UFC президенті әрі бас директоры Дана Уайт Абу-Дабиде болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді.
Төбелес PFL чемпионы Усман Нурмагомедов пен UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили арасында болған. UFC 334 турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында Уайт болған жағдайды «ақылға қонымсыз әрекет әрі ақымақтық» деп бағалап, жанжалға қатысқандарды қатаң сынға алды.
Бұл топастар не істеп жүр өзі? Ақылға қонбайтын жағдай ғой. Нағыз ақымақтықтың көкесі. Енді бәрі түрмеге қамалды. Біріккен Араб Әмірліктері мұндай бассыздық жасауға болатын жер емес, – деді Дана Уайт.
Dana White calls Usman Nurmagomedov and Merab Dvalishvili “f*cking idiots” 😅 “Now they’re all in jail in Abu Dhabi.” https://t.co/5awLWPy5Uj
— Happy Punch (@HappyPunch) November 13, 2026
Абу-Дабидегі қонақүйде не болды?
Оқиға 2026 жылғы 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйдің холында, Real American Freestyle (RAF) турнирі қарсаңында болған. Сол кезде Мераб Двалишвили сұхбат беріп тұрған. Кенет оның артынан PFL-дің жеңіл салмақтағы чемпионы Усман Нурмагомедов бірнеше адаммен бірге келіп, грузиялық спортшыға тіл қатқан. Бейнежазбада Усманның Двалишвилиді шапалақпен ұрғаны көрінеді.
Осыдан кейін екі тараптың адамдары арасында жаппай төбелес басталған. Видеодан Мераб Двалишвили мен оның досы, балуан Саба Лазишвилидің жарақат алғанын көруге болады.
🚨 Full footage of the scuffle between Usman Nurmagomedov and Merab Dvalishvili https://t.co/SGJzkQdFif
— Red Corner MMA (@RedCorner_MMA) November 11, 2026
Кейін Мераб әлеуметтік желіде беті қан-жоса болған видеосын жариялап, қарсыластарының әрекетін сынға алды. Оның айтуынша, Усман мен қасындағы адамдар лас қадамға барды.
Мен RAF турниріне қатысты сұхбат беріп тұрғанмын. Сол кезде Усман мен оның достары білдірмей артымнан келіп, маған және жас досыма тап берді. Сендер өздеріңді кім деп санайсыңдар? Мұндай әрекетке қандай ер адам барады? – деп айтты Двалишвили.
Абу-Даби полициясы төбелеске байланысты он адамның ұсталғанын растады. Олардың сегізі жанжалға тікелей қатысқан, ал екеуі оқиғаны видеоға түсірген.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, іс прокуратураға жолданған. БАӘ заңнамасына сәйкес, Усман Нурмагомедовке бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе айыппұл салынуы мүмкін. Ал үш және одан да көп адамның бірігіп шабуыл жасауы жазаны күшейтуі мүмкін.
Мераб пен Нурмагомедовтер командасының арасындағы дау қайдан шықты?
Екі тарап арасындағы келіспеушілік бүгін басталған жоқ. 2025 жылғы қаңтарда UFC 311 турнирінде Мераб Двалишвили Умар Нурмагомедовті төрешілердің ортақ шешімімен жеңіп, жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғап қалған еді.
Сол жекпе-жек қарсаңында грузиялық спортшы Умарды «ерке балаға» теңеп, оны қарсыластарына құрмет көрсетпейді деп сынаған.
Ал 2026 жылдың жазында Грузияда өткен RAF турнирінде де екі тараптың командалары арасында жанжал болған. Сол кезде Двалишвили Нурмагомедовтер командасымен байланысы бар Дағыстан балуанына қол көтерген.
Ислам Махачев Усманды жақтады
Бұл оқиғаға UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев те пікір білдірді. Ол отандасы Усман Нурмагомедовті жақтап, жанжалға қатысты жауапкершілікті Мераб Двалишвилидің өзіне жүктеді.
Махачевтің айтуынша, қазір Усман мен оның командасын сынап жатқандар Двалишвилидің бұған дейінгі әрекеттерін де естен шығармауы керек.
Қазір Усман мен жігіттерді айыптап, оларға тіл тигізіп жатқандарға сұрағым бар: Мераб еш себепсіз Дағыстан балуанын ұрып, оның намысына тиген кезде неге үндемедіңдер? Сол кезде оның жаман ойы болған жоқ, ол тек сөйлесу үшін жанына барған еді.
Бүгінгі жағдайға Мерабтың өзі себеп болды. Ол қонаққа келген адамға қол көтеріп, анасына тіл тигізді, – деп жазды Махачев әлеуметтік желідегі парақшасында.
RAF турниріндегі жекпе-жектер кейінге қала ма?
Оқиғадан кейін Усман Нурмагомедовтің RAF турниріне баруына тыйым салынғаны хабарланды. Ал Мераб Двалишвили Марлон Мораеспен, Умар Нурмагомедов Юрайя Фейбермен жекпе-жек өткізуі тиіс еді. Алайда қазір олар қамауда отырғандықтан, турнирге қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз.