Жаңалықтар

Бельгиялық профессордан жұмысқа шақырту алдым – қазақстандық жас ғалым

Бельгиялық профессордан жұмысқа шақырту алдым – қазақстандық жас ғалым
Фото: коллаж El.kz 12.04.2024 14:30 1211

Жыл сайын 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні мерекесі ретінде аталып жүр. Осы ретте ғылымның дамуына үлесіп қосып жастардың бірін сөзге тарттық. Ол – Бельгияда қызмет етіп жүрген қазақстандық жас ғалым Асан Әбдірахманов.  Кейіпкеріміз El.kz ақпарат агенттігіне ғылым жолына қалай келгені жайлы, шетелдегі және Қазақстандағы ғылым саласының айырмашылығы туралы айтып берді.  

El.kz: Асан, алдымен ғылымға қалай келдіңіз? Қай жерде қандай мамандық бойынша білім алдыңыз?

Асан Әбдірахманов: 2012 жылы Атырау облысы Шортанбай ауылындағы Шортанбай орта мектебін бітірдім. Сөйтіп, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. 2016 жылы бакалавр, 2018 жылы магистратура, 2021 жылы Ph.D докторантураны тәмамдадым. Бакалаврдың 3-ші курсынан бастап академик Тілекқабыл Рамазановтың плазма физикасын зерттейтін ғылыми топқа лаборант ретінде қосылдым.

El.kz: Неліктен плазма физикасын, нанотехнологияны зерттеу туралы шешім қабылдадыңыз? Бұл бағытқа деген қызығушылық қайдан пайда болды?

Асан Әбдірахманов: Физика-техникалық факультетке ғылыми бағыттағы мамандыққа түскен студент 3-ші курста зерттеу траекториясын таңдауға мүмкіндігі бар. Менің қазіргі таңдағы ғылыми бағытты таңдауыма екі фактор әсер етті. Бірінші фактор – араласатын орта. Бірінші курсқа түскен кезде жатақханадан орын ала алмай, физика және ядролық физика мамандығының магистранттарымен бірігіп пәтер жалдап тұратынмын. Магистранттар, яғни аға буын өкілдері плазма физикасын зерттеумен шұғылданатын зертханада қызмет атқаратын. Бірінші курстан бастап түсінбеген сұрақтарым болса, олар қызмет атқаратын зертханаға жиі баратынмын. Екінші фактор – плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасы профессорларының оқитын курстарының қызық болуы. Әсіресе «Электр және магнетизм» және «Атомдық физика» курсы ең естен кетпес курстардың бірігейлері еді.

El.kz: Бүгінде сіздің Бельгиядағы Монс университетінде жұмыс істейтініңізді білеміз. Бұл жерде қандай қызмет атқарасыз? Арнайы шақыртумен бардыңыз ба?

Асан Әбдірахманов: 2023 жылдың соңында Бельгияның Монс университетінде және Materia Nova R&D орталығында қызмет атқаратын профессордан жұмысқа шақырту туралы хат алдым. Бірнеше сұхбат кезеңінен өткен соң келісімшарт ұсынды. Қазір осы орталықта сутегіні өндіру технологиясымен айналысатын зерттеу тобында постдокторант позициясында қызмет етемін.

El.kz: Неліктен шетелде жұмыс істеу туралы шешім қабылдадыңыз?

Асан Әбдірахманов: Ғылым коллаборация нәтижесінде өрбитін іс. 2019 жылы алғаш рет Чехияның астанасы Прага қаласында өткен халықаралық конференцияға барып келгеннен соң ой туындай бастады. Біраз жетістігі бар ғалымдардың түйіндемесін қарасаң, дәрежені әртүрлі университеттен алып, әртүрлі тақырыппен айналысқан. Бұл ғалымның жан-жақты критикалық ой-өрісін дамытумен қатар, кез келген ғылыми тапсырманы орындай алатын қабілетті, дағдыны қалыптастырады. Докторантураны 2021 жылдың соңында қорғап, 2022 жылдың ортасында дипломды қолыма алдым. Содан кейін шетелден позициялар іздей бастадым. Алғашында Франциядағы космостық технологиямен айналысатын ұлттық ғылыми институттан екі рет шақырту алдым. Алайда саяси және экономикалық себептерге байланысты екі рет виза берілмеді.

El.kz: Шетелдегі ғылым мен Қазақстандағы ғылым саласын салыстырсаңыз...

Асан Әбдірахманов: Мен бұған дейін Ресейдің Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде үш рет интерн-студент болып ғылыммен шұғылданғанмын. Ресей мен Қазақстанда ғылыми жобаларды басқару менеджменті бір-біріне ұқсас. Алайда қазіргі таңдағы қызмет атқарып жатқан ғылыми орта басқашалау. Ең негізгі артықшылығының бірі зерттеуге қажетті диагностикалық құрылғылар жеткілікті. Жұмыс барысында зерттеуге қосымша қондырғы немесе материалдар қажеттілігі туындаса,  жобаның менеджері өте аз уақыт мезетінде әкеліп береді. Бізде материалдарды шетелден әкелу біраз уақыт алуымен қатар, бюрократиялық және қаржылай шектеулерді бәсеңдетеді.

El.kz: Болашақта Қазақстанға қайтып келу, елде жұмыс істеу ойыңызда бар ма?

Асан Әбдірахманов: Иә, әлбетте. Негізі Қазақстаннан басқа біз ешкімге керек емеспіз ғой. Сондықтан мықты тәжірибе жинақтаған соң елге оралуым парыз деп санаймын.

El.kz: Бельгияда жүруіңіздің түпкі мақсаты неде?

Асан Әбдірахманов: Мақсат өте көп, алайда оны орындалу шынайлығы бөлек әңгіме. Қазіргі мақсатым – әзірге тәжірибе жинақтау.

El.kz: Ғылымға келетін жастардың саны аз екені жиі айтылады. Бұған қатысты не айтасыз?

Асан Әбдірахманов: Жастардың барлығы ғылымға баруы керек деген шарт жоқ. Қазіргі таңда инфобизнес, әлеуметтік желідегі бизнестің нағыз шарықтап тұрған кезі ғой. Әлеуметтік желіге кіріп қалсаң, көздің жауын алып ең бірінші солар шығады. Уақыттың басым бөлігін сол кішкентай смартфонда өткізетін жастар осы жолды таңдайтыны сөзсіз. Бакалаврдың 3-4 ші курсына, сондай-ақ магистранттарға орта және қазіргі жас ұрпақтың, яғни біздің беретін кеңесіміз жеткілікті деңгейде болмай тұр. Себебі біз ғылымға қызықтыратындай дұрыс бағыт бере алмадық. Бір сөзбен айтқанда, жастарға үлгі бола алмай отырмыз деп ойлаймын. Сондықтанда амал жоқ, бизнес өкілдері ұсынған сұраныс ғылымға қарағанда қызық және жоғары. Сондай-ақ айта кететін тағы жайт, ғылымға жастарды баулитын, қызығушылығын арттыратындай заманауи ғылыми орталық, инфаструктура бізде жетіспейді ғой. Мүмкін ол да бір себеп шығар.

El.kz: Қазіргі таңда Қазақстанда жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасалған ба?

Асан Әбдірахманов: Бұрынғы жылдармен салыстырғанда  жағдай реттеліп келеді. Ғалымдарға арналған бөлінетін жобалар санының артуы соның айқын дәлелі. Сонымен қатар жыл сайын магистратураға және докторантураға бөлінетін грант саны көбейтіп келеді. Бірақ ғылымға келетін жастардан қаншалықты сапалы кадр дайындай аламыз? Әңгіме осында жатыр.

El.kz: Ғылым саласындағы қандай кемшіліктерді ерекше айтар едіңіз?

Асан Әбдірахманов: Ғылым саласындағы кемшіліктер тек Қазақстанда ғана емес, барлық жерде бар. Алайда бізде кемшілікті бетке басатын сөздің адамы көп те, шешімін ұсынатын істің адамы аз. 30-40 жыл бойы жинақталған мәселені тез арада шешілу ықтималдығы аз.  Жарты ғасыр мезетінде Болашақ бағдарламасы арқылы ғылымы жақсы дамыған ортадан келгендер баршылық. Қоғам солардан үлкен үміт күтеді, дегенмен олардың көрген немесе үйреніп келген ғылымды басқару менеджменті локальді менталитетпен және қазіргі қалыптасқан жүйемен үйлеспейді. Бірақ «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» демекші, бұрынғымен салыстырғанда ілгерушілік бар сияқты.

El.kz: Ғылым саласында қалай табысты болуға болады?

Асан Әбдірахманов: Ғылым саласындағы қызметкер әрдайым үздіксіз дамуы тиіс. Табысты болудың алғышарттарының бірі осында жатыр. Яғни жаңаша зерттеу әдістерін енгізу, этикалық стандарттарды сақтай отырып кәсіби байланыстардың кең желісін құру, ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытумен қатар ғылымның қазіргі трендінен қалыспай, әрдайым инновациялық идеялар мен жаңалықтардан құлағдар болып жүру.

El.kz: Бүгінгі таңда айналысып жатқан ғылыми жұмысыңыз туралы айтып өтсеңіз...

Асан Әбдірахманов: Мен қызмет атқаратын Бельгиялық орталықтағы ғылым «университет-индустрия-бизнес» негізінде жұмыс жасайды. Орталықта тек ғылыми қызметкерлер ғана емес, инженерлер, менеджерлер және бизнес өкілдері қызмет атқарады. Өзімнің блогыма келсем, ғылыммен шұғылданатын экспат-қызметкерлерге жасалатын жағдай ерекше. Атап айтқанда, 3 жылға дейін салықтан босатылу, аптасына спорттық шараларға бөлінетін арнайы уақыт, жұмыс уақытының еркінділігі сияқты тағы басқа артықшылықтары бар. Үндістан, Қытай, Бельгия елінен жинақталған ғылыми тобым сутегі өндірісінің технологиясын зерттеумен айналысады.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға