Жаңалықтар

Бес жыл бойы құлдықта болған балалар туралы тың дерек шықты

Бес жыл бойы құлдықта болған балалар туралы тың дерек шықты
Фото: © Pixabay.com 20.02.2024 11:00 1246

Ұлытау облысында 5 жыл құлдықта болған үш бала туралы тың дерек шықты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Қазір олар Балаларды қолдау орталығына орналасқан. Асыранды балаларды жұмысқа жеккен 55 жастағы әйел қамауға алынды.

Бес жыл бұрын патронаттық ата-ана бір отбасының үш бірдей баласын балалар үйінен асырап алып, құлдыққа салған. Балалардың кішкентайы сол кезде 8 жаста болса, үлкенінің 14 жасқа келген кезі екен. Оларды қаладан 20 шақырым жердегі фермада ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген.

Аталған фактіні облыстық прокуратура мен қорғаншылық және қамқоршылық органдары ақпанда анықтады.

Қаңтарда кезекті жоспарлы рейд барысында мектептің әлеуметтік педагогі, білім бөлімінің қорғаншылыққа жауапты маманы және әдіскері бір отбасында болып, осы патронаттық тәрбиедегі балалардың жағдайы көңілі толмаған, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова.

Асырап алушы тарап осы уақыт аралығында балалардың жәрдемақысын да өзі алып отырыпты. Балалар оқудан да қалған. Денсаулығына байланысты сабаққа бара алмады деген анықтама беріп келген. Патронаттық қамқоршы қыз баланы «айтқанымды орындамасаң немесе шағымдансаң, бауырларыңды енді көрмейсің» деп қорқытып келген.

Қазір аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама жүргізіліп жатыр. Қыз баланың жасы қазір 19-да, колледжді аспаз мамандығы бойынша тәмамдаған. Ортаншысы да қазір колледжде оқиды. Ал кенжесі – әлі оқушы. Қазір олар балаларды қолдау орталығында орналастырылған.

Жауапты мамандар қыз баланың жұмысқа орналасуына көмектесетіндерін айтты. Сондай-ақ оларға баспана беру мәселесі де шешілетінін жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға