Халық кеңесі – еліміздегі жоғары конституциялық консультативтік орган. Сондықтан оның жұмысына белсенді қатысып, өз білімім мен тәжірибемді нақты ұсыныстар мен бастамаларға айналдыруды өзіме үлкен жауапкершілік деп қабылдаймын.
Мен үшін бұл – ең алдымен халықтың сенімін ақтап, елге пайдалы жұмыс атқаруға берілген мүмкіндік.
– Халық кеңесінде қандай мәселелерге басымдық беруді жоспарлап отырсыз? Сіз үшін бірінші кезекте тұрған негізгі бағыттар қандай?
– Халық кеңесінде этносаралық келісім, жастардың мәселесі, мемлекеттік тіл және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарына мән беруді жоспарлап отырмын. Меніңше, бұл мәселелердің барлығы қоғамның дамуы үшін маңызды.
Әрине, мемлекеттік тіл мәселесі де әрдайым күн тәртібінде. Қазақ тілін білу – елдің қоғамдық өміріне еркін араласудың маңызды бөлігі. Бұл бағытта қазірдің өзінде нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандарында тәжік этносының өкілдері көп тұрады. Сол өңірдегі кәсіпкерлерді тарта отырып, бүгінде тәрбие беру процесі толықтай мемлекеттік тілде жүргізілетін балабақшалар ашылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді және оны алдағы уақытта да жалғастыра береміз.
Келесі мәселе – жастар. Олардың сапалы білім алып, мамандық игеріп, өз орнын табуына жағдай жасау керек. Жастардың болашағы туралы көп айтамыз. Ендігі міндет – олар үшін нақты мүмкіндіктерді көбейту.
Сонымен қатар – кәсіпкерлік. Әсіресе жастар мен шағын бизнес өкілдерінің өз ісін бастауына және дамытуына кедергі болатын мәселелерді ашық талқылау маңызды. Кәсіпкерлік саласында жүрген адам ретінде бұл мәселелерді тәжірибеден жақсы білемін.
Осы мәселелерді өз көзқарасым ретінде ғана емес, азаматтардың ұсыныстары мен нақты өмірде кездесетін мәселелер негізінде көтеруге ниеттімін.
– Сіз мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне ерекше мән беріп жүрсіз. Этномәдени бірлестіктер қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және оны қоғамды біріктіретін ортақ тілге айналдыруға қалай үлес қоса алады?
– Меніңше, қазақ тілінің қолданысын кеңейту үшін оны күнделікті өмірде еркін қолданатын орта қалыптастыру маңызды.
Осы тұста этномәдени бірлестіктердің орны ерекше. Өз жұмысымызда қазақ тілін көбірек қолдануға, кездесулерімізді, қоғамдық және мәдени жобаларымызды мемлекеттік тілде өткізуге мән береміз. Бұл – қазақ тілін күнделікті қарым-қатынастың табиғи бөлігіне айналдыруға қосқан нақты үлесіміз деп білемін.
Мен қазақ тілін қоғамды біріктіретін ортақ тіл ретінде көремін. Сәйкесінше, этномәдени бірлестіктер осы үдерісте адамдарды жақындастыратын нақты көпір бола алады.
– Тәжік этномәдени бірлестігінің жетекшісі ретінде азаматтардан қандай өтініштер мен мәселелерді жиі естисіз? Солардың қайсысын Халық кеңесі деңгейінде көтеруге болады?
– Мен бұл мәселені «тәжік қауымының мәселесі» деп бөлек қарағанды дұрыс деп санамаймын. Өйткені біз – ең алдымен Қазақстанның азаматтарымыз. Осы елде туып-өстік, білім алдық, еңбек етіп, қоғамның бір бөлігі болып қалыптастық. Сондықтан бізді толғандыратын мәселелер де жалпы қоғамға ортақ.
Білім мен жастардың болашағы, жұмыс пен кәсіпкерлік, мемлекеттік тілді меңгеру, әлеуметтік мәселелер – этносқа бөлінбейтін, әрбір азаматқа қатысты мәселелер. Сондықтан Халық кеңесінде де осы бағыттарға кеңінен мән беріп, қоғам үшін маңызды мәселелерді көтергіміз келеді.
Әрине, өз тілімізді, мәдениетіміз бен дәстүрімізді сақтау да маңызды. Бірақ бүгінгі міндет тек осы бағыттармен шектелмейді. Біз жаңа көзқараспен қарап, елдің дамуына қатысты барлық бағытта жұмыс істеуіміз керек. Этномәдени бірлестік арқылы жинақталған тәжірибені сақтай отырып, оны қоғамға ортақ мәселелерді шешуге бағыттау маңызды деп санаймын.
Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның кемел болашағына үлес қосу. Сондықтан Халық кеңесінде белгілі бір этностың ғана емес, барша азаматтардың көкейіндегі мәселелерді көтеріп, елдің бірлігі мен дамуына өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
– Этномәдени бірлестіктерді көбіне мәдени іс-шаралармен байланыстырамыз. Сіздіңше, олардың қоғамдағы рөлі бұдан кең болуы керек пе?
– Меніңше, этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы рөлі мәдени шаралармен ғана шектелмеуі керек. Өйткені олар – жылдар бойы қоғаммен бірге қалыптасып, азаматтармен тығыз байланыс орнатқан қоғамдық институттар.
Бүгінде этномәдени бірлестіктердің тәжірибесі де, азаматтармен қалыптасқан байланысы да мол. Осы мүмкіндікті білім, жастар, әлеуметтік бастамалар және кәсіпкерлік бағыттарындағы өзекті мәселелерді шешуге тиімді пайдалану маңызды.
Мысалы, жастарға білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат жеткізу, мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктерін түсіндіру, әлеуметтік және кәсіпкерлік жобаларға қолдау көрсету – этномәдени бірлестіктердің қоғамға қосатын нақты үлесі бола алады.
Сондықтан этномәдени бірлестіктерге жаңа рөл ойлап табудың қажеті жоқ. Ең маңыздысы – осы жылдар ішінде жинақталған тәжірибесі мен мүмкіндіктерін елдің ортақ дамуына тиімді бағыттау.
– Жастардың өз этникалық тілі мен мәдениетін сақтай отырып, ортақ қазақстандық бірегейлікті нығайтуы үшін қандай жағдай жасалуы керек? Бұл бағытта қандай нақты жобалар тиімді болар еді?
– Меніңше, бұл жерде арнайы тепе-теңдік іздеудің қажеті жоқ. Адам өзінің мәдениетін, тілін, дәстүрін құрметтей отырып, ең алдымен Қазақстанның азаматы ретінде қалыптасады. Бұл – бір-біріне қайшы ұғымдар емес.
Біздің жастарды біріктіретін ең маңызды нәрсе – тәуелсіз Қазақстанымыз, ортақ мақсат және ортақ жауапкершілік. Сондықтан оларды бірге жұмыс істеуге, ортақ жобаларға қатысуға көбірек мүмкіндік беру керек.
Волонтерлік, әлеуметтік, білім беру және кәсіпкерлік жобалар осы тұрғыдан өте маңызды. Әртүрлі ортадан шыққан жастар бір мақсат жолында бірге еңбек етсе, бір-бірін жақсырақ түсінеді және қоғамдағы байланыс та нығая түседі.
Біз әртүрлі мәдениеттерімізді сақтай отырып, бір елдің азаматы ретінде ортақ мақсатқа – еліміздің бірлігіне, тұрақтылығы мен дамуына қызмет етіп келеміз. Ендігі міндет – осы ортақ мақсат жолындағы жұмысымызды одан әрі күшейту.