Жаңалықтар

БАЙЛАР МЕН КУЛАКТАРДЫ ТАП РЕТІНДЕ ЖОЮ

БАЙЛАР МЕН КУЛАКТАРДЫ ТАП РЕТІНДЕ ЖОЮ
28.08.2014 12:40 12393

БАЙЛАР МЕН КУЛАКТАРДЫ ТАП РЕТІНДЕ ЖОЮ — Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру барысында меншік иелерін, ауқатты шаруалар қожалықтарын күшпен жою шаралары. 1929 ж. 20 ақпанда КСРО ОАК мен Халық Комиссарлар Кеңесі “Еңбек туралы заңдар кодексін кулактар шаруашылықтарында қолдану тәртібі туралы”, 21 мамырда “Еңбек туралы заңдар қолданылуға тиісті кулактар шаруашылықтарының белгілері туралы” қаулылар қабылдады. Қазақстанда ірі байлар шаруашылықтарын тәркілеу 1928 жылдан жүзеге асырыла бастады. Аталмыш құжаттар негізінде 1929 ж. 10 қазанда Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлар Кеңесі қабылдаған қаулысы бойынша бай-кулактар қатарына жылдық табысы 300 сомнан асатындар, саудамен айналысатындар, диірмені барлар, т.б. жатқызылды. И.В. Сталин 1929 ж. сәуірдегі БК(б)П ОК мен Орталық бақылау комиссиясының пленумында “кедей — жұмысшы табының тірегі, орташа шаруа — одақтасы, кулак — тап жауы” деген тұжырымды ұсынды. Сол жылы 29 желтоқсанда өткен марксшіл аграршылар конференциясында Сталин кулактарды тап жауы ретінде жоюды күн тәртібіне қойды. 1930 ж. 15 қаңтарда БК(б)П ОК В.М. Молотов басқарған арнайы комиссия құрды. Жергілікті жерлердің партия к-ті жанында “үштіктер” ұйымдастырылды. Қазақстандағы респ. “үштіктің” құрамына Ж. Құрамысов (төрағасы), А. Альшанский мен А. Асылбеков (мүшелері) енді. Ол 1930 ж. 23 қаңтардағы мәжілісінде Қазақстандағы 20 мыңға жуық байлар мен кулактар шаруашылықтарын тәркілеп, жаппай ұжымдастыру жүріп жатқан аудандардан көшіріп, өнеркәсіп құрылыстарынан, темір жолдардан шалғай жатқан аудандарға тарата қоныстандыру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, ол жерлерге сырттан жер аударылып әкелінетін 30 мыңдай кулактардың отбасыларын орналастыру көзделді. 1930 ж. 30 қаңтарда БК(б)П ОК бюросының “Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы кулактар шаруашылықтарын жоюға байланысты шаралар туралы” қаулысы қабылданып, онда бай-кулактарды жою жолдары нақтыланды. Жергілікті жерлердегі өкімет орындарына “кулактарға қарсы күресте барлық қажетті шараларды қолдануға” рұқсат етілді. 1930 ж. 10 ақпанда Қазақ өлкелік партия к-тінің арнайы комиссиясы республикада бай-кулактары жойылуы тиіс 20 ауданды белгіледі. Науқанды жергілікті жерлерде жүзеге асыру ОГПУ органдарына жүктелді. Бай-кулактарға жазалар белгілеу Мәскеуде шешілді. КСРО Заң халық комиссариатының төрағасы Н. Янсеннің 1930 ж. 3 ақпандадағы нұсқауы бойынша “кулактардың контрреволюцияшыл белсенді тобы” тез арада қамауға алынып,  олар “қастандық актілерін ұйымдастырушылар” ретінде ату жазасына кесілетін болады. Жазалауға ұшыраған байлар мен кулактар Конституцияда белгіленген азаматтық құқықтарын пайдалану мүмкіндіктерінен айырылды. Кулактардың өз беттерінше басқа жаққа көшулеріне, мал-түліктерін сатуларына тиым салынды. Байлар мен кулактарды жоюды 4 айдың ішінде аяқтау міндеттелді. Кулактар мен байларды тәркілеу барысында көптеген заңсыздықтар орын алды. Кейбір жерлерде кулактар қатарына орташа шаруалар ғана емес, кедейлер де жатқызылды. Тіпті әскерилерді, агрономдарды, дәрігерлерді, мұғалімдерді кулак ретінде қабылдап, қуғын-сүргінге ұшырату оқиғалары да кездесті. Науқанды жүзеге асыру барысында Кеңес өкіметіне қарсы насихат жүргізді деген бір адамға қатысты іс бойынша бірнеше адамды топтап соттату әдетке айналды. Контрреволюциялық топтар мен ұйымдар құрғаны жөнінде ешқандай мәліметтер болмаса да, олар РКСФР Қылмыс кодексінің 58-бабының 11-тармағымен айыпталып, ату жазасына кесілді. Қазақстанда 22 мың адам қамауға алынды. 1930 ж. 1 шілдеге дейін олардың 12 мыңы (кедейлер мен орташалар) түрмеден босатылды. 4 мыңдайы жер аударылды. Қазақстанда барлығы  54625 шаруашылық бай-кулакқа жатқызылып, тәркіленді. 1930 ж. қараша-желтоқсан айларында бай-кулактар, ауқатты шаруалар шаруашылықтарын қайта айқындау жұмысы қарқын алды. 1931 ж. 3—7 ақпан аралығында өткен Қазақ өлкелік партия к-ті мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумы байлар мен кулактарға қарсы күресті онан әрі күшейте түсуді ұсынды. Нәтижесінде 1931 ж. Қазақстаннан тыс жерлерге 5500 шаруа бай-кулак ретінде жер аударылды. Кеңес өкіметі жер аударуды 1932 ж. ғана тоқтатты. Б. мен к. т. р. ж. Қазақстан а.ш-на орасан зор апат әкелді. Шаруалардың ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер бөлігі күшпен жойылды, мұның өзі, әсіресе, дәстүрлі мал ш-н күйзеліске ұшыратты. қ. Ашаршылық.

Әдеб.: Қойгелдиев М., Омарбеков Т., Тарих тағылымы не дейді?, А., 1993; Омарбеков Т., Зобалаң (Күштеп ұжымдастыруға қарсылық), А., 1994; соныкі, 20 — 30 жылдардағы Қазақстан қасіреті, А., 1997. Т. Омарбеков

Қазақстан Энциклопедиясы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға