Қазақ телевизиясының ардагері, белгілі тележурналист, «Құрмет» орденінің иегері Тілеуқабыл Мыңжасар 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Тілеуқабыл Мыңжасар 1952 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, еңбек жолын сол жылы Қазақ телевизиясының балалар мен жасөспірімдер редакциясында бастаған.
Журналист телевизия саласына саналы ғұмырын арнады. «Хабар» агенттігі құрылған күннен бастап осы ұжымда қызмет атқарып, 1998 жылдан бастап телеарнаның Алматы облысындағы меншікті тілшісі болды. Сондай-ақ «Qazaqstan» телеарнасының «Шарайна» ақпараттық бағдарламасында тілші қызметін атқарды.
Тілеуқабыл Мыңжасар өңірдегі маңызды жаңалықтар мен өзекті мәселелерді халыққа жедел әрі сапалы жеткізген білікті маман ретінде танылды. Оның кәсіби шеберлігі мен азаматтық ұстанымы көптеген жас журналистерге үлгі болды.
Журналист Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі дүркін лауреаты атанды. Сонымен қатар Алматы облысының құрметті азаматы, «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофон» сыйлығының иегері болды. Еңбегі «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен және Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен атап өтілген. Сондай-ақ «Құрмет» орденімен марапатталған.
Тілеуқабыл Мыңжасардың өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Дара жол» бағдарламасы Қазақстанның телевизиялық «Алтын қорында» сақтаулы.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Тілеуқабыл Мыңжасар саналы ғұмырын телевизия саласына арнады. Ұзақ жылдар бойы «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы тілшісі болып, өңірдегі маңызды жаңалықтар мен өзекті мәселелерді халыққа жедел әрі сапалы жеткізді. Жоғары кәсібилігі мен азаматтық ұстанымы арқылы талай әріптесіне үлгі болды. Артында көптеген дарынды шәкірттері қалды. Тілеуқабыл Мыңжасардың журналистика саласындағы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен отандық телевизияға қосқан үлесі әріптестері мен көпшіліктің жадында мәңгі сақталады, – делінген министрлік хабарламасында.
Марқұмның жаназа намазы 29 тамыз күні сағат 10:00-де Алматы қаласындағы өз шаңырағында оқылады. Мекенжайы: Алматы қаласы, Розыбакиев көшесі, 289-үй, 80-пәтер.