Жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында бес қайырымдылық спорт залы ашылды

Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоры мәлім етті
Батыс Қазақстан облысында бес қайырымдылық спорт залы ашылды
Фото: qazaqstanhalqyna.kz 14.12.2022 16:48 1450

Батыс Қазақстан облысының бес елді мекенінде балаларға арналған қайырымдылық спорт залдары ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Залдар Ақсай қаласында, Ақпәтер, Дариян, Бұлан және Қарауылтөбе ауылдарында іске қосылды. Ақсайдағы зал жеке спорт залы ғимаратында, Казталов ауданының Ақпәтер ауылында тұрғын үй ғимаратында, Бәйтерек ауданының Дарьинск ауылындағы зал тұрғын үй ғимаратында, Сырым ауданының Бұлан ауылында спорт клубы ғимаратында, Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында орналасқан.

«Бұрын бізде дзюдо бөлімі болмады. Енді залдың ашылуымен дзюдомен айналысатын боламыз, әрі жарыстарға дайындаламыз. Осындай заманауи зал ашқан баршаңызға алғыс білдіреміз. Осында жаттыққан өте ұнайды», - дейді Қарауылтөбе ауылының кішкентай тұрғыны Рысбек Өтепберген.

Залдар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «24 балалар спорт залы» жобасы аясында жарақтандырылды. Қор 5 залдың ашылуына 41,2 млн теңге бағыттады. «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен спорт залдарда бокс, күрес, дзюдо және басқа да спорт түрлерімен айналысу үшін қажетті спорттық құралдармен жабдықталды. Күрес кілемдері мен сөмкелер, еден жабындары, жаттығу манекендері, сондай-ақ гантельдер, бокс қолғаптары мен дулығалар, жабдықтар, арқандар, спорттық жинақтары және т.б. сатып алынды. Бастама «Батыр боламын!» қорымен серіктестікте жүзеге асырылуда. Аталмыш қор жобаның ұйымдастырушылық мәселелерімен айналысады.

«Спорт залдар шалғай ауылдарда ашылып отыр. Осыған дейін елді мекендердерде замауни жабдықталған залдар болмады. Сондықтан жергілікті тұрғындар, оның ішінде балалар мен жастар ашылуды асыға күтті. Қазірдің өзінде әр залда түрлі спорт түрлері бойынша 30-40-қа жуық бала жазылды. Ауыл өміріне жаңа  дем беріп, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына себепкер болып отырған болған «Қазақстан халқына» қорына алғыс айтамыз. Жобаны іске асыруға өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар жәрдемдесіп, қолдау көрсеткенін атап өткім келеді»,-деді ашылу салтанаты барысында «Батыр боламын!» қорының вице-президенті Ернұр Сабыкенұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға