«Байтақ» партиясының бірқатар филиал басшылары сайлау қорытындысын мойындады

«Байтақ» партиясының бірқатар филиал басшылары сайлау қорытындысын мойындады
Фото: Baytaq

«Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік филиалдарының өкілдері экзитпол қорытындысы бойынша жарияланған Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижелеріне қатысты пікір білдірді.

Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы партия өкілдері сайлаушылардың таңдауын құрметтейтінін мәлімдеп, саяси жұмысты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар кейбір филиал басшылары сайлау нәтижесін саралап, партияның ішкі жұмыс тәсілдерін қайта қарау қажеттігін айтты.

«Байтақ» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Тұрсынбек Бәйтеміров Facebook парақшасында жариялаған видеоүндеуінде партия сайлаушылардың таңдауына құрметпен қарайтынын және жарияланған алдын ала нәтижелерді қабылдайтынын мәлімдеді.

«Бұдан әрі де бүгінгі нәтижені ескере отырып, өз ұстанымымыз бен бағдарламамызды басшылыққа аламыз. Қоршаған ортаны қорғау, таза су мен таза жер мәселелері бойынша нақты шешімдерге қол жеткізуге күш саламыз. Жұмысымызды жетілдіріп, келесі сайлауға дайындаламыз», – деді Тұрсынбек Бәйтеміров.

Ол партияны қолдаған азаматтарға алғыс айтып, «Байтақтың» алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастыратынын атап өтті.

Ал партияның Қарағанды облыстық филиалының басшысы Сейфул-Мәлік Қазитов экзитпол көрсеткіштері партия күткен нәтижеден төмен болғанын айтты. Соған қарамастан, оның сөзінше, «Байтақ» сайлаушылардың таңдауын құрметтеп, дауыс беру қорытындысын қабылдайды.

Қазитов Құрылтайға өткен партияларға сәттілік тілеп, халық сенімін ақтауға шақырды. Оның айтуынша, Құрылтайдағы жұмыс қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Сонымен бірге филиал басшысы сайлау қорытындысы партияның өз ішіндегі жұмысты жан-жақты саралауға негіз болуы керек деп есептейді. Оның пікірінше, науқан барысында «Байтақтың» әлеуеті толық пайдаланылмай, партияның барлық идеясы сайлаушыларға тиісті деңгейде жеткізілмеген.

Осыған байланысты Сейфул-Мәлік Қазитов партияның басқару жүйесін реформалап, төраға ротациясын жүргізу қажеттігін көтерді. Сондай-ақ партия мүшелерін «Байтақты» жаңғырту жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.

«Байтақ» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Айман Сексенова да экзитпол нәтижелері партия күткен көрсеткіштен төмен болғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, сайлау күні өңірдегі учаскелерде партия атынан 200-ден астам байқаушы жұмыс істеген. Сексенова сайлау әділ өткенін айтып, «Байтақтың» азаматтардың таңдауын қабылдайтынын жеткізді.

Ол Құрылтайдан орын алған саяси күштерге нәтижелі жұмыс істеп, сайлаушылардың сенімін ақтауға тілектестік білдірді.

Сонымен қатар Айман Сексенова сайлау нәтижесі партияның ішкі жұмыс тәсілдерін қайта қарауға себеп болуы тиіс деп санайды. Оның пікірінше, сайлауалды тұғырнаманы саралап, оны партияластармен бірге талқылау қажет. Ол да «Байтақ» мүшелерін партияны жаңғырту жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Осылайша, үш өңірлік филиалдың басшылары «Байтақ» партиясының сайлаудан кейін де саяси қызметін жалғастыратынын мәлімдеді. Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы партия өкілдері ішкі өзгерістер мен жұмыс тәсілдерін қайта қарауға басымдық берсе, Батыс Қазақстан облыстық филиалы экологиялық мәселелер бойынша жұмысты жалғастырып, алдағы саяси науқандарға дайындалуға назар аудармақ.

Оқи отырыңыз