviasales
  • Skyscanner
  • Google Flights
  • Telegram-дағы арзан және чартерлік рейстер ұсынатын арналарды үнемі бақылау;
  • Пуш-хабарлама қосып қою.

Оңтүстік-Шығыс Азияны аралаған кезде осы тәсіл ерекше көмектесті. Алдымен Малайзия еліне ұштық. Бір елге барып қана қоймай, көрші мемлекеттерді де аралап шығуды жөн көрдік. Өйткені сонша қашықтыққа барған соң, бірнеше елдің мәдениетін көріп қайту әлдеқайда қызық. Үш айға жуық  Азияда болып, 2024 жылы Тайланд, Вьетнам мен Малайзияны араладық. Мысалы, Астанадан Куала-Лумпурға билет алып, бастапқыда тек тұратын жерімізді ғана броньдадық. Малайзиядан кейін дәл осылай Тайландқа аттандық. Мұнда Google Flights өте ыңғайлы: ұшу нүктесін таңдап, «Anywhere» функциясын қолдансаңыз, қай елге, қай қалаға билет арзан екенін бірден көресіз. Бұл  бірнеше ел аралауды жоспарлағандарға таптырмас құрал, – дейді ол. 

«Шоппинг жасамаймыз, сыйлық әкелмейміз»

Отбасымен саяхаттағанда ең маңызды мәселенің бірі – баспана. Екеу ғана болсаңыз, қонақүй ыңғайлы. Ал балалармен саяхаттасаңыз, үй жалдау әлдеқайда тиімді. 

Біз көбіне Airbnb қолданбасын қолданамыз. Саяхатымыздың шамамен 80 пайызында пәтер немесе үй жалдаймыз. Малайзияда бір айда біз үш үй ауыстырдық. Екі қаласында тұрып көрдік. Үй жалдауға жалпы 450 мың теңге кетті. Егер бір ай бойы бір үйде бастан-аяқ тұратын болсаңыз, иесінен жеңілдік сұрап алуға да болады. Қуана-қуана келіседі, негізі. Тұрған үйіміздің барлығы өте кең екі бөлмелі, астында бассейн, фитнес-зал, асты кофехана, оқу залдары қарастырылған болды. Ал азық-түлік, сырттан тамақтануға 200 мың теңгедей кетті. Біз сапарда көп шоппинг жасамаймыз. Сыйлық әкеле бермейміз. Малайзиядан, мысалы әрі кетсе Uniqlo дүкенінен бәрімізге бір-екі база киімнен алдық,  – дейді Жадыра Аққайыр. 

кішкентай саяхатшылар аэропортта/отбасылық мұрағат

«Тіл табысу, келіссөз жүргізу маңызды»

Одан бөлек, саяхатшылар үй, қонақүй жалдауда мынадай кеңес ұсынады.

Қонақүйде көбіне адам санына байланысты қосымша  ақы алады. Кейде бір бөлмеге балалармен бірге орналасу үшін рұқсат сұрауға тура келеді. Мұндайда алдын ала қонақүй әкімшілігіне сыпайы хат жазып, жағдайды түсіндірсеңіз, көп жағдайда келісім береді. Airbnb-де де осындай тәсіл жақсы жұмыс істейді. Бағасы қолайлы үйлерді таңдап, пікірлерін мұқият оқып шығамыз. Содан кейін үй иесіне жағдайымызды түсіндіреміз: балаларымыздың тәртіпті екенін, үйге ұқыпты қарайтынын жазамыз. Қазір мұндай хатты жасанды интеллект көмегімен әп-сәтте дайындауға болады, - дейді ол. 

Қызығы сол, кей елде үйдің жалдау ақысы бөлме санына емес, адам санына қарай өседі. 

Кейбір елдерде адам санына қарай баға айтарлықтай өседі. Мысалы, Оңтүстік Кореяда дәл осындай жағдайға тап болдық. Екі ересек адамға арналған үй әлдеқайда арзан болды. Ал балаларды қосқанда, тәуліктік баға күрт өсті. Сол кезде үй иесіне біздің жергілікті мәдениетті танығымыз келетінін, отбасымызбен келетінімізді айтып хат жаздық. Нәтижесінде, жақсы жеңілдік жасады.
Тағы бір маңызды лайфхак  –  қонақүй бағасын бірнеше платформадан қарап, салыстыру. Booking.com мен Agoda қолданбаларын қатар пайдаланамыз. Ал осы қосымшадан ұнаған қонақүйді Google Maps-тен іздеп, ресми сайтындағы бағасын міндетті түрде тексереміз. Кейде тікелей брондау әлдеқайда арзанға түседі,  – дейді саяхатшы. 

«Сырттан сирек тамақтанамыз»

Олар сапар кезінде үй жалдап, сол жерден азық-түлік алып, тамақ пісіреді. Екі-үш рет жергілікті мейрамханадан тамақтанады.

Тамақтан да едәуір үнемдеуге болады. Біз сырттан сирек тамақтанамыз. Көбіне жергілікті дүкеннен азық-түлік алып, өзіміз дайындаймыз. Бұл әсіресе балалармен саяхаттағанда өте ыңғайлы. Баға жағынан ең қолайлы елдердің бірі  – Вьетнам. Мұнда бір ай тұрып, өте жайлы пәтер жалдадық. Такси, азық-түлік, жеткізу қызметі  –  барлығы қолжетімді. Ал қауіпсіздік жағынан бізді ерекше тәнті еткен ел  –  Оман. Өте тыныш, халқы қонақжай, атмосферасы жайлы. Дегенмен, такси бағасы қымбаттау. Дубай да есте қалды. Қала жайлы болғанымен, бірақ такси бағасы өте қымбат. Мысалы, небәрі 1,5 шақырым жолға 8 мың теңге төледік,  – дейді ол. 

Сеул, 2026 жыл/отбасылық мұрағат

«Қолма-қол емес, картамен төлейміз»

Жиһанкез отбасы барынша үндемдеуге тырысып, банктер ұсынатын мүмкіндікті мүлт жібермейді.

Біз барлық жерде Apple pay-мен төлеуге тырысамыз. Өйткені одан кешбек көбірек түседі. Қолма-қол ақшаны басқа жолы қалмағанда ғана қолданамыз. Мысалы, Еуропаға сапарымызда 100 мың теңге таза кешбекпен таптық. Ол - әжептәуір сома. Бірнеше карта қолданамыз, әрқайсысында кешбек көбірек беретін санат болады. Соған қарай бірнешеуін алып жүреміз. Кей банктер, мысалы, мүлдем бонус бермейді. Болмаса, өзінен алған билетке ғана кешбек беріп, басқа жерден билет алсаң кешбек бермейді дегендей. Осындай тұстарды ескеру керек. Жоғарыда айтқанда 516 мың теңгеге алған билетімізден түскен кешбекті ескерсек, тіпті 455 мыңға алған есеп болады екен, – дейді Жадыра Аққайыр.  

«Өзіңді жазғырудың жөні жоқ»

Саяхатта тосын жағдайдың болатыны анық. Ақша не бір затты жоғалтып алуыңыз мүмкін. Осындайда салқын санамен әрекет ету керек. 

Түркияда сөмкемді жоғалтып алдым. Ішінде төлқұжатымыз бар. Мешітке тастап кеткенімді есіме түсіріп, сонда бардық. Барсақ, қойған жерімізде жоқ. Жақын маңдағы полиция бөлімшесіне барып, жағдайды түсіндіріп, ішінде не болғанын тәптіштеп жазып, өтініш толтырдық. Олар қарап, 3 минут ішінде сөмкемді тауып берді. Сондықтан қобалжымай, жылдам әрекет ету керек. Полицияға шағымданыңыз, көмек сұраңыз, болмаса консулдыққа хабарласыңыз. Саяхат кезінде өзіңізді былай қойғанда, балаларда да  қырағылық дамиды. Әлемге ашық балалар болып өседі. Тіл табысуға бейім болады. Балаларға мейіріммен қарайтындар көп. Қолындағы тәттісін, ақшасын беріп, сый ұсынатындар көп. Қорықпай саяхатқа шығыңыз, – дейді кейіпкеріміз. 

Грекия, Афина қаласы, 2025 жыл/ отбасылық мұрағат

Сапарда мынадай қағиданы есте ұстауды ұсынады:

  • өзіңді жазғырма;
  • стресске түспе;
  • дәрі қобдишасын ұмытпа;
  • бағаны жіті қадағала;
  • қанша ақша жұмсағаныңды жаз;
  • қала аралауда алдын ала маршрут сыз;
  • саудалас;
  • тіл табысуға, келіссөз жүргізуге тырыс;
  • ұтылмаудың жолы ізде; 
  • бір рюгзакпен саяхаттауды үйрен

Оқи отырыңыз