Жаңалықтар

Бас мүфти қаңтар оқиғасының құрбандарына құран бағыштады

Бас мүфти қаңтар оқиғасының құрбандарына құран бағыштады
Фото: ҚМДБ 05.01.2024 23:14 723

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Республикалық бас мешітте жұма уағызын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мешіт жамағатына «Әрбір істі ықыласпен орындау» тақырыбында насихат айтқан ҚМДБ Төрағасы: «Алла Тағала қасиетті Құранда: «Асылы, олар тек қана хақ діннен ауытқымай, Аллаға шын ықыласта болып, Оған құлшылық етуге, намаз өтеуге, зекет беруге бұйырылған.

Нағыз тура дін міне – осы», – деп айтқан («Бәйина» сүресі, 5-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағала тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді», – деген.

Ал Әзіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Істің көптігіне емес, аз болса да ықыласпен істеуге көңіл бөлу керек», – деп ықыластың маңыздылығын айтқан екен. Сондықтан мұсылман адам әрбір ізгі ісін бір Алланың разылығын көздеп, көзбояушылықтан, мақтанудан аулақ болуы тиіс. Сонда ғана қабыл болады» деп атап өтті.

Жұма намазынан кейін Бас мүфти жамағатпен бірге қаңтар оқиғасынан қаза тапқан марқұмдардың рухына арнайы Құран аяттарын бағыштап, Жаратқаннан жарылқау тіледі, - деп жазды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға