Қазақстандағы ең ірі ғарыш айлағы саналатын Байқоңырдан талай адам жұлдыздарға жол тартты. Осы жерден адамзат тарихындағы алғашқы ғарышкер Юрий Гагарин көкке көтерілді. Бірақ Байқоңырдан шыққан тағы бір жанның тағдыры әлем назарын өзіне аударды. Оның бағыты ғарышқа емес, әлемдік опера өнерінің биігіне қарай өрледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Euronews басылымы жазды. Қызылорда облысындағы Ақай ауылында дүниеге келген Айгерім Алтынбек бүгінде Еуропаның беделді сахналарында өнер көрсетіп жүр. Былтыр ол Италияда өткен халықаралық CLIP байқауында топ жарып, бірден төрт бірдей марапатқа ие болды. Қазақстандық әнші бас жүлдені, көрермен көзайымы сыйлығын, «Үздік әйел дауысы» атағын және музыка сыншыларының арнайы жүлдесін жеңіп алды.
Ла Скаладағы тарихи жетістік
Алайда оның ең үлкен жетістіктерінің бірі Миландағы әйгілі Ла Скала театрымен келісімшарт жасасуы болды. Осылайша Айгерім аңызға айналған сахнаға шыққан алғашқы қазақстандық опера әншісі атанды.
Өнер иесінің айтуынша, Ла Скала сахнасына шығу бала күнгі арманынан да асып түскен оқиға болған.
Мен бес жасымнан бері ән айтып келемін. Ла Скалада өнер көрсету тіпті қиялыма да кірмеген еді. Театрдың табалдырығын алғаш аттаған сәтте кішкентай Айгерімнің арманы орындалғандай күй кештім. Бұл – өмір бойы атқарылған еңбектің нәтижесі екенін сезіндім. Қазірдің өзінде сол кездегі әсерімді сөзбен жеткізу қиын, – дейді әнші Euronews басылымына берген сұхбатында.
Айгерімнің сөзінше, сол сәтте ол тек өзін ғана емес, бүкіл қазақ елін ойлаған.
Сахнада тұрған кезде бұл тек менің емес, бүкіл Қазақстанның арманы орындалғандай көрінді, – дейді ол.
Алғашқы ұстазы – анасы
Әншінің өнер жолы шағын ауылдан басталған. Алғашқы ұстазы – анасы. Кейін Байқоңыр қаласындағы музыка мектебінде білім алып, колледж қабырғасында ұстазы Фируза Арғынбаеваның қолдауымен опера өнеріне бет бұрған.
Небәрі 16 жасында Санкт-Петербургте өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атанған Айгерім содан бері Қазақстан, Ресей және Еуропадағы ондаған беделді өнер додасында бақ сынады. Ол Пуччинидің мерейтойына арналған халықаралық байқауда жеңіске жетіп, Николай Гяуров атындағы опера байқауында жүлдегер атанды. Ал CLIP байқауындағы жеңіс оның халықаралық деңгейдегі беделін одан әрі нығайтты.
Әншінің айтуынша, мұндай жетістіктердің артында күнделікті тынымсыз еңбек жатыр. CLIP байқауына ол алты ай бойы дайындалып, күн сайын бірнеше сағат жаттыққан.
Әрдайым дайын болу керек. Үнемі үйреніп, өзіңді жетілдіріп отыру маңызды. Сахна энергиясын сезіну үшін де үлкен еңбек қажет, – дейді Айгерім.
Қазақ мәдениетін әлемге таныту миссиясы
Қазір ол Ла Скала академиясымен және театрмен жұмыс істеп жүр. Соған қарамастан әр концертінде қазақ мәдениетін таныстыруға тырысатынын айтады.
Әр концертімде кем дегенде бір қазақтың халық әнін орындауға тырысамын. Адамдар біздің тілімізді естіп, мәдениетімізбен танысқанын қалаймын, – дейді өнер иесі.
Айгерімнің айтуынша, шетелдік көрермендер үшін Еуропа сахнасында қазақ қызының өнер көрсетуі таңсық құбылыс. Сондықтан ол мұны үлкен жауапкершілік деп қабылдайды. Әнші мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың өзіне ерекше күш бергенін де жасырмайды.
Дегенмен ол үшін ең бастысы – музыка.
Сахна – менің өмірім. Сахнада өзімді қанатын кең жайған құстай сезінемін. Бұл – менің үйім, – дейді әнші.
Ал күнделікті өмірде өзін қарапайым адам ретінде сипаттайды.
Мен ата-анамның қызымын, достарымның досымын, ұстаздарымның шәкіртімін. Ал сахнаға шыққанда бар ойым – көрерменге әсер сыйлау. Музыка арқылы олардың жүрегіне жол табуды қалаймын, – дейді Айгерім Алтынбек.