Басқа өңірге жұмысқа барғандарға 7 млн теңге: мемлекеттік қолдауды кімдер алады?

Басқа өңірге жұмысқа барғандарға 7 млн теңге: мемлекеттік қолдауды кімдер алады?
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударатын азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту жоспарланып отыр. Жаңа жоба бойынша жұмыссыздармен қатар сұранысқа ие мамандар мен шаруа қожалықтарының басшылары да бағдарламаға қатыса алады. Тұрғын үй алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасына 7 млн теңгеге дейін сертификат беру қарастырылған.

Қай өңірлерден қоныс аударуға болады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңіраралық қоныс аудару қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Жобаға сәйкес, еңбек күші тапшы өңірлерге көшетін азаматтар үшін бір реттік төлем, тұрғын үй сатып алуға арналған сертификат және жалдау ақысын өтеу секілді қолдау шаралары қарастырылмақ.

Бағдарлама еңбек күші артық өңірлерден маман тапшылығы бар аймақтарға көшу қағидаты бойынша жұмыс істейді. Жоба бойынша қоныс аударушылар шығатын өңірлердің қатарында:

  • Алматы облысы;
  • Жамбыл облысы;
  • Маңғыстау облысы;
  • Түркістан облысы;
  • Қызылорда облысы;
  • Жетісу облысы;
  • Алматы қаласы;
  • Астана қаласы;
  • Шымкент қаласы бар.

Алайда мемлекеттік қолдау кез келген елді мекенге көшкен азаматқа берілмейді. Өңір әкімдіктері бағдарламаға қатысатын елді мекендердің арнайы тізімін қалыптастыруы тиіс.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Жаңа редакцияда мемлекеттік қолдау алуға құқығы бар азаматтардың қатары кеңейтіледі. Бағдарламаға:

  • жұмыссыз азаматтар;
  • сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмысқа шақырылған мамандар;
  • шаруа немесе фермер қожалықтарының басшылары;
  • қандастар;
  • жұмыс берушілер қатыса алады.

Қолдауды бір адам немесе отбасы бір рет қана ала алады.

Әр отбасы мүшесіне 70 АЕК беріледі

Қоныс аударушыларға қарастырылған негізгі шаралардың бірі – көшуге берілетін біржолғы субсидия.

Оның мөлшері әрбір қоныс аударушыға және оның отбасының әр мүшесіне 70 АЕК, яғни көрсетілген есеп бойынша 302 750 теңге болады.

Алайда бұл қаражат бірден төленбейді. Азамат жаңа жерде жұмыс істеп, міндетті әлеуметтік аударымдарды кемінде үш ай қатарынан төлегенін растауы қажет.

Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы осы төлем бойынша жалпы 280 АЕК немесе 1 211 000 теңге алуға үміткер бола алады.

Тұрғын үйге 7 млн теңгеге дейін

Бағдарламадағы ең ірі қолдау шараларының бірі – экономикалық мобильділік сертификаты. Оның мөлшері 1625 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 7 028 125 теңге.

Сертификатты тұрғын үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасына пайдалануға болады. Егер сатып алынатын үйдің бағасы белгіленген лимиттен төмен болса, мемлекет жылжымайтын мүліктің нақты бағаланған құнын ғана өтейді.

Бұл сертификатты да көшкен бойда алу мүмкін емес. Азамат жаңа жұмыс орнында кемінде 12 ай қатарынан еңбек етіп, әлеуметтік аударымдар жасағанын растауы керек.

Сонымен бірге сертификат есебінен тұрғын үйді жұбайынан немесе жақын туыстарынан сатып алуға болмайды. Мемлекеттік қолдау арқылы алынған үйді бес жыл ішінде сатуға тыйым салынады.

Жалдау ақысына да өтемақы беріледі

Қоныс аударған отбасы бірден үй сатып ала алмаса, тұрғын үй жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтер шығындарының бір бөлігін өтеу қарастырылған. Бұл төлем ең көбі 12 айға беріледі. Қалаға қоныс аударғандар үшін:

  • бір адамға – 20 АЕК;
  • 2-4 адамнан тұратын отбасыға – 25 АЕК;
  • 5 және одан көп адамнан тұратын отбасыға – 30 АЕК қарастырылған.

Ауылдық жерлерде төлем мөлшері тиісінше 15, 18 және 21 АЕК болады.

Бұл қолдауды алу үшін жаңа жұмыс орнында кемінде алты ай еңбек еткенін растау қажет. Егер азаматқа мемлекет немесе жұмыс беруші қызметтік не жалдамалы тұрғын үй берсе, жеке жалдау және коммуналдық төлем өтемақысы төленбейді.

Жұмыс берушіге де субсидия қарастырылған

Бағдарламада жұмыс берушілерді де ынталандыру тетігі бар. Егер жұмыс беруші қоныс аударған азаматты тұрақты жұмысқа алып, оған кемінде екі жылға тұрғын үй берсе, әр қызметкер үшін 400 АЕК, яғни шамамен 1 730 000 теңге алуы мүмкін.

Басқа нұсқада мемлекет қызметкерге қызметтік тұрғын үй берген жұмыс берушінің тұрғын үй құнының 50 пайызын, бірақ 1160 АЕК-тен немесе шамамен 5 017 000 теңгеден аспайтын бөлігін өтеуі мүмкін.

Бұл жағдайда қызметкер кемінде бес жылға тұрақты жұмысқа қабылдануы тиіс.

Бес жылдан кейін қызметкер келісім тараптарының келісімі бойынша оған берілген тұрғын үйді сатып ала алады.

Қандастар мен қоныс аударушылар үйді кейін жекешелендіре алады

Жоба қандастар мен қоныс аударушыларға тұрғын үй салу немесе сатып алу тетігін де қарастырады.

Мұндай тұрғын үй 20 жылға жалға беру шартымен ұсынылады. Егер азамат әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындаса, бес жыл тұрғаннан кейін үйді жекешелендіруге мүмкіндік алады.

Ол үшін қалған соманы бірден төлеуге немесе оны келесі 15 жыл ішінде тең үлеспен өтеуге болады. Бұған дейін төленген жалдау ақысы тұрғын үйдің құнына есептеледі.

Егер азамат үйді жекешелендіруден бас тартса, 20 жылдық мерзім аяқталғаннан кейін жалдау шартын ұзартуға мүмкіндік беріледі.

Бес жыл толмай өңірден көшіп кетсе не болады?

Мемлекеттік қолдаудың маңызды шарттарының бірі – қоныс аударған азаматтың белгілі бір мерзім ішінде жаңа өңірде қалуы. Егер қандас немесе қоныс аударушы үкімет белгілеген өңірлерден бес жыл ішінде өз еркімен көшіп кетсе, оған берілген қаржылай көмекті жергілікті бюджетке қайтару талап етілуі мүмкін.

Мұндай жағдай анықталған кезде еңбек мобильділігі орталығы азаматқа қаражатты ерікті түрде қайтару туралы талап жібереді.

Азаматтың жауап беруіне 15 жұмыс күні беріледі, ал ақшаны қайтару мерзімі алты айдан аспауы тиіс. Егер қаражат қайтарылмаса немесе талапқа жауап берілмесе, орталық сотқа жүгіне алады.

Неліктен бұл маңызды?

Бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек ресурстарын маман тапшы өңірлерге бағыттау.

Қазіргі кезде жұмыс күші ірі қалаларда, соның ішінде Астана мен Алматыда көбірек шоғырланған. Ал кейбір өңірлерде білікті мамандар жетіспейді.

Жаңа тетіктер азаматтарға басқа өңірге қоныс аударған кезде көлік шығынын, тұрғын үй мәселесін және алғашқы кезеңдегі жалдау ақысын өтеуге мүмкіндік беруді көздейді.

Сонымен бірге мамандардың басқа өңірге көшуіне тек қаржылай қолдаудың өзі жеткілікті болмауы мүмкін. Азаматтар үшін мектеп, аурухана, жол, қоғамдық көлік және басқа да инфрақұрылымның қолжетімділігі маңызды.

Сондықтан еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасының нәтижесі мемлекеттік төлемдермен қатар өңірлердегі өмір сүру сапасы мен инфрақұрылымның дамуына да байланысты болады.

Айта кетейік, аталған өзгерістер әзірге жоба ретінде ұсынылып отыр. Қолдау шараларының түпкілікті тәртібі нормативтік құжат қабылданғаннан кейін нақтыланады.

Оқи отырыңыз