Жаңалықтар

«Баспасөз картасы» жөніндегі норма масс-медиа туралы заңнан алынып тасталды

«Баспасөз картасы» жөніндегі норма масс-медиа туралы заңнан алынып тасталды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 17.04.2024 13:01 268

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжановтың сөзінше, заң жобасында жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін «баспасөз картасын» енгізу жөніндегі норма ұсынылған болатын. Бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалап, алып тастады.

Заң жобасына енгізілген түзетулер:

- «Баспасөз картасы»; «Бұқаралық ақпарат»; «Діни теле бағдарлама»; «Журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы Ұлттық баяндама»; «Теле-радио арнаны есепке қою туралы куәлік» ұғымдарын алып тастау;

- «Журналистің ерекше мәртебесі» және «Аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі» ұғымдарын енгізу; «Журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеу» және «Масс-медиа мониторингі» ұғымдарын нақтылау;

- Желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктерді БАҚ түрлерінің бірі болып табылатын «интернет-басылым» бірыңғай ұғымына біріктіру. Бұл ретте, интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде есепке қойылады;

- Масс-медиа қызметінің негізгі міндеттерін нақтылау;

- Үкіметтің мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды іске асыруды ұйымдастыру жөніндегі құзыретін толықтыру;

Қосымша құзыреттер беру:

- Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеу;

- Мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – 55 пайызға, 2027 жылдан бастап теле-радио бағдарламалардың жалпы көлемін 60 пайызға ұлғайту; - Құқықтардың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша ескіру мерзімін үш жылдан бір жылға дейін қысқарту;

- БАҚ қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша қоғамдық-кәсіби кеңестердің негізгі функциясы ретінде журналистердің Әдеп кодексін әзірлеуді айқындау;

- Балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарын қаржылай қолдау (грант тағайындау);

- Отандық теле-радио арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-радио арналардың теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялауды 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарту;

 - «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін онлайн платформаларда ақпаратты орналастыру, тарату жөніндегі қатынастарды реттеу ерекшеліктері туралы норманы енгізу қарастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға