«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымды сәтті бастады. Алғашқы матчта Новосібірдің «Сібір» командасын 7:1 есебімен ойсырата жеңді.
Матч басталар алдында бір минут үнсіздік жарияланды. Осылайша, хоккейшілер 15 жыл бұрын әуе апатынан қаза тапқан «Локомотив» хоккей командасының ойыншылары мен қызметкерлеріне тағзым етті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жаңа маусымдағы алғашқы қадам
Астаналық команда атынан алаңға шыққан бесеуге келсек, қақпада – Хантер Шепард, қорғаныста – Масси мен Дэй, ал шабуыл шебінде Морелли, Пилон мен Бэйли бар. Көргеніңіздей, негізгі құрам шетелдік ойыншылардан жасақталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ә дегеннен «Барыс» белсенді ойнап, «Сібір» қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. 13 минутта Всеволод Логвин Симонов берген шайбаны қақпаға асырды. Сөйтіп, бұл шайба астаналық клубтың ҚХЛ-дың жаңа маусымындағы алғашқы голы болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Десе де «Сібір» командасы ширак қимылдап, есепті теңестіруге күш салды. Бірде «Барыс» ойыншысы Масси екі минутқа алаңнан қуылды. Бірақ қарсыластар ұрымтал тұсты пайдалана алмады. Астаналық клуб қақпасына соққы өткізбеді.
Кезең сайын ширай түсті
Екінші таймда ойын түрлене түсті. Дінмұхамет Қайыржан есепті еселесе, Джастин Бэйли дубль жасады. Одан кейін Чейз Приски мен Семен Симонов гол соқты.
«Барыс» үшінші таймда да басымдық танытып, Гаретт Пилон шайба соқты. Ал матчтың аяқталуына алты жарым минут қалғанда ғана новосібірліктер есеп айырмасын қысқартты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Осылайша, Михаил Кравец шәкірттері ойынға тың дайындықпен келгенін, маусымнан мол үміт күтетінін көрсетті. Қақпашы Хантер Шепардқа ойынның үздігі болды. Оның қақпаны күзетіп қана қоймай, нәтижелі пас бергені бар.
Жауапты ойын күтіп тұр
«Барыс» келесі кездесуін 9 қыркүйекте өз алаңында өткізеді. Олар Уфаның «Салават Юлаев» командасына қарсы тұрып көрмек. Деректерге сүйенсек, биыл клуб басшылығы «Барысқа» плей-оффқа шығу міндетін қойған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жалпы, кейінгі төрт маусымда астаналық клуб ҚХЛ-дың үздік сегіздігіне енген еді.
«Салават Юлаев» қандай команда?
«Салават Юлаев» клубын бірнеше маусым қатарынан Виктор Козлов баптайды. Команда өткен маусымда чемпионатта 5 орын алды. 68 матчта 180 шайба соқты.
Биыл құрамда жас та, тәжірибелі де хоккейшілер бар. Ішіндегі ең танымалы – Вадим Шипачев. 39 жастағы әккі шабуылшы ҚХЛ-дың бірнеше клубында ойнаған. Одан бөлек клубта канадалық шабуылшылар Девин Броссо, Шелдон Ремпал, Джек Родуолд бар. Қорғаныста 40 жастағы белді ойыншы Григорий Панин тағы бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
ҚХЛ-дағы қос команданың текетіресіне келсек, «Барыс» пен «Салават Юлаев» 66 рет кездесу өткізген. Соның 39-сында уфалық жігіттер жеңіске жетсе, 27-сінде «Барыс» басым түскен. Шайбалар бойынша есепте 222:169 ұпаймен «Салават» алға шығып тұр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал өткен маусым бойынша анализ жасасақ, қос команда төрт рет матч өткізді. Соның үшеуінде «Салават Юлаев» жеңіске жетті:
- 5 қараша 2025 – «Барыс» 1:2 «Салават Юлаев»
- 21 қараша 2025 – «Барыс» 2:1 «Салават Юлаев»
- 27 қараша 2025 – «Салават Юлаев» 7:4 «Барыс»
- 10 қаңтар 2026 – «Салават Юлаев» 3:1 «Барыс»
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондықтан 9 қыркүйек күні «Барыс» үшін нағыз шайқас күтіп тұр. Өйткені «Салават Юлаев» астаналық клуб үшін ыңғайсыз қарсылас. Десе де «Барыс» атына лайық өнер көрсетеді деп үміттенеміз.
Айта кетерлігі, әлеуметтік желідегі парақшаны қазақша жүргізу туралы сынды қабылдап, түзете бастағанның бірі осы – «Барыс» клубы. Кейінгі кезде олар күніне 24 жазба жарияласа, соның 12-сі қазақша жазылған.