4-7 маусым аралығында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында күрес түрлерінен халықаралық рейтингтік турнир өтіп жатыр. Әзірге ел қоржынында бір күміс жүлде бар.
5 маусымда грек-рим және әйелдер күресінің балуандары жарыс жолына шықты. Сөйтіп, бес балуан қола медаль үшін барын салып көреді. Грек-рим күресінен Еркебұлан Ардақов 63 келіге дейінгі салмақта корей Хёнун Чхвемен белдеседі. 130 келіге дейінгі салмақта Олжас Сырлыбай үнді балуаны Джогиндер Ратхимен күреседі.
Әйелдер күресінен Марал Тәңірбергенова 50 келіге дейінгі салмақта Ниламның (Үндістан) шамасын байқап көрсе, 57 келіге дейінгі салмақта Нилуфар Раимова қола жүлде үшін өтетін белдесуде Даниэль Сью Чинг Лиммен (Сингапур) татамиде кездеседі. Ал Жәмила Бақбергенова 72 келіге дейінгі салмақта моңғол Одгэрэл Эрдэнэ-Очирмен сынға түседі.
Нұрасыл сыйлаған күміс
97 келіге дейінгі салмақта Нұрасыл Аманалы финалда алтын жүлде үшін үнді Нитешпен күресті. Тартысты кездесуде 13:9 есебімен үндістандық балуан жеңіске жетті. Осылайша, Нұрасыл Аманалы турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Одан бөлек, 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде үшін белдескен Сұлтан Әсетұлы Қырғызстан өкілі Жанторо Мирзалиевтен жеңіліп қалды.
Екі турнир күтіп тұр
Моңғолиядағы турнирден соң ұлттық құрама Шымкенте бірлескен оқу-жаттығу жиынына барады. Жиынға Мысыр мен Беларусь құрамаларының көшбасшы балуандары қатысады. Көп өтпей Әжірбайжанда тағы бір оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады. Оған Түркия, Беларусь және жергілікті спортшылармен тартылады. Сол жақта маусымдағы төртінші әрі соңғы рейтингтік турнир ұйымдастырылады.
Биыл балуандардың күнтізбесінде екі маңызды жарыс күтіп тұр. Алғашқысы – төрт жылда бір рет өтетін Азия ойындары. Одан кейін – елімізде өтетін әлем чемпионаты.