Бибісараның анасы мен белгілі бапкер шахмат федерациясына не үшін шүйлікті?

 Бибісара Ассаубаеваның Instagram парақшасынан
Фото: Бибісара Ассаубаеваның Instagram парақшасынан

Елімізде шахмат, оған бөлінетін қаржы, федерация жұмысы төңірегінде қызу талқы басталды. Бұған шахмат жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Диас Исабаевтың әлеуметтік желідегі бірқатар жазбасы мен халықаралық гроссмейстер, әлем чемпионы Бибісара Ассаубаеваның анасы Лиана Таңжарықованың мәлімдемесі түрткі болды.

Екі тарап та Қазақстан шахмат федерациясының жұмысына қатысты маңызды мәселені көтерді. 

Өңірлердегі шахмат ақсап тұр: оқушылар 600 км жол жүреді

Диас Исабаевтың айтуынша, Қазақстанның бірнеше өңірінде тұрақты турнир өтпейді. Кейбір қалаларда ай сайын жарыс ұйымдастыруға қажетті қаражат табылмай жатады. Ал бір мезетте ірі халықаралық турнирлерге ондаған, тіпті жүз миллиондаған теңге жұмсалады.

Оның пікірінше, өңірлерге бір реттік ауқымды жарыстан гөрі, апта сайын немесе ай сайын тұрақты түрде өтетін турнирлер әлдеқайда маңызды. Себебі дәл осындай жүйелі жарыс жас шахматшылардың өсуіне мүмкіндік береді. 

Бейбарыс Мамыров – көкшетаулық бірінші разрядты шахматшы. Бізде онлайн жаттықты. Кейін спорт шеберіне кандидат нормативін орындады. Бірақ Көкшетауда турнир өтпеген соң, ары қарай дамудың басқа жолын іздеді. Қызығы сол, жаз бойы әр сенбі мен жексенбі сайын 600 шақырым жол жүріп, Астанаға келді. Сенбіде рапидке, жексенбіде блицке қатысты. Ал  Астанада тұратын кей балаларды турнир кезінде таппай қаласың. Нәтижесінде, Бейбарыс Еуропаға барып, FIDE шебері атанды. Кейінгі жылдары Көкшетаудан шыққан алғашқы FIDE шебері, – дейді бапкер. 

Диас Исабаевтың  айтуынша, сол тұста Көкшетауда Президенттің қатысуымен Шахмат үйі ашылғанымен, бәрі әдемі сурет күйінде қалған. Бапкердің жазбасына пікір қалдырған бір топ ата-ана да өңірдегі кешен қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Лиана Хаким | ЛИДЕРСТВО И ВЛИЯНИЕ|ВОСПИТАНИЕ ЧЕМПИОНА (@liana_hakim_)

Мамыров қана емес, Ақтөбеден Аманжол, Ханзада, Нұршин, Нұралы есімді балалар елордаға қоныс аударып, жетістікке жетеді. Ақнұр Мамақова болса, Ақтаудан Астанаға қоныс аударып, ел чемпионатында жүлдегер атанады. Зере Нарымбет 10 жасқа дейінгі балалар арасындағы рапидтен ел чемпионы атанбас бұрын Астанаға келіп, бір ай бойы күн сайын шахмат ойнайды. Бибісара Ержан Тараздан елордаға көшіп, биыл алғаш рет қыздар арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері болды. Иман Нәбиев апта сайын ұшаққа отырып, Астанаға келеді. Екі күн ойнап, қайтады. Жақында Сербиядағы әлем чемпионатында 4-5 орын алды. 

Әлі гроссмейстер шыққан жоқ

Жақында балалар Сербиядағы турнирге қатысты. Бір турнирге шамамен 60 миллион теңге жұмсау дұрыс па? 53 спортшыны 31 ересек алып барды. Бір адам үшін орташа шығын 700 мың теңге деп алсақ, жалпы сома 60 миллион теңгеге жуықтайды. Бұл тек ата-аналардың ақшасы емес. Шығынның бір бөлігін Қазақстан шахмат федерациясы, енді бір бөлігін жергілікті ұйымдар көтереді. Демек, мұнда бюджет қаржысы да бар. Ал жыл сайын мұндай ондаған турнир өтеді. жарыстың маңызын жоққа шығармаймын, десе де бұл FIDE мен ұйымдастырушы елдің коммерциялық  өнімі, – деді Исабаев. 

Оған қоса бапкер мұндай мықты ойыншылар турнирлерге тек рейтинг нормасын орындап, грант алу үшін қатысатынын айтты. 


Қазақстан шахмат федерациясының ұпай жүйесі тіпті халықаралық шебер немесе гроссмейстер нормасын орындап жүрген ересек ойыншыларды да балалар турнирлеріне баруға мәжбүрлейді. Олар тек рейтинг кестесіне еніп, грантқа ілігу үшін барады. Яғни, жүйе  мықты қарсыласпен кездесіп, тәжірибе жинауы керек спортшылардың өзіне кедергі келтіріп отыр. Көрші Өзбекстанмен салыстырайықшы. Осыдан он жыл бұрын деңгейіміз шамалас еді. Бүгінде оларда әлем чемпионы атағына үміткер және олимпиада чемпиондары бар. Олардың формуласы қарапайым: мықты турнирлерге қатысу және ересектер шахматын дамыту. Ал біз әлі күнге  балалардың медаліне мәзбіз, – дейді Астана Орталық шахмат клубының негізін қалаушы.

Егер балалар арасындағы халықаралық чемпионаттарға ата-аналар мен ұйымдар жұмсайтын жылдық шығын – Қазақстан шахмат федерациясының барлық грантымен шамалас болса, онда бұл жолдың тиімділігіне ойлану керек. Жаттықтырушының пікірінше, қаржының едәуір бөлігі ересектер арасындағы мықты турнирлерге, гроссмейстерлік және халықаралық шеберлік нормаларын орындауға мүмкіндік беретін айналмалы жарыстарға бағытталуы тиіс.

Грант көлемі қандай?

Биыл Шахмат федерациясы ұлттық құрамадағы 13 спортшыға 371 млн теңге бөлді. Грант қоры 3 пакет бойынша беріледі: президент пакеті (40 млн+40млн), алтын пакет (40 млн), күміс пакет (19 млн). Елімізде президент пакетіне ие болған шахматшы – Бибісара Ассаубаева. Ал алтын пакетті – төрт, күміс пакетті 9 спортшы алады. 

«Шахмат құрылтайын өткізейік»

Диас Исабаев 28 жылдан бері шахмат ойнайды. Соның ішінде шәкірт тәрбиелеп жүргеніне – 15 жыл. Ол жергілікті клубын дамыту үшін федерациядан ақша алмайды. Оған меценаттар, кәсіпкерлер көмектеседі. Ол қазір шахматтың саясатқа айналғанына қапалы. Мүмкіндік болса, сөзінің жерде қалмай, Тимур Турловқа жеткенін қалайды.

2023 жылы Турлов шахмат федерациясына келгенде бөркімізді аспанға аттық. Бірақ қасына шахматтың дамуын емес, лауазымды көксеген жандар жиналды. Біз іштей қынжылсақ та, жұмысты жалғастырдық. Дегенмен бара-бара шахматқа саясат араласты. Іріктеу жабық өтіп, құрамды ішінара іріктеді. Жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылар тасада қалды. Өңірлер турнир жоғын, шахмат ойнайтын орта жоғын айтып, дабыл қақты. Мысалы, Ақтөбедегі Аркадий Дворкович мемориалына 100 млн теңге жұмсалды. Ал осы қаражатқа жыл бойы еліміздің барлық қаласында әр демалыс сайын турнир өткізуге болар еді. Функционерлер өздеріне сенімді болса, барлық шахмат сарапшыларын жинап, ашық құрылтай өткізейік. Турлов мырза ұсынысымызды тыңдап көрсін, – дейді тәжірибелі жаттықтырушы. 

«Ешкім сыйақыны оңайлықпен бермейді»

Бибісара Ассаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова да қаржыландыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұрын Қазақстан шахмат федерациясы спортшыларға жалақы, грант және сыйақы беріп келген. Қазір спортшылар негізінен гранттар мен нәтижеге байланысты сыйақы алады.

Мысалы, көшбасшы спортшыға, әлем чемпионатына берілетін 70 миллион теңгелік грантты алайық. Оның 30 пайызы салыққа кетеді. Сонда қолда қалатыны – 49 миллион теңге. Бұл жылына 100 мың доллар да болмайды. Оның үстіне, спортшыда стипендия да, жалақы да жоқ. Бұл – өте аз қаржы. Оның өзі де тікелей жаттықтырушыларға төленеді, ал жаттықтырушылар саны шектеулі. Қалған шығындарды әрдайым өз қалтамыздан төлейміз, – деді Бибісараның анасы.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Лиана Хаким | ЛИДЕРСТВО И ВЛИЯНИЕ|ВОСПИТАНИЕ ЧЕМПИОНА (@liana_hakim_)

Оның айтуынша, Турловқа дейін әлем чемпионаттарында, тіпті балалар арасында да жеңіске жеткендерге сыйақы төленетін. Шахмат федерациясының экс-басшылары Есенов пен Исекешевтің кезінде федерация штатында небәрі 4-8 адам жұмыс істейтін. Ал қазір қызметкерлер саны 100 адамға жетті. Олардың бәріне жалақы төлеу керек, бәріне сыйақы беру керегі тағы бар. Ал спортшылар болса, жалақы алмаған соң, грант  қаржысы мен сыйақыны місе тұтады. Қызығы сол, Лиана ханым федерация сыйақыны да оңайлықпен бермейтінін атап өтті. 

Федерация спортшылардың арқасында күн көріп отыр. Демек, шахматшылардың мәртебесі федерация қызметкерлерінен жоғары болуы керек. Бибісара алған бірде-бір сыйақы  өздігінен келген жоқ. Ешкім «керемет жетістікке жеттіңіздер, міне сыйақыңыз» деп ұсынған емес. Әрбір сыйақыны дауласып, жүйкемді тоздырып алдым. Маған федерациядан жиі хабарласып, «Тимур Русланович сіхге ренжіп жүр» деп айтады. Ал мен қызымның әрбір жетістігі үшін күресіп жүрмін. Үш жыл бойы сыйақы көлемінің өсуі үшін барымды салдым, – деді Лиана Таңжарықова.

Оған қоса шындық жерде қалмайтынын, енді Туризм және спорт министрлігі тарапынан болған келеңсіз жағдайларды жайып салатынын айтты. 

Федерация не дейді?

Қазақстан шахмат федерациясы соңғы жылдары елдегі шахмат инфрақұрылымын айтарлықтай кеңейтті. Турлов 2025 жылы шахматтың дамуына 5,2 млрд теңге бөлді. Халықаралық турнирлер санын көбейтті және балалар шахматына ерекше көңіл бөліп жатыр. Дегенмен федерация жоғарыдағы сынға жауап қатқан жоқ. Алда Қазақстан шахмат федерациясының ресми жауабын күтеміз. 

 

Оқи отырыңыз