Қазақстан футбол федерациясы бүгін Талғат Байсуфиновтың ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен өз еркімен кеткенін ресми түрде хабарлады. ҚФФ маманның отставкасын қабылдап, ұлттық команданың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Команда тізгініндегі жұмысы барысында Талғат Байсуфинов құрамадағы барлық кезеңдері арасында ең үздік нәтижені көрсетті. Оның ішінде әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгиямен өз алаңымызда тең түсті. Оның жетекшілігімен команда өз күшіне деген сенімділікті қайтарып, ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартты, – деп хабарлады Қазақстан футбол федерациясы.
Осыған байланысты El.kz тілшісі спорт функционері Болат Есмағамбетовтің пікірін сұрады. Оның сөзінше, Байсуфиновтың қызметтен кетуінің нақты себептері жарияланбайынша қандай да бір қорытынды жасау қиын.
Қазір ешкім нақты не болғанын білмейді. Сондықтан түрлі болжам мен қауесетке сүйеніп пікір айтқым келмейді. Егер өзі еркімен кетсе, демек бұл оның жеке шешімі. Бірақ не себеп болғанын алдымен білу керек. Сол кезде ғана жағдайға объективті баға беруге болады, – деді Есмағамбетов.
Маманның айтуынша, ұлттық құрама жақында ғана Армения және Венгрия құрамаларымен жолдастық кездесулер өткізіп, алдағы жарыстарға дайындық жүргізіп жатқан еді.
Біз бәріміз де бұл ойындарды алдағы турнирлерге дайындықтың бір бөлігі ретінде қабылдадық. Жаңа ойыншылар шақырылды, құрам тексерілді. Сондықтан бұл жаңалық көпшілік үшін күтпеген жағдай болды, – дейді ол.
Есмағамбетов әлеуметтік желілер мен БАҚ-та түрлі болжамдар айтылып жатқанын, алайда ресми түсініктеме берілмейінше мұндай әңгімелерге сенуге болмайтынын атап өтті.
Біреулер оны басшылықпен байланыстырады, енді біреулер басқа себептерді айтады. Бірақ мұның бәрі – болжам ғана. Мен расталмаған ақпаратқа сүйеніп пікір білдіре алмаймын. Мұндай жағдайда жауапты тұлғалар түсініктеме беруі керек. Не болғанын ресми түрде айтса, сонда ғана сарапшылар да өз бағасын бере алады, – деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондай-ақ тәжірибелі маман Байсуфиновтың жұмысын дәл қазір бағалау дұрыс емес деп санайды.
Оның еңбегіне белгілі бір турнирлік цикл аяқталған кезде баға берген жөн. Қазір оның жұмысын не оң, не теріс деп бағалай алмаймын, – деді Болат Есмағамбетов.
Айта кетейік, Талғат Байсуфинов Қазақстан ұлттық құрамасын бірнеше кезеңде басқарған тәжірибелі мамандардың бірі саналады. Ол алғаш рет 2016 жылы ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалып, команданы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде жаттықтырды. Кейін 2020 жылдың желтоқсанында қайтадан ұлттық құраманың тізгінін ұстап, 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарында жұмыс істеді. 2025 жылдың қыркүйегінде үшінші рет ұлттық құраманың бас бапкері міндетін атқаруға кіріскен болатын. Осылайша Байсуфинов Қазақстан құрамасын үш кезеңде басқарған санаулы отандық мамандардың қатарына енді.