Жаңалықтар

Баспана алуға болатын қандай жаңа бағдарламалар бар?

Баспана алуға болатын қандай жаңа бағдарламалар бар?
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3 10.07.2024 18:00 485

Тұрғын үй мәселесі қазіргі уақытта ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Нарықтағы үйді қолма қол қаржыға сатып алуға кез келген кісінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да көпшілігі жеке тұрғын үйді сатып алудың жолы ретінде ипотеканы қарастырады. Соған сай мемлекет тарапынан ұсынылған бірнеше ипотекалық бағдарламалар да бар. Алайда оның өзіндік шарттары мен талаптары да жоқ емес. Ендеше, өзіңізге мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың қайсысы сәйкес келетінін бірге қарастырып көрелік.

Биыл ипотекалық бағдарламалардың қатарына екі жаңа тұрғын үй бағдарламасы қосылды. Соның бірі – «Наурыз» бағдарламасы. Ол 2024 жылдың 1 мамырынан бастап іске қосылған.

«Наурыз» ипотекасының қандай шарттары бар?

- бағдарламаға қатысушының соңғы бес жылда баспанасы болмауы қажет. Осындай талап оның отбасы мүшелеріне, яғни жұбайы мен балаларына да қойылады.
- пайыздық мөлшерлеме – 9 пайыз, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 7 пайыз;
- несие мерзімі – 19 жыл, бастапқы жарна 20 пайыздан басталады.

Жаңа бағдарлама ұпай негізінде саралау принципі бойынша жұмыс істейді, яғни несие ең көп ұпай жинағандарға беріледі. Ұпайлар депозиттік сыйақылар, отбасы мен балалары болғаны үшін берілетін болуы керек.

Астана, Алматы, Шымкент және облыстық маңызы бар қалаларда тек бастапқы тұрғын үй сатып алуға болады, ал басқа облыстар, ауылдар мен аудан орталықтары үшін әзірге нақты жауап жоқ. «Наурызға» арналған барлық негізгі нысанды «Баспана базары» порталынан көруге болады.

Биыл «Наурыз» ипотекасына қатысуға өтініштер 1 мамырдан бастап қабылдана бастады. Келесі жылдан бастап 1 наурызға белгіленді.

Екіншісі – «Отау» бағдарламасы. 2024 жылдың 1 наурызында іске қосылды. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) қазақстандықтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдайды. Өтініш беру уақыты маңызды емес.

«Отау» бағдарламасына кімдер қатыса алады?

  1. Отбасы банк салымшылары («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы), оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады;
  2. Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек;
  3. Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы тиіс;
  4. Қатысушы жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда);
  5. Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек;
  6. Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын аталмыш қалаларда тұрақты тіркеу болуы қажет.

Бағдарламаның шарттары қандай?

Алғашқы жарна – 20%-дан бастап;

Кредит бойынша мөлшерлеме – жылдық 9% (ЖТСМ 9,2% бастап).

Несие мерзімі – 19 жылға дейін.

Жоғарыда аталғандардан бөлек, бұрыннан келе жатқан бірқатар тұрғын үй бағдарламалар бар. Енді осы ретте оларды біртіндеп шолып шықсақ.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы

несие мөлшерлемесі – 2%-ға дейін;

бастапқы жарна – үй құнының 10%-нан басталады;

қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен әкімдік кезегінде тұрған отбасылар ғана ипотека рәсімдей алады.

Олар:

көпбалалы;

жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

мүгедек баласы бар;

I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар.

Бағдарлама талаптары:

әкімдік кезегінде тұру;

отбасының атында басқа үй болмауы шарт;

отбасының табыс көзін растау;

соңғы жарты жылда отбасындағы әрбір адамның табысы 3,1 күнкөріс минимумынан аспауы керек.

2023 жылы күнкөріс минимумы – 49 567 теңгені құрайды, ендеше отбасының әрбір мүшесінің табысы 153 658 теңгеден аспауы қажет.

Айлық жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс (нотариус, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және тағы басқа), өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс, тұрғын үй төлемдері, шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда) негізгі кіріс ретінде есептеледі. Негізгі кіріс жеткіліксіз болса қосымша табысты (зейнетақы және зейнетақы аударымдары, экологиялық төлемдер) қосып есептеуге болады. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді. Бағдарлама қатысушысы өтінім берген кезде жұмыссыз болса немесе кірісі жеткіліксіз болса, онда қосалқы қарыз алушыны тарта алады. 

Қарыз сомасы:

Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда – 15 миллион теңгеге дейін;

басқа өңірлерде – 10 миллион теңгеге дейін.

«Өз үйім» бағдарламасы

Бұл бағдарламасы банк салымшыларына бірегей шарттармен жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік береді.

Ең төменгі бастапқы жарна – үй құнының 20%-ы.

Заем бойынша ең төменгі мөлшерлеме – 3,5% (ЖТСМ 3,6% – дан бастап), ең жоғары мөлшерлеме – 8,5% (ЖТСМ 8,8% – дан бастап), одан кейін 3,5-5% – ға дейін (ЖТСМ 3,6% – дан бастап) төмендейді.

Артықшылықтары қандай?

Бағалар нарықтағы үй құнынан төмен.

Құрылыс барысында-ақ үлестік қатысу арқылы үй сатып алуға болады.

Салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы және қанша үй сатып алайын деп жатқаны маңызды емес.

Салынып жатқан нысаннан пәтер таңдау мүмкіндігі қарастырылған.

Бағдарламаға қатысушылар салық жеңілдігін ала алады.

Үй сатып алатын жерде тіркеуде тұру міндетті емес.

Шарттары қандай?

«Өз үйім» бағдарламасына қатысу туралы өтініш берген сәтте шоттарында кем дегенде 500 000 теңгенің басын құраған банктің барлық салымшысы бұл бағдарламаға қатыса алады.

Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме заем түріне және өтініш берген қатысушының төлем қабілеттілігін анықтау сәтіндегі оның банктегі шотына қандай көлемде қаражат жинағанына байланысты анықталады.

Бастапқы жарна үй құнының 20%-ы мен 50%-ы аралығында.

Мөлшерлеме – 7% (ЖТСМ 7.3%-дан бастап), кейін 5%-ға дейін (ЖТСМ 5.2%-дан бастап) төмендейді.

Бастапқы жарна үй құнының 50%-ы.

Мөлшерлеме – 7% (ЖТСМ 7.4%-дан бастап), кейін 5%-ға дейін (ЖТСМ 5.3%-дан бастап) төмендейді.

Депозиттің ашылғанына кем дегенде 3 жыл болуы керек, жиналған қаражат үй құнының 50%-ын құрау тиіс және бағалау көрсеткіші жетуі.

«Ұмай» ипотекалық бағдарламасы

«Ұмай» бағдарламасы әйелдерге арналған. Онымен 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болады.

Негізгі шарттары:

Несие мөлшерлемесі – 13,5% (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 14,5%-тен бастап), кейін 5%-ке дейін (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – 5,2%-тен бастап) төмендетіледі;

Қарыз алу мерзімі – 6 ай мен 25 жыл аралығы.

Тұрғын үй таңдау жағынан шектеу жоқ. Бірақ қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 000 теңгеден аспауы тиіс. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 630 000 теңгеге дейінгі аралықта болса, тұрғын үй 20 проценттік алғашқы жарнамен беріледі. Сондай-ақ, осы бағдарлама бойынша баспананы жөндеу жұмыстарына да 3,7 миллион теңгеге дейінгі қарыз алу мүмкіндігі қарастырылған.

«2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары

Бұл бағдарламалар бойынша кредиттер 10% мөлшерінде бастапқы жарна болған кезде жылдық 2% және 5% (тиісінше 2% - дан және 5,2%-дан бастап) ставкалар бойынша беріледі. Несиелеу мерзімі – 20 жылға дейін.

Жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған келесі санаттағы азаматтар (жылдық 2% ставка бойынша қолжетімді қарыздарға (2%-дан бастап СЭС) үміткер бола алады:

- Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

- Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар;

-Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар.

Бағдарламаға қатысушылар тұрғын үйге кезекке қою күні мен санатына қарап іріктеледі. Әлеуетті қатысушыларды іріктеуде бірінші кезекте 1 және 2 топтағы мүгедектерге және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі.

5% мөлшерлеме бойынша займдар жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың барлық басқа санаттарына қолжетімді.

Мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтінімдерді қабылдау жылжымайтын мүлік порталында (otbasybank.kz) сатылатын объектілер шеңберінде жүзеге асырылады. Осы бағдарламалар бойынша жылжымайтын мүлікті займ арқылы алушы тұрғын үйге кезегінде тұрған аймақта сатып алуы тиіс.

«7-20-25» бағдарламасы

Аталған бағдарламаға сәйкес 7 проценттік кредитті 20 процент алғашқы жарнамен 25 жылға алуға болады.

Бағдарлама талаптары:

- өтінім берген адамның басқа баспанасы болмауы керек;

- ипотека тек жаңадан салынған үйлерге беріледі, құжаты да болуы шарт;

- баспананың бағасы шекті сомадан аспауы тиіс (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау мен Шымкентте – 25 миллион теңге, Қарағанды мен Түркістанда – 20 миллион, басқа аймақтарда 15 миллион теңге);

- 7 проценттік ипотеканы бір рет қана алуға болады.

Былтырдан бастап бұл бағдарламаға тоқсан сайын 100 миллиард теңгеден бөлуге шешім қабылданды. Ал лимит тез таусылып қалады. Бірақ ұлттық банк өз шешімін өзгертпейді. Себебі бағдарламаның ақшасын бірден бөліп берсе, баспана нарығында сұраныс күрт көтеріледі. Салдарынан баға өсіп кетеді.

Цифрлық ипотека

Өтініш берушінің жасы 21-ден асқан болуы керек;

Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады;

Берілетін қарыздың ең аз сомасы – 3 миллион теңге;

Несиенің ең жоғары сомасы – 70 миллион теңге;

Бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі 16 пайыздан басталады;

Цифрлық ипотека барлық қажетті құжаттарды онлайн алуға рәсімдеуге мүмкіндік береді;

Бағдарламада 1965 жылдан бері салынған үйлердегі ауданы кемінде 29 шаршы метр болатын пәтерлерді таңдауға болады;

Табысты міндетті түрде растау қажет (егер бастапқы жарна 50 пайыздан асса, ішінара растауға болады);

Ипотека 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі;

3 қосалқы қарыз алушыны қосуға болады;

Кез келген уақытта толық/ішінара мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі қарастырылған.

«Жас отбасы» бағдарламасы

Бұл бағдарламаға заңды некеге тұрғанына 5 жылдан аспаған отбасылар қатыса алады. Ол үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі де Отбасы банкінен депозит ашып, кемі бір жыл қаражат жинауы шарт. Сондай-ақ, несие рәсімдеу уақытына дейін аталған депозитке сатып алатын тұрғын үйдің 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткішін 5 ұпайға жеткізу қажет. Айта кетейік, жұбайлардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды.

Мөлшерлеме – жылдық 6 пайыз (ЖТСМ 6,3 пайыздан басталады);

Несие сомасы – 100 млн теңгеге дейін;

Несие мерзімі – 6 жылдан 9 жылға дейін.

«Жас отбасы» бағдарламасының артықшылығы – несиені жаңа не қолданыстағы үй не пәтерді сатып алып қана қоймай, жер үй салуға не үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге де пайдалануға болады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға