facebook.com

Бибігүл Жексенбай: Шын ұлт заңды сыйлайтын қоғамнан басталады

24.06.2025 08:17 5540

Қазақстан полициясы күніне орай Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай полиция мен құқық қорғау қызметкерлерінің қоғамдағы рөліне терең баға беріп, мемлекет басшысының бастамалары мен құқықтық саясаттағы оң өзгерістерге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сенатор ең алдымен елдегі бейбітшіліктің оңай келмегенін атап өтті:

Полицейлер – қауіпсіздік күзетінде жүрген қайсарлар. Ал сол тыныштық кездейсоқ келген жоқ. Отыз жылда жүздеген полиция қызмет бабында мерт болды, мыңдаған құқық қорғаушы жарақат алды, – деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатор мемлекет басшысының полиция қызметкерлеріне көрсеткен құрметі – жай ғана ресми лебіз емес, ел ішіндегі сенім мен тұрақтылыққа берілген баға екенін атап өтті.

Сенатор атап өткендей, елдегі қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2019 жылдан бері 2 есеге азайған. Мәселен, кісі өлтіру 30 пайызға, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар 80 пайызға төмендеген. Бұл – құқық қорғау органдарының жүйелі еңбегінің нәтижесі.

Сонымен қатар, сенатор құқықтық мәдениеттің жаңа бағыттарына да тоқталды.

Заңсыздықпен күрес тек жазалау арқылы емес – оның алдын алу арқылы болуы керек. Полицияны жазалаушы емес, кеңесші, қорғаушы-қамқоршы ретінде көру – жаңа ұстаным, – деді ол.

Цифрлық қауіпсіздік тақырыбына да мән берілді. Ақтөбедегі жедел басқару орталығын мысал ете отырып, сенатор бұл бастаманың барлық қалада қолға алынуы қажеттігін жеткізді. Президенттің:

«Бейнебақылау, бет тану, жасанды интеллект – қауіпсіздіктің заманауи кепілі» деген сөзін келтіріп, заманауи технологияларсыз қауіпсіздік саласын елестету мүмкін еместігін айтты.

Бибігүл Жексенбай балалар мен аналарды зорлық-зомбылықтан қорғау тақырыбын да қозғады. Мемлекет басшысының бастамасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданып, оның нәтижесінде отбасындағы құқық бұзушылықтар саны 30 пайызға қысқарғанын еске салды.

Бұл – қаншама еңсесі езілген ананың күрсінісі мен қаншама баланың көз жасы тиылды деген сөз, – деді сенатор.

Сондай-ақ, ол ұлт болашағын қорғаудың бастауы – құқықтық тәрбие екенін ерекше атап өтті.

Біз ұрпаққа физика мен алгебраны ғана емес, адалдықты, заңға құрметті үйретуіміз керек. Шын ұлт – заңды сыйлайтын қоғамнан басталады, – деді Бибігүл Жексенбай.

Қорытындылай келе, сенатор құқық қорғаушы болу – жай лауазым емес, ел алдындағы ар мен жауапкершілік екенін айтты.

Құқық қорғаушы – шекпен емес, ар киетін адам. Заң мен тәртіп – билікке емес, халыққа қызмет ету жолы. Тәртіп болған жерде әділет болады. Әділет болған жерде – сенім. Ал сенім – ұлттың тірегі, – деп түйіндеді Бибігүл Жексенбай.

Сенатор барша құқық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы беделін арттыруға шақырды.