Жаңалықтар

Байзақта қаза болған әскерилерге ескерткіш орнатылды

Рәсімге жиналғандар қаза болғандарды бір минут үнсіз тұрып еске алды. 
Байзақта қаза болған әскерилерге ескерткіш орнатылды
Фото: дереккөз 27.08.2022 01:37 993

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағындағы өрт салдарынан болған қайғылы оқиғаға бір жыл толып отыр, деп хабарлайды EL.KZ.

Әскери бөлім аумағында инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жарылыс салдарынан қаза болған 17 адамды еске алуға арналған ескерткіштің ашылуы өтті.

Аталған мемориалдың ашылу рәсіміне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, Жамбыл облысы әкімдігінің, оңтүстік өңірдің әскери прокуратурасының өкілдері, сондай-ақ қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындары мен туыстары қатысты.

Рәсімге жиналғандар қаза болғандарды бір минут үнсіз тұрып еске алды. Күштік құрылымдардың өкілдері, қызметтестері, туыстары мен жақындары қаза тапқандар туралы естеліктерін айтып, олардың жанқияр батырлығы жайлы сөз етті. 

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері және әскери прокуратура қызметкерлері, олардың бәрі өздерінің кәсіби міндеттерін адал, жанқиярлықпен атқарды. Әскери қызметкерлердің, жерлестеріміздің қазасы орны толмас ауыр қайғы. Біз олардың отбасыларына  қамқорлық жасап, назардан тыс қалдырмай, балаларының әкелерін мақтан тұтып өсуіне көмектесуді жалғастырамыз. Мұндай оқиға енді ешқашан болмасын деп тілейміз – деп атап өтті Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев.

2021 жылғы 26 тамызда Байзақ ауданындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасы аумағында болған оқиға салдарынан өзінің кәсіби және әскери борышын өтеу кезінде 17 адам қайғылы жағдайда қаза тапты. Марқұмдардың бәрі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бір әскери қызметші – 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев әлі күнге дейін хабар-ошарсыз.

Олардың есімдері әрқашан жадымызда сақталып, жасаған ерліктері Отанға адал қызмет етудің және өз ісіне адалдықтың үлгісі. Біз қаза тапқандардың отбасыларымен байланысты үзбей, көмек көрсетеміз. Ал егер балалары әскери оқу орындарына түсуге ниет білдіріп жатса, біз оларға даярлықта жан-жақты жәрдем көрсететін боламыз – деп атап өтті әскери бөлім командирі подполковник Еркін Әбсадықов.

Қазіргі уақытта әскери бөлім аумағын оқ-дәрілердің қалдықтарынан тазарту жұмыстары жалғасуда. Оларды жою елді мекендерден алыс орналасқан таулы жерде жүргізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға