Жаңалықтар

«Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаевпен қатар жүрдік». Соғыс ардагерімен сұхбат

«Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаевпен қатар жүрдік». Соғыс ардагерімен сұхбат
Фото: ©El.kz/Ғылымнұр КӘДІРБАЙ 09.05.2023 14:35 3722

Ел басына күн туғанда етгімен су кешкен ерлер аз емес. Екінші дүниежүзілік соғыстың қызыл жалыны қазақ даласын да шарпып өтті. Соғысқа жарамды жігіттер қотарылып атқа қонды. Әке мен бала қатар оқ пен оттың ортасына аттанды. Сан миллион боздақтың жанын жалмаған сүркейлі соғыстың аяқталғанына 78 жылдың жүзі болды. Соғыс аяқталғанмен оның қалдырған жарасы әлі толық айықпады, ақтаңдағының орны толып болмады.

Сол алапат соғыстың арасынан аман шыққан жаужүрек батырлардың қатары күн өткен сайын селдіреп келеді. Біз ардагерлердің бірі Нұрғасым Әжітайұлын Қосшы қаласында тұратынын естідік. Естідік те асылдың  сынығы, ескінің көзі болған қаһарман қарияның көзін көріп, батасын алайық деп үйіне аттандық. Бізді ақсақалдың немересі Нұрлан қарсы алды. Бір белден ассам 100 жасқа жетемін деп отырған Нұрғасым атаның өзі де қуатты, рухы мықты кісі екен. Сүйегі асыл ақсақал орден толы оқалы тонын өзі киіп, еңсесін тік ұстап тұрғанда қасқайған батырға айналып шыға келді. Асатаяқ таянбай жүріп, орнынан қол тіремей тұрып кеткенін көргенде еріксіз сүйсіндік.

– Екінші дүниежүзілік соғыста көрмегеніміз жоқ, – деген Нұрғасым ардагер өзінің басынан кешкен қанды кешулерді әңгімелеп берді. Талай-талай қиын белестерді бағындырған сәттерін ұрпақтарына ұлағатты әңгіме қылып айтып отыр. Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев қатарлы қазақтың батыр ұлдарымен дәмдес-тұздас болғанын сағына еске алады.

– Ұрпақтарыма айтарым, біздің көрген бейнетімізді көрмесін. Рахатын көрсін, – деп жатса-тұрса ел-жұртының тілеуін тілейді. Батаңызды беріңіз деп қол жайған бізге:

«Достарың көп болып, дұшпандарың жоқ болсын. Тәннің азғыруынан, адамның жазғыруынан аман болыңдар! Не тілесеңдер де Алла тағала қабыл етсін!» деп ықыласын білдірді. 

Нұрғасым Әжітайұлы 1925 жылы қаңтар айында Семей облысы, Абралы ауданының Сарықамыс деген жерінде дүниеге келген. Қазақ даласын жайлаған ашаршылық жылдары Құлжабасыға, кейін Семейге отбасымен қоныс аударады. 1938 жылы еңбек ұжымшары құрылып, 7 жылдық мектеп ашылып, 13 жасар Нұрқасым мектеп табалдырығын аттайды.

Ақсүйек аштықтан бір, саяси-қуғын сүргіннен екі тауқымет шегіп, есін жия алмай отырған елдің басына енді соғыстың тақсіреті қосылады. Соғыс ардагері Нұрқасым Әжітайұлы да әскер қатарына 1943-інші жылы қаңтар айында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен қабылданады. Өрімдей жігіт бір жылдың ішінде Новосібір қаласындағы мергендер мектебін үздік тәмамдайды. Атқан оғы жерге түспеген мерген болып басшылықтың назарына іліккен жас сарбаз бірден жолдамамен Мәскеу түбіндегі қанды шайқасқа аттанады. Мерген Нұрғасым Әжітайұлы кейін Маршал Малиновскийдың қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат ету шайқасына қатысады. Берлинді алуда және Курск  доғасындағы ауыр шайқаста авиациялық қызметтің атқыштар сапында жауынгер болады. Күн өткен сайын саптастары мерт болып, жаңа ғана жаныңда жүрген жауынгердің жанын жалғыз оқ жалмап кетіп жатады.

Соғыс өрті басыла салысымен, 1945 жылы тамыз, қыркүйек айларында Жапониямен соғысуға аттанған жауынгерлермен бірге, 293-інші атқыштар дивизиясымен келесі қан майданға аттанады. Квантон әскерімен кескілескен ұрыста Нұрқасым Әжітаев асқан ерлігімен көзге түсіп марапатталады.

Соғыс аяқталғаннан кейін майдангер Читадағы училищеде ұстаздық етіп, жастарды әскери қызметке тәрбиелейді. Сондай-ақ,  Владивастоктың Артем қаласының комсомол ұйымында жетекші болып, Краснояр өлкелік съезге екі рет делегат болып қатысады. Осы комсомол жетекшісі болып атқарған қызметі үшін Хабаров өлкесіндегі қызыл әскер ұйымының мұрағатында «Алтын әріппен атың жазылды» деген грамота берген.

Туған елге тек араға сегіз жыл салып, 1951-інші жылы оралады. Абыралы ауданы оқу бөлімінде «әскери инспектор» болып еңбек еткен Нұрқасым Әжітаев отбасымен Шар қаласына көшіп, темір жолдың Шаған станциясында кезекші болды. Кейін Кеңшар директорының шақыруымен Қайнарда ағаш шеберханасында меңгеруші болып, 20 жыл еңбек етеді. 1985 жылы зейнеткерлікке шыққаннан Қайнар ауылында қоныстанған. Қазір Қосшы қаласында, бала-шағасының ортасында өмір сүріп жатыр.

«Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаевпен қатар жүрдік». Соғыс ардагерімен сұхбат

Шар қаласында 1952 жылы Нұрзиләт Құсайынқызымен отбасын құрған Нұрғасым атамыз бұл күнде ордалы ел, ұялы бәйтерекке айналып отыр. Қанаттыға қақтырмай өсірген балалары мен 10 немересі атасын ардақтап қарайды. Мойнына кезек асылатын 10 шөбересінің қылығына мәз болып, ұрпағы мен елінің тілеуін тілеп отырған ардагер атамызға Алла қуат берген.

Марапаттары: Жапонияны жеңгені үшін медалі, 2 дәрежелі Отан соғысы ордені,  Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков медалі, Жеңістің 55 жылдығы құрметіне «1941-1945 ж.ж. соғыс ардагері» Белгісі, «Тың жерлердің негізі үшін» медалі, «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медалі, Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 20, 40, 50, 55, 60, 65, 70, 75 жылдық мерекелік медалдарымен марапатталған. «Құрметті қажы» алтын медаль иегері. ҚР Президентінің атынан, аудан әкімшіліктері атынан алғыс хаттары бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға