Баспана, ақша, жауапкершілік: жастар неге кеш үйленеді?

 magnific.com
Фото: magnific.com

Бір кездері ерте үйлену қалыпты құбылыс саналса, қазір жастар отбасы құруға асықпайды. Кейінгі жылдары Қазақстанда неке саны азайып, алғашқы неке жасы ұлғайып келеді. Сарапшылар мұны отбасы институтының әлсіреуінен гөрі, қоғамдағы өмір салты мен әлеуметтік жағдайдың өзгеруімен байланыстырады.

Неке саны неге азайып жатыр

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда соңғы жылдары неке саны біртіндеп төмендеп келеді. Мәселен, 2017 жылы елде 141,8 мың неке тіркелсе, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш азая бастаған.

  • 2021 жылы – 140,3 мың;
  • 2022 жылы – 128,4 мың;
  • 2023 жылы – 120,8 мың;
  • 2024 жылы – 123,6 мың неке тіркелген.

Ал 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда 21,6 мың неке қиылған. Өткен жылдың дәл осы кезеңінде 22,4 мың неке болған. Айырмашылық аса үлкен болып көрінбегенімен, сарапшылар мұны бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан тұрақты тенденция ретінде бағалайды.

Жастар отбасыдан бас тартып жатыр ма

Қазіргі өзгерісті тек «жастар үйленгісі келмейді» деп түсіндіру дұрыс емес. Керісінше, бүгінгі буын отбасыға бұрынғыдан сақ әрі жауапкершілікпен қарай бастады.

Бұрын 20-22 жаста үйлену қалыпты саналса, қазір жастар алдымен оқуын аяқтап, жұмысқа орналасып, баспана мәселесін шешуге тырысады. Сол себепті неке жасы да ұлғайып келеді.

2023 жылғы ресми деректер бойынша алғаш рет некеге тұрған ер адамдардың орташа жасы 27,8 болса, әйелдердікі 25,2 жас болған. Яғни қазақстандықтар отбасы құрудан бас тартып жатқан жоқ, тек оны кейінге шегеруде.

Үйленбегендердің саны азайған

Санақ деректері қоғамда отбасының маңызы әлі де жоғары екенін көрсетеді.

2009-2021 жылдар аралығында ер адамдар арасындағы ешқашан некеге тұрмағандардың үлесі 36,9%-дан 30,4%-ға төмендеген. Әйелдер арасында бұл көрсеткіш 28,2%-дан 25,7%-ға азайған.

Сонымен қатар некеде екенін көрсеткендердің үлесі де артқан. Ер адамдар арасында бұл көрсеткіш 57,1%-дан 63,1%-ға өссе, әйелдерде 52,2%-дан 58,9%-ға дейін көбейген.

Үлкен отбасы азайып бара ма

2009 жылы Қазақстанда бір үйде орта есеппен 3,55 адам тұрған болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,5 адамға дейін төмендеген. Айырмашылық аса үлкен емес сияқты көрінгенімен, бұл қоғамдағы отбасы форматының біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді.

Бұрын бірнеше буын бірге тұратын үлкен әулеттер жиі кездессе, қазір шағын отбасылар көп.

Урбанизация отбасыға қалай әсер етіп жатыр

Мамандар бұл өзгерістерді урбанизациямен де байланыстырады. Ресми дерекке сәйкес, 2023 жылы некенің басым бөлігі, яғни 66,2 пайызы қалада тіркелген.

Бірақ қалада отбасы құру бұрынғыдан қиындай түсті. Баспана бағасы өсті, жалдау ақысы қымбаттады, тұрақты табыс табу қиындады. Оған қоса несие, балабақша және күнделікті шығындар да көбейді.   

Сол себепті жастар арасында алдымен тұрақты табыс тауып, баспана мәселесін шешіп алу керек деген ұстаным күшейіп келеді. Қазіргі қаладағы жас отбасылар бұрынғы үлкен әулеттер сияқты бірнеше буынның қолдауына жиі сүйене алмайды. Көп жағдайда олар барлық мәселені өз күшімен шешуге мәжбүр.

Тұрғын үй нарығынан да өзгеріс байқалады

Соңғы жылдары Қазақстанда шағын пәтерлерге сұраныс күрт өсті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2022 жылы 44,5 мың шағын пәтер пайдалануға берілген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 40,2 мың болған.

Сонымен қатар бір адамға шаққандағы тұрғын үй көлемі 2009 жылғы 18 шаршы метрден 2022 жылы 24 шаршы метрге дейін өскен.

Бір қарағанда бұл жақсы өзгеріс сияқты көрінеді. Бірақ сарапшылар мұны адамдардың жеке-жеке немесе шағын құрамда өмір сүре бастағанының белгісі деп бағалайды.

Жастар отбасыға басқаша қарай бастады

Қазақстанда ажырасу деңгейі де жоғары болып отыр. Соған қарамастан, ресми деректер қазақстандықтардың отбасынан толық бас тартпағанын көрсетеді.

2021 жылғы статистика бойынша алғаш рет некеге тұрған ер адамдардың үлесі 78,2%, әйелдерде 74% болған. Бұл қазақстандықтардың басым бөлігі үшін ресми неке әлі де маңызды екенін көрсетеді.

Қазақстандықтар отбасыдан толық бас тартып жатқан жоқ. Бірақ қазір жастар отбасы құруға бұрынғыдан әлдеқайда сақ қарайды.

Оқи отырыңыз