Жаңалықтар

Бектенов «Бәйтерекке» отандық өндірушілерді қолдауды қайта қарауды тапсырды

Бектенов «Бәйтерекке» отандық өндірушілерді қолдауды қайта қарауды тапсырды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 29.02.2024 15:45 618

Олжас Бектенов отандық өндірушілерді қолдау бөлігінде «Бәйтеректің» саясатын қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті.

Отырыста 2023 жылға арналған Инвестициялық саясат талаптарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынылды.

Есептерді тыңдаған Үкімет басшысы «Бәйтерек» сатып алу ережелерін отандық тауарлардың үлесін түбегейлі арттыру жағына қарай қысқа мерзімде қайта қарау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар елішілік құндылықты үнемі арттырып отыруы керек.

Біз «Бәйтерек» холдингі және басқа да даму институттары арқылы экономиканың белгілі бір кәсіпорындары мен салаларын қолдауға қомақты қаражат бөліп отырмыз. Сондықтан барлық іс-шара елішілік құндылықтың артуына ықпал етуі керек. Егер біз кәсіпкерге қолдау көрсетер болсақ, ол Қазақстанда қазір импорттап отырған тауарлардың өндірісін жолға қою, жұмыскерлердің еңбек өнімділігі мен жалақы деңгейін арттыру, қосалқы мердігерлер немесе жеткізушілер ретінде отандық кәсіпорындарды тарту сияқты қарсы міндеттемелерді де өзіне алуы тиіс, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр қазіргі уақытта Үкімет елішілік құндылықты арттыру және отандық өндірісті дамыту жөніндегі шаралар кешенін дайындап жатқанын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға