Жаңалықтар

Бибісара Асаубаева Тбилисидегі Гран-при турниріне қатысады

Бибісара Асаубаева Тбилисидегі Гран-при турниріне қатысады
Фото: Спортты дамыту дирекциясы 13.08.2024 03:30 669

FIDE-нің (Халықаралық шахмат федерациясы) әйелдер арасында шахматты дамытуға бағытталған ауқымды жарысы биыл Грузия астанасы Тбилисиден бастау алады, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Әйелдер арасындағы 2024-2025 жылғы Гран-придің барлық кезеңінде Қазақстан атынан Бибісара Асаубаева сынға түседі. Ал Тбилисидегі бірінші кезеңде отандасымызбен бірге мына шахматшылар жүлдеге таласады:

Анна Музычук, Мария Музычук (Украина), Нана Дзагнидзе (Грузия), Сарасадат Хадемальшарьех (Иран), Александра Костенюк (FIDE), Рамешбабу Вайшали (Үндістан), Алина Кашлинска (Польша), Лела Джавахишвили (Грузия), Ставрула Цолакиду (Грекия). 

Жарыс қожайыны ретінде Грузия екі гроссмейстер қоса алады. Турнир айналмалы жүйе бойынша (9 тур) 14-25 тамыз аралығында Biltmore Tbilisi қонақ үйінде өтеді.

Алғашқы 40 жүріске 90 минут беріледі. Ал ойынның қалған бөлігіне 30 минут (алғашқы жүрістен кейін әр жүріске 30 секундтан беріледі) қарастырылады.

Айта кетейік, Гран-приде биылдан бастап жалпы қатысушылар саны 16-дан 20-ға жетті. Сонымен қатар маусымдағы турнир саны төртеуден алтауға артты және Гран-придің жалпы жүлде қоры да көбейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға