Жаңалықтар

Бельгияда қазақ жігіті жасаған қазыға сұраныс артып келеді

Бельгияда қазақ жігіті жасаған қазыға сұраныс артып келеді
Фото: ашық дереккөз 28.07.2023 14:23 1408

Қазы жасауды ғаламтордан үйренген қазақ жігіті Бельгияда ұлттық тағамға деген сұраныс артқанын айтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

Шетелдіктердің және Еуропадағы қандастарымыздың сұранысын өтеп жүрген алматылық Сағынғали Мамай Бельгияда қазы жасап, саудаға шығарады екен.

Оқи отырыңыз:

Оның Бельгияда тұрып жатқанына биыл – 5 жыл. Брюссельдегі жоғарғы технология мектебінде білім алған жерлесіміз оқудан соң сонда жұмысқа қабылданған. Тоқыма өнеркәсібі саласында білікті маман. Сондай-ақ соңғы 2 жылдан бері қазы жасаудың хас шебері атанған. Жалғыз өзі қарт құрлықтағы ағайынды қазақтың ұлттық тағамымен қамтамасыз етіп отыр.

Шетелге келгенде ұлттық тағамдарды аңсап, етті, қазыны сағына бастайсың. Сосын елден алып келетін адам іздеп, оны зарыға күтесің. Осылай бірнеше жыл қиналып жүріп, бір күні қазыны өзім жасап көруге бел будым. Бұл жерде жылқының еті тапшы. Сол етті, ішектерді, барлық ингредиенттерін табу үшін жарты жыл уақыт кетті. Өзіме істеп көріп едім, одан соң достарым, достарымның достары, әрі қарай адамдар бір-бірінен естіп, қазыға тапсырыс көбейді, - дейді кәсіпкер Сағынғали Мамай.

Әшейінде жылқының етін жемейтін бельгиялықтар тарапынан қазір қазақтың қазысына сұраныс артып келеді. Осы жолы Сағынғалиға 30 қазы жасауға тапсырыс берілген. Бір қазыны айналдыруға 5-10 минут уақыт кетеді дейді.

Қаланың баласы қазы айналдыруды интернеттен игеріпті. Тұтынушының талғамына сай, өзбектерге әніс өсімдігін қосып, еуропалықтарға қазының майын аздау қылып айналдырады екен.

Жекелеген адамдардан бөлек, Сағынғали қазір Еуропа қазақтарының той-думандарына ірі көлемде тапсырыс алып жүр. Қазының бағасы салмағына байланысты, 15 еуро мен 25 еуро аралығында.

Қазақтарды қуантып, шетелдіктерге ұлттық тағамды дәріптеп жүрген Сағынғалидың ендігі көздегені – Бельгияда қазы жасайтын цех ашып, дайын өнімді жергілікті дүкендерге сатылымға шығару.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға