Бейжіңдегі автошоу биыл несімен ерекшеленеді

 Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Фото: Коллаж ЖИ көмегімен жасалды

Әлемдегі ең ірі автокөрмелердің бірі саналатын Бейжің автосалоны алдағы жұма күні өз жұмысын бастайды.

Алғашында көрме журналистер мен автобизнес өкілдеріне арналса, келесі аптадан бастап қарапайым келушілерге есігін айқара ашады. Биылғы автошоуда қонақтарды қандай жаңалықтар күтіп тұр – соған тоқталайық.

Алдын ала болжамдарға қарағанда, биылғы көрменің басты тренді – жол талғамайтын көліктер. Әсіресе электрлі және гибридті модельдерге басымдық берілген. Тіпті ұсынылатын жаңа үлгілердің жартысы осы сегментке тиесілі.

Audi E7X

Audi компаниясы Қытай нарығына арнайы жаңа AUDI брендімен шыққаны белгілі. Енді сол желінің екінші моделі – көлемі жағынан Q7-ге жақын электрлі кроссовер таныстырылады. Жаңа көлік жеті немесе төрт орындық нұсқада ұсынылады. Аккумуляторы толық қуатталғанда, 750 шақырымды еңсеруге мүмкіндік береді.

Audi

BMW i3XL

BMW да бұл көрмеге құр қол келмейді. Компания бұған дейінгі модельдерінен 10 сантиметрге ұзын i3XL-ді ұсынбақ. Бұл – арнайы Қытай нарығына бейімделген электрлі кроссовер. Көліктің қуаты 463 ат күшіне дейін жетеді.

BMW

Fang Cheng Bao 8 BYD

BYD-дің премиум сегментіндегі Fang Cheng Bao 8 моделі де назардан тыс қалмайды. Бұл гибрид жол талғамайтын көлік 748 ат күшіне ие және 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 4,8 секундта жетеді. Бір қуатпен 1200 шақырымға дейін жүре алады.

Wikipedia

Exlantix ES GT

Chery компаниясының Exlantix бренді жаңа ES GT спорт-седанын ұсынады. Оның қуаты 480 ат күшіне дейін жетіп, жүріс қоры 900 шақырымға дейін барады. Сонымен қатар көлік жоғары аэродинамикалық көрсеткіштерге ие.

Chery

Geely Galaxy M9

Geely де өз бәсекелестерінен қалыс қалмауды көздейді. Бұл жолы компания Galaxy M9 моделін көпшілік назарына ұсынады. Қуаты 870 ат күшіне дейін жететін гибрид көлік толық қуатпен 1500 шақырымға дейін жүре алады.

Geely

Haval HX

Сәуір айының басында Great Wall Motors концернінің суббренді жаңа толық өлшемді жол талғамайтын көлігін таныстырды. Әзірлеу кезеңінде HX атауымен белгілі болғанымен, модельдің ресми атауы әзірге жарияланған жоқ.

GWM

Сарапшылардың болжамынша, жаңа көлік Haval желісіндегі ең ірі модель болғандықтан, оған H10 атауы берілуі мүмкін.

Huawei-дің Baojun Huajing S моделі және JAC

Көрмеде тек көлік емес, технология да басты назарда. Мысалы, Huawei мен JAC бірлесіп жасаған жаңа модель автопилоттың төртінші деңгейімен және бірнеше үлкен экраннан тұратын «ақылды» интерьерімен ерекшеленеді.

JAC

Smart #2

Volkswagen де қалыс қалмай, Xpeng компаниясымен бірге жасаған жаңа электрлі модельдерін ұсынады. Олар жасанды интеллектке негізделген көмекші жүйелермен жабдықталған.

Car News China

Volkswagen ID.Aura T6

Volkswagen неміс инженері мен қытайлық Xpeng компаниясының бірлескен жобасы – ID.Aura T6 электромобилін таныстырмақ. Бұл модель әзірге сирек кездесетін кроссовер-минивэн сегментіне жатады.

Көлік заманауи технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, лидар негізіндегі автопилот жүйесі және мультимедиялық жүйеге енгізілген жасанды интеллект көмекшісі бар. Толық қуатталса, шамамен 700 шақырым жүре алады. Ол ең алдымен отбасылық көлік ретінде қарастырылған.

Volkswagen

Айта кетейік, бұл модель Қытай нарығында сатылымға шығып үлгерген. Ал автосалонда алғаш рет ресми түрде журналистерге таныстырылады.

Volkswagen ID. Unyx 08

Volkswagen-нің Xpeng компаниясымен бірлесіп жасаған тағы бір моделі – ID. Unyx 08. Бұл ірі электрлі кроссовер ID. Unyx желісін толықтыра түседі.

Модель артқы немесе толық жетекті нұсқада ұсынылады. Қуаты тиісінше 313 және 503 ат күшіне дейін жетеді. Ал жүріс қоры 630-710 шақырым аралығында.

Volkswagen

Көліктің ерекшеліктерінің бірі – мультимедиялық жүйедегі жүргізушінің цифрлық 3D-аватары. Бұл функция автомобильдің технологиялық деңгейін көрсететін тың шешімдердің бірі ретінде бағаланып отыр.

Оқи отырыңыз