Жаңалықтар

Белсіздік әлеуметтік мәселе

2021 жылы жасанды ұрықтандыруға квота саны көбейеді
Белсіздік әлеуметтік мәселе
28.09.2020 18:18 3667

Белсіздіктің әлеуметтік түйінге айналып бара жатқаны ащы да болса, ақиқат. Бұлай деуімізге себеп, бүгінде қазақстандық шаңырағы шайқалған отбасылардың 10 пайызының ажырасуының себебі бала сүйе алмауларына байланысты болып отыр. Мұны деректер айғақтайды. Президент Қасым Жомарт Тоқаев бұл проблеманың тереңдігіне мән берді, сондықтан биылғы халыққа Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуалды жақсарту туралы мәселенің маңыздылығын ескерді. Жолдауда келтірілген дерекке сүйенсек, бүгінде Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмайды. Бұл әрине, халықтың табиғи өсіміне кері әсер ететін фактор. БҰҰ-ның халық өсімінің болжамына сенер болсақ, Қазақстанның көрсеткіші Орталық Азияда төменгі орындардың бірінде екен.

Президент Қ.Тоқаев осыған байланысты 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын әзірлеп қабылдауды тапсырған болатын. Бұл бағдарламаның негізінде экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін яғни 7 есеге дейін көбейтіледі.

Бала – отбасы ошағының жылуын сақтайтын дәнекер ғана емес, ұрпақ жалғасы, әрбір әке-шешенің болашаққа қалдырар ізі. Қазақ халқы үшін шаңырақта бесіктің тербетілуі, әлдидің айтылуы, сәбидің уілінің естілуі маңызды. Сондықтан, жаңа қосылған жас отбасыларға айтылар тілектің үлкені де сол, «Шаңырақта сәбидің күлкісі естілсін!».

Белсіздік медицина саласындағы мәселе ғана емес. Ол бүгінде тұтас ұлттың болашағына әсер ететін әлеуметтік мәселеге айналып барады. Мемлекеттің бұл бағытта нақты шаралар қабылдауға мәжбүр болуы да сондықтан.

Ашық дереккөздерге сүйенер болсақ, бүгінде Қазақстанда 20 000-нан астам жұп бала сүйе алмаудың қасіретін тартып жүр. Бұған жастардың некеге немқұрайлы қарауы да себеп дейді мамандар. Себебі, бүгінде көптеген жұптар заңды некелесуді қарым-қатынастағы ресмилік, артықшылық деп санайды. Жастардың азаматтық некеде бір шаңырақ астындағы «еркін қарым-қатынасымен» олардың ата-аналары да келісуге мәжбүр болып жатқан жағдайлар да аз емес.

Қазақ ұлттық репродуктивті медицина қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, бала көтере алмай жүрген отбасылардың жартысына дәрі-дәрмек, ота жасау арқылы көмектесуге болады. Ал жартысына тек қосымша репродуктивті технологияға ғана жүгінуге тура келеді екен.

Бұл дегеніміз, экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ), суррогаттық аналық, донорлық ағзаларды пайдалану, т.б.

Бүгінде қазақстандықтардың белсіздіктен заманауи қосымша репродуктивті технологияларды қолданып емделуге мүмкіндігі мол. Бізде сондай-ақ, жыныс жасушаларын, репродуктивті ағзаларды донор ретінде сақтауға, суррогаттық аналыққа рұқсат етілген.

Алайда, баланың жынысын алдын ала айқындап, таңдауға тыйым салынған. Бұл туралы Денсаулық кодексінде де анық жазылған.

Заң әрбір отбасында өз қанынан жаралған баланың болуын көздейді. Сондықтан мемлекет ана мен әкенің ұрпағының жалғасуы үшін жағдай туғызуға ұмтылады.

Мамандардың дерегінше, қазақстандық ұрықтандыру орталықтарына алыс-жақын шетелдерден келіп жүгінушілер де аз емес. Мәселен, католик шіркеулерінің заңдылықтары басымдыққа ие кейбір елдерде жыныс жасушаларын донор ретінде пайдалануға тыйым салынады. Сондықтан, Германия, Италия, Оңтүстік Кореядан бала сүйсем деп келушілер көп. Ал Сеулде суррогаттық аналыққа жол берілмейді екен. Ресейде суррогат ана тоғыз ай көтергеннен кейін бауыр басып қалған баланы өзіне қалдыру туралы шешім қабылдаса, заң оның құқығын қорғайды. Ал Қазақстанда керісінше, балаға тек генетикалық әке-шешенің ғана құқығы бар. Суррогат ана бұл жағдайда сәбидің генетикалық анасы болып табылмайды.

Негізі Қазақстанда суррогат ананың қызметіне тек некедегі жұптар ғана жүгіне алады. Алайда, қазіргі уақытта қоғамда қалыптасқан азаматық некенің және отасын құрмаған жалғызбасты жандардың көбеюіне байланысты оларға да мұндай құқық беру туралы мәселе көтерілуде.

Мәселен, медицина ғылымдарының докторы, Вячеслав Локшин бала тууға қабілетсіз жалғызбасты әйелдерге бұл мүмкіндікті беру керек деп есептейді.

Жыл сайын Қазақстанда ЭКҰ-ға 900-1000 квота бөлініп келеді. Жыл сайын түтікшеден 2000-ға жуық сәби дүниеге келеді. Жалпы ЭКҰ жасатудың орташа бағасы 800 000 теңге көлемінде екен. Ал кезек күтіп тұрғандардың саны жалпы квота санынан бірнеше есеге артық. Олардың басым бөлігінің ақылы ЭКҰ жасатуға қалтасы көтермейтіні де шындық.

Белсіздік әлеуметтік мәселе

Бір нәрсені ескеру керек, ЭКҰ барлық жағдайда бірдей нәтиже бере бермейді. Оған жүгінгендердің 35-45 пайызы ғана алғашқы әрекеттен-ақ жүкті болуы мүмкін. Нәтиже ерлі-зайыптының жасына, денсаулығына, бір-бірімен сәйкестілігіне байланысты. Көптеген жұптар мұндай процедурадан 8-10, кейде одан да көп рет өтуі керек болады. Ал мемлекет бір отбасыға бір ғана мүмкіндікті субсидиялайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ЭКҰ клиникаларына көбінесе 36-38 жастағы әйелдер жүгінеді екен. Алайда, дәрігер-мамандар 35 жастан жоғары әйелдерде ЭКҰ-ның нәтижелі болу мүмкіндігі төмен екенін мойындайды.

Сөйтсе де, бала сүйсем деген үміті өшпеген адамдар жылдап кезек күтуге мәжбүр. Ең сорақысы да осында, әйел адам кезегін күтіп жүрген уақытта оның жасы да өтіп кетуі әбден мүмкін. Жасы қырыққа таяған әйел үшін ЭКҰ жасату кеш болып саналады, себебі бұл уақытта әйел ағзасындағы жасушалар қоры да түгесіледі-мыс.

Әрі десе, дәрігерлер мемлекет квотасын тиімді пайдалану үшін кезекте тұрғандардың ішінен бала көтеру мүмкіндігі жоғары жұпты өздері таңдайды. Осылайша, кезекте тұрғандар арасында да өзіндік іріктеу жүргізіледі екен. Себебі, ЭКҰ бойынша квотаға бөлінген қаражатты тиімсіз пайдаланып, төмен нәтиже көрсеткен клиниканың келесіде мемлекет субсидиясына иек артуы неғайбылдау. Сондықтан жасы 40-тан асқан немесе аналық безі әлсіз әйелдер бұл квотаға ілікпеуі әбден мүмкін.

Әйелдер ана жатыры түтікшелерінің өткізе алмаушылығы (болмауы) немесе спермограмманың өте төмен көрсеткіштері болғанда квотаға іліге алады. Ал донорлық немесе суррогатты аналыққа квота бөлінбейді. Сондай-ақ, әйел адам тұрмысқа шықпаған болса да оған квота берілмейді.

Сондай-ақ, жатыр ішінің туа бітті немесе жүре пайда болған деформациясы болса да, ЭКҰ жасатуға сәйкес келмейді.

Мамандардың айтуынша, біздегі белсіздікпен күрестің ең арзан тәсілі инсеминация. Бұл жолдасының сперматозоидының сапасы төмен, бірақ өзінің дені сау әйелдерге ұсынылады. Сондай-ақ, мұндай ұрықтандыруға донор материалын пайдалану арқылы жалғызбасты әйелдер де жүгіне алады. Сперманы жатырға енгізеді, ал оның ұрықтануы табиғи жолмен жүреді.

Егер әйелдің аналық безі алынып тасталған немесе аналық жұмыртқа қоры түгесілген болса, оған донор жасушасы ұсынылады. Сондай-ақ, ер адамның спермотозоидтары әлсіз болса, ерлі-зайыптыға донор спермасын алу ұсынылады.

Белсіздік әлеуметтік мәселе

Донор

Айтпақшы, донор кез-келген адам бола алады. Мәселен, отбасының туысы, досы, танысы... Жыныстық жасушаларын тегін беретіндер де немесе қандай да бір ақыға сататындар да болады. Егер олар бұл іске таныстарын тартудан бас тартса, клиника өз жасуша банкісін ұсынады.

Донордың денсаулығы жіті тексеріледі, сондай-ақ оның жас шамасына да шектеу қойылады, 35-тен жоғары болмауы тиіс. Психо- және наркодиспансерден міндетті түрде анықтама талап етіледі. Сондай-ақ, донордың дене бітімінде де мін болмауы керек. Мәселен, қалқанқұлақтық, қоянжырықтық, қолының тізесіне түскен ұзын болуы т.с.с.

Анкета толтырған уақытта донор немен айналысатынын көрсетеді, себебі болашақ сәбидің ата-анасы баласының тегі туралы хабардар болу тиіс. Ал донор өзінің жыныс жасушаларының арғы тағдыры туралы біле алмайды. Алайда, түтіктен туылған баланың өз әкесін білмеуі алдағы уақытта қан араласуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұл енді қан тазалығы мен жеті атаға жетпей қыз алыспау тәртібін сақтаған қазақ халқы үшін нағыз қасірет.

Суррогат ана

Суррогат ананың жасы 35-ден жоғары болмауы тиіс, сондай-ақ оның кем дегенде бір баласы болуы керек. Ол тапсырыс берушімен нотариалды келісім-шартқа отырады, мұнда келісімнің мерзімі сондай-ақ бағасы міндетті түрде көрсетіледі. Егер тапсырысты орындаушы тұрмыстағы әйел болса, оның күйеуінің де нотариалды келісімі талап етіледі. Генетикалық ата-аналар жүктілік кезіндегі және босанғаннан кейінгі 56 күнге дейін барлық медициналық шығындарды өз мойындарына алады. Ал босану ауыр өткен жағдайда, одан кейінгі 70 күн суррогат ананың медициналық бақылауда болуы генетикалық ата-ананың қалтасынан өтеледі. Мұның барлығы алдын ала нотариалды келісім-шартта келісіледі.

Суррогат ана туғаннан кейін баланы генетикалық әке-шешесіне беруге міндеттенеді. Егер генетикалық әке-шеше соңғы сәтте баланы қабылдаудан бас тартса, олар суррогат анаға өтемақы төлеуге тиіс болады.

2020 жылы Қазақстанда ЭКҰ-ға 1000-нан астам квота бөлінген. Президент тапсырмасына сәйкес 7 есеге дейін арттырылатын болса, 2021 жылдан бастап ЭКҰ-ға 7000 жұп үміттене алады. Қазақстанда жыл сайын 20 000-ға жуық жұп емделуге сұраныс береді екен. Сондай-ақ, ЭКҰ-ға квота Қазақстан азаматтарына ғана беріледі. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, пациенттің денінің саулығы, жасы және ең бастысы, жұмыртқа жасушаларының жеткілікті, сау болуы маңызды. ЭКҰ-ға квота бір жылда бір-ақ рет беріледі.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға