Жаңалықтар

"Бастау" кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

"Бастауға" 40-тан астам елден 60-қа жуық картина бәсекеге түсті
"Бастау" кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды
05.12.2022 10:50 1138

Алматыда X Мерейтойлық Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің жабылу салтанаты өтті. Фестивальдің қазылар алқасы кинокөрсетілімдерді қорытындылап, бірнеше номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы "Бастау" кинофестивалінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Грузин режиссері Георгий Овашвили төрағалық еткен халықаралық қазылар алқасы Bastau DEBUTS бағдарламасында Боливиядан келген "Утама" картинасын үздік деп таныды. Режиссер Алехандро Лоайс Гризидің фильмі кечуа ұлтының қарт жұбы туралы баяндайды. Туынды ақпан айында әйгілі "Сандэнс" фестивалінде "Әлемдік кино" бағдарламасында Гран-при жеңіп алған және биыл Боливиядан "Шет тіліндегі үздік фильм" номинациясы бойынша "Оскар" сыйлығына ұсынылып отыр.

Үздік режиссерлік жұмыс үшін жүлде франциялық Али Черриге "Бөгет" картинасы үшін берілді, ал актерлік номинацияларда индонезиялық Арсвенди Бенинг Свара ("Өмірбаян" фильмі үшін) және чилилік Алин Куппенгейм ("1976" фильмі үшін) жеңіске жетті. Чили, Аргентина және Катардың бірлескен өнімі болып табылатын соңғы туынды ("1976") қазылар алқасының арнайы сыйлығын да ұтып алды.

"Мұндай фестивальдер жастар үшін, алғашқы қадамдарын жасайтын студенттер үшін өте маңызды. Бұл өмірге деген және біздің ісімізге деген үлкен мотивация. Әсіресе дебют үшін өте маңызды — ал біздер, қазылар алқасы үшін бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан сіз жүлде алдыңыз ба, жоқ па, маңызды емес — фильмді түсіріп шығарғаныңыздың өзі — жеңіс. Сол үшін де күресуді тоқтаптаңыздар, сонда ғана жеңіске жетесіздер", деді халықаралық қазылар алқасының төрағасы Георгий Овашвили.

Фестивальдің үздік қысқаметражды көркем фильмі номинациясында қазақстандық режиссер Роман Черниковтың "Нина" картинасы жеңіске жетті.

Сонымен бірге BASTAU SHORTS бағдарламасының қазылар алқасы келесі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады:

  • Үздік анимациялық қысқаметражды фильм — "Түн" Ахмад Салех, Палестина;
  • Үздік қысқаметражды деректі фильм — "Эверестті бағындыру" Бинода Адхикари, Непал;
  • Қазылар алқасының арнайы жүлдесі — Азамат Бүкешовтің "Жаздың ең ұзақ күні", Қазақстан;
  • Ерекше аталым — "Алиф. До-ре-ми" Алиджон Джалилов, Тәжікстан.

Биылғы жылы барлық Гран-прилерге ақшалай сыйлықтар да берілді. Естеріңізге сала кетсек, Х "Бастауға" 40-тан астам елден 60-қа жуық картина фестиваль марапаттары үшін бәсекеге түсті. Бұл фестивальдің өзіндік географиялық рекорды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға