Жаңалықтар

Бейбіт Шүменов деген кім? Боксшы туралы не білеміз?

Бейбіт Шүменов деген кім? Боксшы туралы не білеміз?
Фото: instagram.com/beibutshumenov 12.07.2023 18:19 6705

Танымал боксшы Бейбіт Шүменовтің қолында баласын ұстап тұрған ер адамды ұрған видеосы әлеуметтік желіде тез тарап, қызу талқыға түсіп жатыр. Көптен бері көзден тасада жүрген боксшының көпшіліктің назарын дәл осындай әрекетімен аудартқаны өкінішті-ақ. Осыдан соң «Танымал дейтіндей Шүменов деген кім? Ол қандай боксшы?» деп сұрастырып жатқандар да көбейді. Бокста біраз мықтының мысын басқан Бейбіттің өмір жолына аз-кем тоқталып өтуді жөн көрдік.

Шүменов Шымкенттің тумасы. Бала кезінде аурушаң болыпты. Тіпті 9 айлығында мерзімі өтіп кеткен сүттен уланып, өлім аузынан қалған. Оның кейіннен спортқа жақын болуына да осы жайт тікелей әсер етсе керек.

Боксқа деген әуесі 1996 жылғы Атлантада өткен Олимпиада ойындарынан соң басталған. Естеріңізде болса, сол жылы Василий Жиров АҚШ жерінде атой салып, Баркер кубогын иеленген тұңғыш қазақстандық боксшы атанған еді. Бұған дейін карате, таеквондо, күрес, кикбоксинг секілді спорт түрлерінде бағын сынап көрген Бейбіт Олимпиададан соң болашағына қатысты шешім қабылдап, былғары қолғапты өмірлік серігі етеді.

Оқи отырыңыз:

Шүменовті көпшілік кәсіпқой боксшы деп білгенімен, ол әуесқой бокста да біраз жетістікке жеткен. 2003 жылы Үндістанда өткен бірінші Афро-Азия ойындарының күміс жүлдегері атанса, 2004 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатында Геннадий Головкин және Галиб Джарофтармен бірге топ жарған. Тіпті 2004 Афина олимпиадасына қатысып, алғашқы айқасында әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері польшалық Алексий Куземскийді 34:22 есебімен ұтты. Өкінішке қарай, 1/8 финалда қолын сындырып, жарысты аяқтауға мәжбүр болды. Осы жайттан соң ол үш жылдай бокстан алшақтап кетті. Бейбіттің былғары қолғапты қайта киетініне ешкім сенген де жоқ. Дегенмен араға үш жыл салып өзін кәсіпқой бокста сынап көру үшін АҚШ-қа аттанды.

Кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы алғашқы жекпе-жегін 2007 жылдың 17 қарашасында өткізді. Содан бері 20 кездесу өткізіп, соның 18-інде жеңіске жеткен. Ал екі айқасы қарсыласының пайдасына шешілді.

Спорттық карьерасының алғашқы жылдарында-ақ Шэннон Миллер, Доннел Виггинс, Лавелл Финджер, Габриель Кампильо секілді мықтыларды жеңіп, жартылай ауыр салмақта IBA нұсқасы бойынша бос тұрған титул мен WBO Asia Pacific, WBC Asian Boxing Council және PABA атақтарына қол жеткізді. Кәсіпқой бокстағы оныншы кездесуінде WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.  

Жерлесіміз екі рет жеңілгенін айттық қой. Соның ішінде 2014 жылы 49 жастағы Бернард Хопкинстен жеңілген соң қатты сынға ұшырады. Жартылай ауыр салмақта (79,4 келіге дейін) чемпиондық белбеуді біріктіруге арналған жекпе-жекте тәжірибелі Хопкинс қазақ боксшысына еш мүмкіндік қалдырмады. IBF тұжырымы бойынша да әлем чемпионы атансам деген Шүменов сол жолы суперчемпиондық белбеуінен де айырылды.

Бұл жеңілістен соң Бейбіттің карьерасына нүкте қойғандар табылды. Көпшілік 50 жасты алқымдаған ардагерге шамасы жетпеген соң, боксты қойғаны дұрыс деп кеңес берген. Алайда Бейбіт мойыған жоқ, бапкерінен бөлек, салмағын да ауыстырды. Ол бірінші ауыр салмақта (90, 892 келі) өнер көрсетемін деп шешті. Ал көп ұзамай бағытының дұрыс екендігіне көз жеткіздік. Жаңа салмақта алдымен кіші Бобби Томасты жеңсе, сонан соң WBA чемпиондық атағы үшін таласта тағы бір америкалық Би Джей Флорестен басым түсті.

Карьерасындағы соңғы айқасын 2018 жылғы 7 шілдеде Астанада өткізіп, түріктің танымал боксшысы Хизни Алтункайды ұтты. Осыдан соң ол шаршы алаңға шыққан жоқ.

Біраз уақыт АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында тұрған Шүменов 2019 жылы құны 4,78 млн долларға бағаланған үш қабатты үйін сататыны белгілі болды. Соған қарағанда, былғары қолғап шебері сол кезде-ақ Қазақстанға оралуды көздеген болса керек. Келеңсіз жайттан соң оқиғаның мән-жайын түсіндіріп жазба жариялағанда, ұлының Қазақстанда өскенін қалайтынын тілге тиек етіп еді. Әйтпесе 8 жасар ұлы да, жұбайы да АҚШ азаматтары екен.

Жалпы, Бейбіт жеке өмірі жайлы көп айта бермейтін, әлеуметтік желіде де белсенді емес. Бір білетініміз, жерлесіміздің KZ Event Productions, Inc деген жеке проуметерлік компаниясы бар. Інісі Шыңғыс Шүменов екеуі осы істі дөңгелетіп жүргізіп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға